Зейнетақы жүйесін модернизациялау қажет

0 126

Үкімет «Қазақстандағы зейнеткерлік қамсыздандыру туралы» және «Қазақстан Республикасының зейнеткерлікпен қамсыздандыру жөніндегі кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын мақұлдады.

Үкімет отырысында аталған заң жобаларын ұсынған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің айтуынша, жобаның жаңалығы екеу. Бірі – жұмыскердің зейнетақы қорына жалақысының 5 пайызы көлемінде міндетті кәсіби зейнетақы жарнасын аудару, екіншісі – 2014 жылдан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасын біртіндеп көбейту.

Жоба бойынша, министрлік әйелдердің зейнетке шығу жасын келесі жылдан бастап 10 жыл ішінде қазіргі 58 жастан 63 жасқа дейін ұлғайтуды көздейді.
Бұл бастаманы «Ұлттық банк» атынан бас банкир Григорий Марченко да қолдап отыр. Оның айтуынша, бұл реформа әйелдер мен ерлердің теңдігін қамтамасыз етеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің емеуріні де осындай. «Әйелдер зейнетақы жинақтау жүйесіне 5 жылға кем қатысып жүр. Бұнысы өздерінің алатұғын зейнетақы мөлшеріне де ықпал етіп жатыр», – дейді ол.

«Мемлекеттiк зейнетақы төлеу орталығы» РМҚК Астана қалалық филиалының директоры Дәмежан Сәдуақасова да мұны жоққа шығармайды.

«Біз 1998 жылға дейін 1956 жылғы зейнетақы туралы заңмен жұмыс істеп келдік. Сонда бір ғана заңның екі томдық түсініктеме кітабы болушы еді. Бұл, әрине, зейнетақы саласының өте күрделі екенін білдіреді. Өйткені, ол әлеу­мет­тің тікелей тұрмысына, күнкөрісіне бай­ла­­нысты нәрсе. Өзім отыз жылдан бері осы салада қызмет етіп келе жатқандықтан, мен бұл мәселенің қандай өзекті екенін жақсы білемін. Күнделікті азаматтармен бетпе-бет келгенде де көп жағдайда өзгеріс керек екені аңғарылады. Мен, әрине, қазір Парламентке жіберілген заң жобасы өте ұтымды жасалған деп, оны талдап бере алмаймын. Бірақ, зейнетақы саласын модернизациялау қажет екені анық. Оны уақыт талабына сәйкестендіру керек», – дейді ол.

Орталық басшысының айтуынша, еңбек еткен әрбір азамат ертең дұрыс зейнетақы алғысы келеді. Ал, қазіргі елдегі әйелдердің жинақтаушы зейнетақы қорына түсіп жатқан қаражаты аз. Тіпті, жұмыс істейтін, бірақ зейнетақы қорына ақы аударылмайтын азаматтар да бар. Ал олар ертең қалай күн көреді? Қандай қаражатпен өмір сүреді? Осыны ойлану керек.

Хош. Әзірге Үкімет бекіткен заң жобасы Парламентке енді жіберіліп отыр. Оны пісіріп, жетілдіру – депутаттардың мойнында.

Ал әзірге «Мемлекеттiк зейнетақы төлеу орталығы» РМҚК Астана қалалық филиалында мәселені талқылап, көптің пікірін білу, ойды ортаға салу, ұсыныс-тілектерді қабылдау мақсатында бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Мекеме осы мәселе бойынша арнайы мамандардың басын қосып, дөңгелек үстел өткізбек.
Зейнетақы жүйесінде қызмет ететін маман­дар­дың қай-қайсысы да, егде азаматтардың қо­­мақты зейнетақы алғанын қалайды. Ендеше, Үкімет қолға алған реформа да түбі осы мақсатқа ике­­мделе түсетініне сенім мол.

Н.БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − eleven =