Зейнеп Ахметова, жазушы-этнограф: БАБАДАН МИРАС – БҰЛ МЕЙРАМ

0 611

Қазақ халқы қашан да асты жоғары бағалап, қадiрлеген. Сондықтан, қазақтар адам қажеттiлiктерiнiң iшiнде тағамды жоғары қойған. «Астан үлкен емессiң», «Ас – адамның арқауы» деген секiлдi ескертпе сөздер, мақал- мәтелдер – осының дәлелi.
«Ұлыс күнi қазан толса, ол жылы ақ мол болар» деп көженi мейлiнше көп қылып жасайды. «Жақсы тамақ қалғанша, жаман қарын жарылсын» деп тоя iшу ғұрпы сақталған. Осы және өзге де ел iшiнде сақталған салт-дәстүрiмiз турасында белгiлi этнограф-жазушы Зейнеп Ахметова апаймен аз-кем тiлдескен едiк.

– Зейнеп апа, соңғы кездерi ұлттық салт-дәстүр тақырыбына «жан бiтiрiп» жүрсiз. Ұлыстың Ұлы күнi саналатын Наурыз тойы жайында не айтасыз?
– «Үлкеннен – үлгi, ағадан – өнеге, атадан – ақыл» дейдi көнелер сөзi. Менiң де азды-көптi айтып жүргендерiм – ақ сақалды аталар мен ақ шашты әжелерден естiгендерiм мен көзбен көрiп, көкейге түйгендерiм. Қалай десек те, қазiргi бүлдiршiндерге қарағанда, бiздiң балалық шағымыз, тәрбие алған ортамыз басқашалау болды. Өз басым басқа ұлт араласпаған түкпiрдегi таза қазақ ауылында өстiм. Ол кезде тумысынан көкiрек көзi ашық ақылгөй аталар мен әдеп-инабаттың кенiндей тектi әжелер көп секiлдi едi. Халқымыздың талай салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары үкiсi қисаймай, күнделiктi тiршiлiкте табиғи түрде өз жөнiмен өтiп жататын. Бұл күнде өзiмнен кейiнгi жасы кiшi жас ұрпаққа алдымда өтiп кеткен шежiре қариялардың үлгi-өнегесiн, тiршiлiк тұжырымдарын, дүниетанымын айта жүрудi өзiме мiндет санаймын. Ерте кезде қазақтар жылдың басын көкек айынан бастаған. Көкек – көктемнiң алғашқы айы болғандықтан, шаруа күйттеген көшпендi ел бұл айды асыға күткен. «Көкек келдi, көктем келдi, көкек келсең көптен бер, көптен берсең көпке бар» дейтiн тiлек сол кездерден қалған. Ал Наурыз – көкек айында бас-талатын бүкiлхалықтық ұлы мерекенiң аты. Жақсы сөздi жарым ырысқа балайтын ырымшыл халқымыз көкек дейтiн құстың ұшқалақ, жеңiлтектiгiн ұнатпай, айдың атын мейрам атымен атап кеткен. Наурыз сөзi – парсы тiлiнде «нав» – жаңа, «руз» – күн, яғни «жаңа күн» деген сөз. Наурыз мерекесiн, жыл басы салтанатын дүниежүзiнiң бiрқатар елдерi: Үндiстан, Иран, Ауғанстан, Кавказ, Орта Азия халықтары мереке ретiнде тойлайды. Әр халықтың өзiне тән таным-нанымы, салт-дәстүрi болғандықтан, Нау-рызды қарсы алып тойлаудың өз үлгiлерi мен қағидалары қалыптасқан. Сол секiлдi, бiздiң қазақ халқының да басқаға ұқсамайтын сұлу салты, жарасымды жөн-жоралғысы бар. Әрбiр жылды хайуан атымен атайтынын кез келген қазақ бiледi.
– Наурыз мерекесiнде орындалатын салт-дәстүрлер жайында айтып өтсеңiз?
– Елдiң ардақтап асыға күтетiн жыл мерекесi, шаруа тойы, табиғат мейрамы осы Наурыз болғандықтан, бұл күнге әр отбасы қыстан бастап дайындық жасаған. Қысқы соғымның қадiрлi мүшелерiнен (шеке, жамбас, жiлiк, қазы) әдейi арнап сүр сақтайды. «Наурызда ашамын» деп әжелер қарындағы майын, жент, құрт, iрiмшiк секiлдi тағамдарын алдын ала үнемдеп, қамданып жүредi. Iсмер аналар мен апалардың жөн көрсетуiмен қыз-келiншектер ою ойып, кесте тiгiп, шашақ түйiп, құрақ құрап, түскиiз, алаша, сырмақ, төсек жапқыш секiлдi үй бұйымдарын жасайды. Отбасына кем дегенде осындай бiрер зат қосуға тырысады. Қыздар әкесiне, ағаларына арнап тақия тiгiп, беторамал кестелейдi. Ұл балалар ағаштан ожау, қасық, тостаған, саптаяқ, тегене секiлдi әркiм өзiнiң қолынан келгенiн жасап, үйге қажет дүниенiң толығуына септiгiн тигiзетiн болған. Қыз-келiншектер өз қолдарынан шыққан сәндi бұйымдарын Наурыз күнi үй iшiне жайнатып iлiп тастайды.
– Iлкiде дәл осы мерекедегi дастархан дәмiне қалай мән берiлушi едi?
– Мерекеде әрбiр үй кезекпен Наурызкөже жасайды. Бұған су мен тұздан басқа жетi түрлi дәм салынады әрi «тек мына дәм салынуы керек» деп шектеу қоймаған. Әркiм қолындағы бар азық-түлiгiне қарайды. Тек мiндеттi түрде дәм саны – жетеу болған. Сөйтiп, наурыз күнi қазандар көжеге толады. Ауыл ақсақалдары бастаған кiсiлер көже салған үйлерге кезегiмен кiрiп, қонақ болады. Әдетте әйелдер мен балалар ыдыс ала жүредi. Өйткенi, үйдегi келмей қалғандардың сыбағасын берiп, жiберiп отыратын болған. Осылайша әр үйден құйып әкелген көженi өз үйiнiң қазанында қалған көжеге қосқан. Бұл дәм –тұзымыз араласып, ынтымақ-бiрлiгiмiз нығайсын, көже секiлдi мидай араласып, көжедей дәмдi қатынаста болайық, бiрiмiздiң ырысымыз бiрiмiзге жұғысты болсын деген үлкен ұғымды бiлдiредi. Айта кететiн бiр нәрсе, көженi ыдысқа толтырып құяды, бұл – «жаңа келген жылдан несiбесi ортаймасын» дегендiк. Әрi сол құйылған көженi тауысып iшу керек, әйтпесе ырзығы кем болады дейдi. Наурызда қариялар өздерi рұқсат етiп, жиналған топты бөлмесе, өз бетiнше ешкiм бұра тартып, бөлек кетiп сыбаға жеп, көже iшуге бармайды. Бұл ынтымақ пен бiрлiктi бұзады деп ырымдайды.
– Бүгiнде қалай? Елiмiзде бұл мереке өз дәрежесiнде тойланып жүр ме?
– Өкiнiшке қарай, кез келген нәрсенi ұрандатып iстеуге үйренгендiктен болар, тыныс-тiршiлiгiмiзде жiксiз жымдасып, табиғи түрде өтуi керек айқын дәстүрлердiң өзiн науқанға айналдырып жiберетiнiмiз бар. Наурыз мерекесiнiң негiзгi мән-мағынасы бұл күнде ауытыңқырап, у-шумен көшеге шығып кеттi. Жоспармен, нұсқаумен өткiзуге дағдыланып бара жатқандаймыз. Тiптi бәсеке-жарысқа «керек» адамдарды күтiп жiберуге, көзiне түсiп қалуға арнап киiз үйлер тiгiлiп, шашылып-төгiлiп жатқандарды көргенде, өкiнiп-ақ қаласың. Неге десеңiз, сол тiгiлген үйлерге қарапайым қариялар бас сұға алмайды. Отбасында Наурызға қатысты еш дайындық жасамай-ақ, Наурызкөже дәмiн ешкiмге татырмай-ақ, көшеден қыдырып келiп, «Наурыз өткiздiк» дейтiндер толып жатыр. Жаңа күндi, жылдың басын, әрi-берiден соң қазақ халқының маңдайындағы жалғыз ұлттық мерекесiн ардақтап, ұрпағымыздың санасына сiңiру – әр ата-ананың парызы. Түтiн түтетiп отырған әр шаңырақ ақ ниет, таза жүрекпен, мейiрiммен, үлкен сенiммен Ұлыс күнiн, ең алдымен, өз отының басында қарсы алуды дәстүрге айналдырулары керек. Жер әлем, Табиғат-ана жаңарып жатқанда бүкпесiз тiлеген тiлек қабыл болады. Барына да, жоғына да тәубе деген ынсапты, сабырлы адамның жолы ашылады.Ұлыс күнi қалтқысыз жасаған қайырымның сауабы зор, шарапаты мол. Құдайға шүкiр, көп жыл көзiмiзден таса болған қасиеттi мерекемiзбен қауышқалы берi жаңа дәстүрлер де қосылып келедi. Ата-бабадан қалған жақсыны бүгiнгi жаңамен ұштастырып жалғастырсақ, қазақ дейтiн халықтың мерейi үстем, қонар тұғыры биiк болары сөзсiз.

Әзiрлеген Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + seventeen =