Зейнетақы жинағын пәтерге жаратты

0 39

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында 2021 жылы БЖЗҚ-ның 700 мың салымшысы өз жинақтарының бір бөлігін баспана сатып алуға, емделуге немесе басқарушы компаниялар басқаруына беру үшін шешіп ала алатынын айтқан еді. 23 желтоқсанда тиісті түзетулер пакеті Парламентте мақұлданып, 2 қаңтарда Тоқаев тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақының бір бөлігін алу туралы заңға қол қойды. Отбасы банк баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда 121000 адам арнайы шот ашқан, 105000 өтініш жолданған, 61638 өтінішті БЖЗҚ мақұлдаған.

Әйгерімнің жасы 44-те, елордада 2002 жылдан бері тұрады. Мамандығы – қаржыгер. ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінде жұмыс істейді. Бір жерде ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Әйгерімнің зейнетақы қорында 14 млн теңгедей ақша болған. 44 жастағы адамның зейнетақы жинағының жеткілікті шегі 3 млн 820 мың теңге болуы керек, бұдан Әйгерімге тиесілі соманың қомақты екенін шамалауға болады. Бірақ соның өзі пәтер алуға аздау дейді. Ол «Салымшы қаржыны тек жұбайы, ата-анасы не туғандарының баспана жағдайын жақсартуға, емдеуге пайдаланады» деген ережеге сүйене отырып, өзінің туған ағасынан көмек сұраған. Ағасы көмек қолын созған. Екеуі арнайы шот ашып, өтінім берген. «Бұл үшін www.enpf-otbasy.kz платформасында «жақын туысына қаражат табыстау» деген тетікті таңдап, табыс­тау қажет соманы көрсетіп, ағамның ЖСН-ін жаздым. Бір аптаның ішінде қаражат түскені туралы смс-хабарлама келді. Ағамыз екеуміздің туыс екенімізді растайтын құжаттарды жүктедім. Үш күннен соң «Құттықтаймыз, Сіздің өтінішіңіз өңделді және аяқталды» деп тұрды. Жеке кабинетіме кіріп ағамның қаражатын қабылдау үшін «келісімді» басып, ЭЦҚ арқылы қол қойып, қаражаттың шотта тұрғанына көз жеткіздім. Өзіме ұнайтын тұрғын үйден пәтерді броньдап қойдым, енді «Базис» компаниясымен үлескерлік қатысушы келісімшартын жасасып, оны тіркеуге, ХҚКО, одан әрі «Отбасы банкке» жіберем» дейді ол. Ақша 45 күн шотта тұрады. Әйгерім сол 45 күннің ішінде ақшаны қай жаққа аударатынын және мақсатын тағайындап, үшінші тұлғаның деректемелерін жазып, анықтауы керек.
Жас отбасы Илья мен ­Оксана да осы жоба бойынша жолы болған бақытты жандар. Оксана қуанышын былайша білдірді: – Мен баламен үйде отырмын, күйеуім жұмыс істейді. Екі баламыз бар. Өз баспанамызға қол жеткізсек деп жүр едік. Ақпарат құралдары арқылы зейнетақы қорындағы ақшаны баспана алуға пайдалану туралы хабарды естігелі пәтер аламыз деп шештік. БЖЗҚ Отбасы банк сайтында өтініш қабылдаған бірінші күні өтініш бердік. 1 ақпанда ақша арнайы шотқа түсті. 2 ақпанда несиеге өтінім бердік. Оны екі минут ішінде мақұлдады. Біз қатты қуандық. Бұл баспана алуды мақсат еткен отбасылар үшін тамаша мүмкіндік деп ойлаймын. Біздің қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өз мақсатына қол созған отбасылар тоқтамай, бар күш-жігерін жұмсап, баспаналы болсын деймін.
Отбасы банк баспасөз қызметінен елорда тұрғындарына қатысты статистика сұраған едік. «Біз өтініштерді қабылдағанмен, аймақтар бойынша бөліп қарастырмаймыз, себебі адам өтініш жолдаған кезде «мен Таразданмын, Нұр-Сұлтан не Өскеменненмін» деп жазбайды, қай жақтан екенін жазатын пункт жоқ. Сондықтан «елордадан пәленбай адам тапсырыс берді, осыншасы алды» деп айта алмаймыз. 121000 адам арнайы шот ашып, 105000 өтініш жолданған, 61638 өтінішті БЖЗҚ мақұлдаған. Біздің ойымызша, Нұр-Сұлтаннан көбірек болады, мұнда адам саны көбірек, айлық деңгейі де жоғары. Әзірге Шымкенттен, Қостанайдан баспаналы болып жатқандар бар» деп жауап берді. Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып баспаналы болған шымкенттік тұрғынның айтуынша, ол небәрі 3 минут ішінде банктің мақұлдауын алған және несиені рәсімдеуге көп уақыт жұмсамаған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + 14 =