Зейнетақы жинағын қалай жаратамыз?

0 38

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев пен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова журналистермен кездесу өткізіп, азаматтардың зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін алу ережесін түсіндірді.

Қаражатты қайда жұмсауға болады?

Азаматтар зейнетақы жинағының бір бөлігін кез келген жерден, яғни екінші нарықтағы қалалық немесе ауылдық жерлердегі үйлерді сатып алуға жұмсай алады. Ал зейнетақы қорындағы жинағынан шектік мөлшерден артылған соманы жаңадан сатып алған пәтерін жөндеуге жаратуына болады. Бірақ жеке меншігіндегі бұрыннан бар үйлерін жөндеуге рұқсат берілмейді. Зейнетақы қорындағы шектік мөлшерден артылған соманы азаматтар депозиттерін толтыруға ала алмайды, тек ипотека арқылы пәтер сатып аларда бастапқы жарнаны толтыру үшін қолдануға мүмкіндігі бар.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымының айтуынша, зейнетақы қорындағы жинақтарының шектік мөлшерінен артылған бөлігін азаматтар емдік мақсатта қалай пайдалануы керектігі жөніндегі ереже осы айдың соңында бекітіледі.

Зейнетақы қорындағы жинақтың бөлігін пайдалану жөнінде ақпарат алуға арналған сайт атауы – enpf-otbasy.kz
Бүгін сағат 9.00-ден бастап портал іске қосылады. Онда тұрғындар ЭЦҚ арқылы өздерінің есеп-шоттарын тексеріп, басқа да ақпараттар алады. Сонымен қатар онлайн форматта өтінім де жіберуге болады. Зейнетақы қорындағы жинақтың белгілі бір бөлігін ипотекалық емес, бірақ баспанасына жөндеу жүргізу үшін алған несиені жартылай жабуға мүмкіндік бар. Ол үшін екінші деңгейлі банкпен несие рәсімдеген кездегі келісімшартта «баспананы жақсарту мақсатында» деген пункт міндетті түрде көрсетілуі керек. Егер келісімшартта ондай пункт бар болса, онда несиеңізді жартылай жаба аласыз.

Қаражат есепшотқа қашан түседі?

Өтініш екі күн ішінде қарастырылады. Егер мақұлданған жағдайда ол тиісті есепшотқа 5 жұмыс күн ішінде түсуі тиіс. Процесс 7 күн ішінде жүргізіледі. Азаматтар ипотека рәсімдеуден бас тартқан жағдайда өтінімді екінші рет 45 күннен кейін ғана бере алады.
Егер ипотека арқылы сатып алмақ болған пәтердің қожайыны сізге үйін сатудан бас тартса, зейнетақы қорындағы жинағыңыздан аударылған қаржы 45 күннен кейін қайтадан зейнетақы қорындағы есепшотыңызға түседі. Өтінім мақұлданған соң құжат жинауға 45 күн уақыт беріледі. Екінші рет өтінім беру үшін сол себепті де 45 күн күтуіңізге тура келеді.
Зейнетақы қорындағы жинағы азаматтың жасына сәйкес межеленген сомаға жетпесе ерлі-зайыпты­лардың жинақтарын қосып, содан артылған қаржыны алуға мүмкіндік қарастырылған. Жақын туыстарының жинағынан артылған қаржыны да алуына болады. Ол үшін жақындарының келісімі керек.

Пәтерді 5 жылға дейін сатуға болмайды

Зейнетақы жинағы арқылы алынған пәтерді 5 жылға дейін сатуға болмайды. Ипотекалық несиені толықтай алдын ала өтеп тастаған жағдайда ғана жылжымайтын мүлікті сатуға құқығы бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 7 =