Зейнетақы жинағын қандай мақсатқа жұмсай алаcыз?

0 79

2021 жылдан бастап БЖЗҚ салымшылары зейнетақы жинақтарының бір бөлігін үш түрлі мақсатта пайдалана алады. Бірақ алатын соманың 10 пайызын салық ретінде төлеуі көкейге қонбай, көпшіліктің талқысындағы мәселеге айналған еді. Жолдаудағы сол жаңалықтың айтылғанына екі ай өтпей Мәулен Әшімбаев бастаған сенаторлар халықтың сөзіне құлақ асты. Олар Салық кодексіне енгізілетін түзетулердің ішінде осы жинақтан алған сомаға салықты бөліп төлеу мүмкіндігін қарастырды.

Екі қолын ысқылап, алдағы жаңа жылды жинағы үшін де асыға күтіп отырған жарты миллионнан астам қазақстандыққа бұл хабар «сүйінші» жаңалық болып жетті. Себебі зейнетақы жинағынан алатын қаржыға бір реттік болса да салық төлеу қазіргідей күрделі кезеңде қарапайым халық үшін тиімсіз. Ең кемі қолына 500 мың теңгедей ақша түсетін жинақтаушының өзі сол сома үшін салық ретінде қорға 50 мың теңгесін тастап кетеді. Бұл тиын санап отырған көптеген адамдарға аса жайлы тимесі анық. Сондықтан 12 қарашада Сенат Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді қабылдады. Соған сәйкес азаматтар аталған бір реттік табыс салығын төлемеуге мүмкіндік алатын болды. Сенаторлар бұл төлемді кейінге шегеруді және бірнеше жылға бөліп төлеуді ұсынды. Яғни тиісті салық тек зейнетке шыққан кезде ғана төленеді. «Төлемді бірден жасамай, 16 жылға бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылды. Ал азаматтығын ауыстырғысы келгендер зейнетақы жинағынан ақша алғаны немесе оның бір бөлігін пайдаланғаны үшін төленетін салықты бірден және толық өтеуге міндетті» деп түсіндірді М.Әшімбаев жоғары палатаның жалпы отырысында.

Қай ел тәжірибесі озық?

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» (БЖЗҚ)АҚ Нұр-Сұлтан қалалық филиалының басқарушы директоры Мұрат Шәріповтің айтуынша, зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныстарды талқылау кезінде Австралия, Швейцария, Сингапур, Малайзия, Мексика сияқты жинақтау­шы зейнетақы жүйесі бар елдердің тәжірибесі қаралған. Алайда бұл елдерде зейнетақы жарналарының жиынтық мөлшері Қазақстандағы міндетті зейнетақы жарналары ретінде табыстан ұсталатын мөлшерден әлдеқайда жоғары.
– Мысалы, Сингапурда ай сайынғы жарнаның мөлшері шамамен 37%-ды құрайды, яғни 17% – қызметкерден, 20% жұмыс берушіден алынады және әртүрлі мақсатты тағайындаулары бар 3 шот арасында бөлінеді. Жарна мөлшері және шоттар арасында жарнаны бөлу қызметкердің жасына байланысты болады, – дейді М.Шәріпов.
Швейцарияда міндетті кәсіптік зейнетақы жүйесіне жарналардың мөлшерлемесі жасына байланысты және орташа табысы бар қызметкер үшін шамамен 16,6%-ды құрайды. Онда қызметкер жұмыс берушінің зейнетақы жоспарына қатысуға, ал жұмыс беруші қызметкердің жарнасының кем дегенде 50%-ды төлеуге міндетті. Яғни, жоғарыда аталған елдердің барлығында зейнетақымен қамсыздандыруды қызметкер де, жұмыс беруші де қалыптастырады, сондықтан зейнетақы жинақтары әлдеқайда жоғары және оларды балама мақсаттарға пайдалануға мүмкіндік бар.
Посткеңестік елдер жинақтаушы жүйені енді ғана енгізе бастады, өйткені мұндай жүйе бюджетке едәуір жүктеме түсіреді және зейнетақы жасы мен жұмыс істейтін халықтың салығын біртіндеп арттыруды талап етеді.
Жалпы мемлекет тарапынан зейнет жасындағы азаматтарын қаржылай қамтамасыз ету тарихына 100 жылдан асыпты. Әлемде мемлекеттік зейнетақы беру алғаш Германияда басталған екен. Ұлыбритания мен Австралия содан 20 жыл кейін, АҚШ өткен ғасырдың 30-жылдарында зейнетақы жүйесін енгізген.
Бүгінде Америкадағы 90 пайыз зейнеткер мемлекеттік зейнетақы алады. Оның көлемі орташа есеппен жалақысының 50-ден 80 пайызға дейінгі көлемін, яғни шамамен 700 долларды құрайды. Жалдамалы жұмыс­керлердің зейнетақы қорына төлейтін жарнасы – 7,5 пайыз. Ал суретші, адвокат, кәсіпкер секілді еркін кәсіп иелері тапқан табысының 15 пайызын зейнетақы жинағына аударып отырады. Мүлдем жұмыс істемеген азаматтарына Құрама Штаттар бюджеттен 280 доллар төлейді.
Ер-азаматтары – 65, әйел адамдары 60 жаста зейнетке шығатын Ұлыбританияда зейнетақы қорына 10 пайыздық жарна жұмысшы тарапынан тек жылына 2366000 фунттан аспайтын жалақы алса ғана төленеді. Біріккен корольдіктер өз азаматтарына төменгі зейнетақы беруге кепілдік беріп, олардың қорға көлемді салым салуына мәжбүрлемейді. Бұл – әркімнің жеке шаруасы.

Көбінің ойы – баспана

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықтың жинағын қайда жұм­сауына қатысты болжам жасады. Министрлік мамандарының пікірінше, жинағын алатын елдің көбі, шамамен 80 пайызы алған қаржысын баспана алуға жұмсағысы келеді. Бұл туралы министрліктің департамент директоры Виктория Шегай айтқан еді. Қалған 10-15 пайызы ақшасын өзі мен жақындарының ем-домын төлеуге жұмсап, 5 пайызы ғана қаржы компания­ларының сенімді басқаруына беруді көздейді.
Жинағын баспана алуға жұмсаушылардың көп болуы нарықтағы жылжымайтын мүлік бағасының көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін. Сарапшылар осылай деп болжай келе, тұрғын үй Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында қымбаттайды, қалған қалаларда тұрақты баға сақталады деп есептеп отыр. Үй сату мәселесінде тәжірибелі риелторлардың бірі Айжан Балташева нарықта тұрғын үй сату бойынша ұсыныстар көп екенін және жаңа тұрғын үйлер көп салынып жатқанын айтады. Карантинге дейін ондай ұсыныстар тым көп болған, қазір сәл саябырсыды. Оның болжамынша, енді нарық қайта тіріліп, ал баға тек 5-10 пайызға ғана көтерілуі мүмкін. Дегенмен экономистер былтыр елімізде үй сату жөнінен 320 мың сату және сатып алу мәмілесі жасалғанын айта келе, келесі жылы ел зейнетақы жинағын шығарып ала бастағанда мұндай мәмілелер 33 пайызға артады деп болжауда.
Индустрия және инфра­құрылымды дамыту министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, жинақ ақшаны баспана мәселесіне қатысты 5 бағытта жұмсауға болады. «Бірінші, жаңа немесе бұрынғы үйлерден баспана алуға банктерден несие алу үшін бастапқы жарна ретінде салуға, екінші, ипотекалық несиені қайта қаржыландыруға, үшіншіден, ипотека несиесін толық немесе ішінара төлеп тастауға, төртіншіден, үй салу үшін жер телімін сатып алуға, бесіншіден, тұрғын үй аймағын ұлғайтуға алуына болады» дейді ол.
Қордан қолға тимейді

Қордағы жинақ қолма-қол берілмейтіні белгілі. Бірыңғай оператор осылайша қолданылатын қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді. Тұрғын үй мәселесін жақсарту жайы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» базасында құрылатын «Отбасы» банкі арқылы реттеліп, жинақтаушының баспана алуына жұмсалады. Мәселен, тұрақты жұмысы бар, қордағы жинағының «жеткіліктік деңгейінен» ауысатын ақшасы 2,5-3,5 млн теңге болатын 30 жас шамасындағы жұбайларды алайық. Олар бірге де, бөлек те өз жинақтарын үй алуға, мысалы елордадан 1 бөлмелі пәтер сатып алуға жұмсай алады. «Елордада мұндай пәтерлер құны 11 млн теңге көлемінде. Олардың өз жинағын бастапқы жарна ретінде пайдалануға мүмкіндігі бар» дейді Виктория Шегай. Оның айтуынша, бұл жастар ­«7-20-25», «5-10-20» бағдарламалары бо­йынша кез келген екінші деңгейлі банктерге ипотекалық несие ресімдеуге хабарласа алады. Содан соң «Отбасы» банкіне шығып, зейнетақы жинағын қолдану құқығы бар-жоқтығын және жинағының жеткіліктілігін тексертеді. Аталған банк соны растағаннан кейін үш жақты келісімшартқа отырады. Осылайша керекті қаржы банк арқылы бірден пәтерді сатушының шотына аударылады. Сөйтіп зейнетақыдағы жинақ «өз иесіне» қолма-қол ешқашан берілмейді.

Денсаулығын түзегісі келсе…

Жинақтың бір бөлігін денсаулығын түзеуге жұмсағысы келетін жинақтаушылар еміне төлем жасау үшін республикалық маңыздағы қалалар, облыстар көлеміндегі денсаулық сақтау басқармаларының жанынан құрылған арнайы комиссияға жүгіне алады. Алдымен медициналық көмек көрсету қажеттілігі туралы комиссия шешімі шығарылады. Содан кейін азаматтар емделетін клиникасын таңдайды. Бұдан соң емдеу ақысын төлейтін кезде зейнетақы жинағын мақсатты жұмсау бойынша өкілетті операторға өтінім беріледі.

Сенімді басқаруға берсе…

ҚР қаржы нарығын дамыту және реттеу бойынша агенттік төрағасының орынбасары ­Мария Хаджиеваның айтуынша, жинақты жұмсаудың үшінші бағыты – қаржыны жеке компаниялардың сенімді басқаруына берудің бірнеше артықшылығы бар. «Біріншіден, жинақтаушы өзінің зейнетақы активтерін басқаруға қатысу құқығына ие болады. Сонымен қатар олар өзінің жеке зейнетақы жоспарын құрып, жинағын инвестициялау­дың баламалы саясатын таңдай алады. Сондай-ақ өзінің «тәуекел-тәбетінің» деңгейіне сәйкес табысқа кенелуіне мүмкіндігі бар» дейді М.Хаджиева.
Қаржылай басқару компаниясының жұмысына көңілі толмаған жағдайда азаматтар өз жинағын басқа басқарушы компанияға аудара алады немесе БЖЗҚ-ға қайтаруына болады.
Жинағын алатын азаматтарға тұрғын үй жағдайларын жақсарту тәртібін ҚР Индустрия және инфра­құрылымдық даму министр­лігі, медициналық көмек алуға азаматтарды жіберу қағидаларын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру ретін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі белгілейді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 2 =