Зейнеттің де алуан санаты бар

0 78

Еліміздегі зейнетақымен қамсыз­дан­дырудың ағымдағы жағдайын сөз етуден бұрын мына деректерге тоқталғым келеді. Қала бойынша 55 452 мың зейнеткерге қызмет көрсетіліп, осы мақсатта ай сайын республикалық бюджеттен 1 млрд 800 мың теңге бөлінеді.

Қазіргі таңдағы зейнеткерлерді үш санатқа бөлуге болады. Олар – құрметті еңбек демалысына 1991 жылға дейін шық­қан, өтпелі кезеңде (1991 жылдан 1997 жылға дейін) шыққан және зейнетке 1998 жылғы реформадан кейін шыққан зейнеткерлер. Оларды қолданыстағы – базалық, міндетті және ерікті деңгейлерден тұратын көп деңгейлі зейнетақы жүйесімен қамтамасыз ету қарастырылған.

Бұған қоса, зейнет жасына жеткендерге (1998 жылдың 1 қаңтарға дейінгі ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқанын ескере отырып) базалық зейнетақы төленеді. Ол еңбек өтілі мен бұрынғы табыс мөлшеріне қарамастан, баршаға бірдей шамада белгіленеді.

1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өткен кезде зейнетке шығатын азаматтардың 1998 жылғы 1 қаңтарға де­йінгі жағдай бойынша кемінде алты ай ең­бек өтілі және 1995 жылдан бастап қата­рынан үш жыл қатарынан жалақы алған жағдайда бюджеттен ынтымақты зейнетақы алу құқы сақталды. Толық зейнетақы тағайындау үшін міндетті еңбек өтілі әйелдер үшін 20 жылды, ал ерлер үшін 25 жылды құрайды.

Зейнетке шығар кезде еңбек өтілі бол­ғанымен, белгілі бір себептерге байланыс­ты табысы туралы мәліметтерді тапсыра алмаған жағдайда ең төмен зейнетақы та­ға­йындалады. Ол – 19 066 теңгені құрайды.

2013 жылы орташа зейнетақы мөлшері (1 наурыздағы жағдай бойынша) – 32 582 теңгені, оған базалық зейнетақы төлемін қосқанда – 41 912 теңгені құрайды.

Алдын ала белгіленген жағдайларға қарай ынтымақты зейнетақыны таға­йын­дап, төлеу ісі шамамен 2043 жылға дейін сақталады.

Зейнетақы жүйесіндегі ықтимал өзге­рістер мен төлеу жүйесіндегі жаңа ахуалды сараптай келе, мынадай нұсқа нобайын келтіруге болады.

Ең алдымен, зейнет жасына жеткендердің зейнетақы жүйесінің құрамдас бөліктеріне қатысу, қатыспау сипатына қарай бірнеше топқа бөлу қажет болады.

Бірінші топқа тек ынтымақты зейнетақы жүйесіне қатысушы болған азаматтар жатады. Бұлар – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандар және 1998 жылғы 1 қаңтарға еңбек өтілі болған зейнеткерлер. Олар қазіргі кезде ынтымақты зейнетақы жүйесінен зейнетақысын және базалық зейнетақы төлемін алады. Екінші топқа аралас зейнетақы жүйесінің, яғни, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қатысушысы болып табылатын азаматтар жатады. Оларға 1988 жылдан кейін зейнетке шыққан адамдар да, бүгінгі таңда зейнетке шығып жатқан адамдар да кіреді. Олардың зейнетақы төлемі ынтымақты, жинақтаушы және базалық зейнетақы төлемдерінен тұрады. Үшінші топ тек жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушы болып табылатын азаматтардан тұрады. Олардың қатарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі болмаған не өтілі 6 айдан аз адамдар кіреді. Олардың зейнетақы төлемі тек жинақтаушы және базалық зейнет ақыдан тұрады. Бұған қоса, ынтымақты жүйенің де, жинақтаушы жүйеге де қатыспайтын адамдар үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы мөлшерінде жасына байланысты мем­ле­кеттік әлеуметтік жәрдемақы алу құқы сақталатын болады.

Дәмежан СӘДУАҚАСОВА,
Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының Астана қалалық филиалының директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 2 =