«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Зейнетақы жинағы – болашаққа жасалған инвестиция

0 121

«Бейнет түбі – зейнет» дегендей, әрбір адам өмір бойы еңбек етіп, бейнеттеніп жасаған еңбегінің зейнетін қария шақта көруге құқылы. Бірақ қартайған шақта қамсыз өмір сүру үшін болашаққа бүгіннен бастап қамданған абзал.

Бұл тұрғыда астаналық зей­неткерлердің бірі, мәдениет және қоғам қайраткері Сайраш Әбішқызы зейнетақы қоры туралы:
– Журналистік қызметтен 2016 жылы қол үзіп, қоғамдық еңбекке бет бұрдым. Сөйтіп, бү­гінде 1965 жылдан бастал­ған, 50 жылдан асқан еңбек өті­лімнің зейнетін көріп отыр­­мын. Зейнетақымды ай са­йын белгіленген күнде алып отырғаныма ризамын. Аста­надағы қоғамдық көлік­терде зейнеткерлердің тегін жүру мүмкіндігі мемлекеттің ерекше қамқорлығы екенін бір сәтке де ұмытуға болмайды. Тағдырдың жазуымен 70-тен асқанда ба­уырларыма сүйеніп отырған жалғызілікті жағдайыма Үкімет тарапынан да түрлі жеңілдіктер жасалды. Ол үшін рақметтен басқа айтарым жоқ. Еліміз дамыған сайын қарттарға да қамқорлықтың арта түсетініне сенімім мол, – дейді.
Жақында әлеуметтік желі қол­данушылары арасында «1980 жылғы туылған азаматтардан бастап кейінгі толқын да келешекте зейнетақы алмайды екен» деген пікірлер қызу талқыға түсті. Мұның шындыққа мүлдем жанаспайтынын, жай қауесет екендігін қор мамандары да растады.
– Бұл ақпаратты кейбір адамдар дұрыс түсінбесе керек. Жалпы, қазір зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады. Ол – мемле­кеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы мен еңбек өтілінің есебіне қарай төленетін ортақ зейнетақы. Екіншісі – қорға аударылатын міндетті зейнетақы жарналары. Үшіншісі – ерікті зейнетақы жарналары. Осының бәрі жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық деңгейін құрайтын болады, – дейді «БЖЗҚ» АҚ Астана қаласы филиалы ди­рек­торының орынбасары Аслан Ниетов. – Жалпы, болашағымыз – өз қолымызда. Қазір қанша ақша салсақ, болашақта сонша зейнетақы аламыз. Қазіргі жастардың зейнетақысы бүгінгі зейнеткерлерден артық болмаса, кем болмайтынына күмәнім жоқ.
Ал еңбек өтіліне 14 жыл бол­­ған М.Нә­рікбаев атындағы ҚазМЗУ жо­ғары құқық мектебінің аға оқы­тушысы Мереке Жұрынова тұ­рақты салымшы ретінде Бір­ыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өзіне болашаққа деген се­німін ұялататынын айтады.
– Салымшылар қаржысының бүгінде тек Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қорына жи­нақталуы соңғы жылдардың жағымды жаңалығы болды. Себебі 2013 жылға дейін әртүрлі зейнетақы қоры болғандықтан, салымшылар кейбір қорларға күмәнмен қарап, олардың бір қордан екіншісіне ауысуы жиі орын алды. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сол күмәнді сейілтті. Қазір салымдарымызды инфляция дең­гейіне қарамастан мемле­кеттің қаржы­ның сақталуына кепілдік беруі болашаққа деген үмітімізді арттырады, – дейді ол.
Тоқсан сайын мұнда ашық есік күні өтіп тұрады. Әр шараның тақырыбы да әртүрлі. Мысалы, жақында 20 қыркүйекте өткен ашық есік күнінің та­қы­рыбы Қазақстанның жинақ­таушы зейнетақы жүйесінің құрылғанына 20 жыл толуына арналды. Онда мамандар келушілерге зейнетақы жүйесінің құрылу тарихынан бастап, қандай қызмет көрсететіндерін тәптіштеп айтып берді.
– Электронды цифрлық қолтаң­баңыз болса, үйде отырып-ақ жеке зейнетақы есеп-шотын ашу туралы өтініш бере аласыз. Сонымен қатар, біздің кеңсеге бір рет келіп, қосымша келісімшарт жасап, есеп-шотыңызда қанша қаржы жиналғаны туралы мәліметтер алуыңызға болады. Онымен қоса, ЖСН мен құпия сөз арқылы жеке кабинетке кіріп, ондағы арнайы есептеуіш арқылы ай сайынғы зейнетақыңыздың қанша болатыны туралы да біле аласыз, – дейді «БЖЗҚ» АҚ Астана қаласы филиалының жетекші маманы Мұрат Құрманғалинов.
Айта кету керек, астаналықтар мен қала қонақтары зейнетақыға қатысты кез келген сұрақ жөнінде енді «109» нөміріне хабарласа алады. Бұл жөнінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен iKomek қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы арасында келісім жасалды. Сондай-ақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры­ның call-орталығы да бұрын­ғысынша жұмысын жалғастыра береді. Тек «1418» нөміріне Қа­зақстанның барлық өңірінен хабарласатындықтан, iKomek орталығының «109» нөмірі астаналықтар үшін қосымша байланыс құралы ретінде қол­данылады.
– Мұндағы басты мақсаты­­мыз – зей­­нетақы қорының са­­­лымшыла­рына біздегі барлық қызмет түрін тиісінше пайдалануға мүмкіндік беру. Барлық қыз­мет электронды форматта да көрсетіледі. Ал қызмет көр­сетуде iKomek орталығы өте ыңғайлы. Есеп-шот ашу, мекенжайды анықтау сияқты жұртшылық тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға бұл орта­лықтың мамандары бірден жауап береді, – дейді «БЖЗҚ» АҚ Астана қаласы филиалының директоры, басқарушы директор Мұрат Шәріпов.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды