Зейіні бөлек Зейін

2 224

Биылғы жыл пандемияға қарамастан білім саласына тың өзгерістер мен жақсы жаңалықтар алып келді. Сүйінші ақпараттың жаршысы болған Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жыл басталғалы шетелдің ең танымал жоғары оқу орындарына топ-топ болып жолдамалар алып жатты. Біз бүгін елордалық НЗМ оқушысы Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетіне шақыру алған Зейін Мұханов жайлы сөз етеміз.Зейін – үйдің кенжесі. Алайда кенжемін деп еркелікке салынбай, еңбекқорлықпен ізденуді жөн көреді. Жас зияткер оқуда озат, алғыр, мектепішілік және қоғамдық іс-шараларға белсене қатысады. Ол БҰҰ жұмысының білім беру репродукциясы саналатын «БҰҰ моделі» клубының мүшесі, «Adal Volunteers Club-та» ерікті болды. Сонымен қатар Назарбаев университетінің бастамасымен өткізілген «ABC Incubation» – жас кәсіпкерлерді, студенттерді қолдау бағдарламасының байқауында да бақ сынаған.
– Тұлға ретінде жеке дамуыма достарым көп әсер етті. Мектептегі басты мақсатым Назарбаев университетіне түсу еді. Алайда уақыт өте келе шетелдегі оқу орындарынан білім алуға мүмкіндік бар екенін біліп, «неге байқап көрмеске?» деген ой келді. Осылайша сабағымды жақсы оқып, жоғары оқу орнына жақсы портфолио дайындай бастадым. Физика, математика пәндерін сүйіп оқимын. Бірақ шығармашылыққа деген қызығушылығым ерекше. Бос уақытымда қарындашпен адамдардың портретін салғанды ұнатамын. Сурет салу маған анамнан берілген сияқты. Ағам да сурет салғанды жақсы көреді. Мен сол кісілерге қарап ең алғашқы туындыларымды сала бастадым. Болашақта сурет салуды тоқтатпай, қосымша дамыту ойымда бар. Шетелдік оқу орнына жолдама жеңіп алғанымды естіген сәтте ең бірінші қасымдағы досым естіді, одан кейін ата-анамнан сүйінші сұрадым. Ол кісілер де қуана қабылдады. Бәрінен бұрын көптен күткен арманым орындалып, иығымнан ауыр жүк түскендей болды, – деді ол ағынан жарылып.
Грант иегері тағы да бірнеше шетелдік университеттерден жауап күтіп жүр екен. Алайда Зейіннің таңдауы Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетіне түскен. Өйткені оқу орны оның оқу, жатын орын және жол шығындарын толық өтеп, медициналық сақтандыру мен оқулықтармен қамтамасыз етеді.
– Жоғары оқу орындарын таңдау кезінде университетте мені қызықтыратын бағдарламалардың, шет елден келген оқушыларға көрсетілетін қаржылай көмектің болуына баса назар аудардым. Беделді бірнеше университеттерге құжат тапсырдым. Бағым жанып, алдыңғы қатарлы Нью-Йорк университетіне грант ұтып алдым. Жалпы NYUAD университеті жайында өз достарымнан және сонда білім алып жатқан біздің мектептің түлектерінен естідім. Алдағы уақытта басқа шетелдік жоғары оқу орындарынан жолдама келсе де, мен NYUAD университетін таңдап отырмын. Өйткені бұл оқу орны студенттеріне барлық жағдайды жасап береді. Яғни тұратын жермен, тамақпен, оқуға қажетті барлық материалдармен қамтамасыз етеді. Оның сыртында ай сайынғы шәкіртақысы тағы бар. Университет қалашығы қаладан тысқары орналасқан. Ол жерде әлемнің түкпір-түкпірінен оқуға келген студенттермен араласып, жаңа достар табатыныма сенімдімін. Осы университет басқа АҚШ университеттерімен салыстырғанда оқуға толық грант береді, – дейді Зейін.
Зияткердің айтуынша, тек НЗМ, БИЛ, РФММ оқушылары ғана емес, қарапайым мектеп оқушылары да олар сияқты шетелдік жоғары оқу орындарының жолдамасын ала алады. Ол үшін оқушылар ағылшын тілін жетілдіріп, халықаралық емтихандардан жоғары балл алса жеткілікті.
– Шетелдік университетке шақыру алу үшін оны ерте бастан, 8-9-сыныптардан бастап ойластыру керек. IELTS пен TOEFL халықаралық емтихандарына дайындықты ерте бастаған жөн. Өйткені тіл үйрену көп ізденіс пен табандылықты, күш жұмсауды қажет етеді. Сонымен қатар халық­аралық жоғары оқу орындарының көбі мотивациялық хат сұрайды. Сондықтан мотивациялық хатты қай елге қалай жазу керек екенін де толық зерттеп алған дұрыс. Шетелдік білім беру жүйесі мен қабылдау әдіс­терін жақсы білетін менторлардың да кеңесіне жүгіну керек. Бірақ мен менторлардың қызметіне жүгінген жоқпын. Себебі қабылдауға сәл кешігіп қосылдым. Қысқа мерзімде өз күшіммен портфолио жасауға кірісіп кеттім. Егер ерте кіріскенде бұдан да жақсырақ нәтижеге қол жеткізер ме едім деп те ойлаймын. Меніңше, әр адам кішкентай күнінен алдында кездескен қиындықтарды өзі ғана жеңіп үйренуі керек. Сонда ғана қоғамның қарсылықтарына сынбайтын мықты тұлға болып қалыптаса аламыз. Мен үй алсам, машина алсам деп армандамаймын. Мықты маман болып қалыптасып, отбасым мен жақындарыма көмектесе алсам деген мақсатым бар. Оқушыларға басымдықты дұрыс таңдауға және шындыққа байыппен қарауға кеңес беремін. Яғни балалар өзіне не керек екенін әу бастан анықтап алғаны жөн. Нәтижеге қол жеткізем деген оқушы уақытты босқа кетіретін ­ойын-сауықты азайтып, мақсатқа жету жолында қажымай, талмай еңбек ету қажет, – дейді Зейін Мұханов.
Кейіпкеріміз жаспын, жігерсізбін демейді. Өз жасынан әлдеқайда терең ойланады. Үлкендерше әңгіме айтып «Қоғамды өзгерткің келсе, өзіңнен бастау керек» деді. Кезінде біз де, бізге дейінгілер де біреуді үлгі тұтып, соған еліктеп өссек, Зейін ешкімді кумир санамайды екен.
– Неге?
– Себебі адамның фанаты болғым келмейді. Меніңше, адамның істегенін екінші адам да істей алады. Айналамдағы замандастарымның жетістіктері мен еңбекқорлығына қарап шабыт аламын. Алдыңғы қатардан көрінуге тырысамын. Көбіне философиялық бағыттағы кітаптарды оқимын. Автордың өз басынан өткізе отырып жазған, шынайы өмірден алынған оқиғалар қызықтырады, – деді ол.
Зейін сияқты еркін ойлы, азат елдің ұрпағы өсіп келе жатқанын көргенде іштей қуандық. Мектепте физика, математика және өнер пәндерін тереңдетіп оқып жүрген кейіпкеріміз «құрылыс инженериясы» немесе «өнер тарихы» мамандықтарында білім алуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта жеткіншектің жан аямай еңбек етіп, білім жолында үлкен жетістіктерге жетеріне, өзі ешкімді үлгі тұтпаса да, өзін үлгі тұтатындардың көп боларына сеніміміз мол.

Көктем ҚАРҚЫН

  1. Шахназар :

    Ойы дұрыс, мықты бала екен.

  2. Айдос :

    Керемет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − thirteen =