«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Заттық мұраға мұқият қарайық

0 459

Қасиетті қазақ халқының өткен өмірі, мәдени мұрасы асылдың сынығындай қастерлі дүние. Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында орналасқан «Отырар» мемлекеттік – археологиялық қорық-музейінің ауласындағы тарихи-мәдени құндылығымыз этно-кешен музейге келген көрермендерді еріксіз өзіне назар аудартады. Этно-кешенге келушілер ата-бабамыздың өткен тұрмыс-тіршілігін көре алады.

 

Этно-кешенде ортағасырлық тұрғынжайлар көрінісінен бастап қазақтың көшіп қонуға ыңғайлы уақытша тұрғынжайы – қос, тұрақты мекенжай түрі – жертөле, ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасырлардағы қоржын үй түпнұсқа жасауымен көрсетілген. Сонымен қатар, мұнда орта ғасырларда дамыған керамика өндірісінің шеберханасы, ХХ ғасырдағы дүкен яғни темірші ұстаханасы, киіз үйдің сүйегін жасайтын үйшінің шеберханасы құрал-саймандарымен көрсетілген. Мұнда ортағасырлық керамикалық бұйымдар жасау әдісімен өндіріліп жатқан түрлі бұйымдарды да көруге болады.

Сыр бойы халқы ерте заманнан-ақ ортасында дәлізі, қарама – қарсы екі бөлмесі бар қоржын үйлерде өмір сүрген. Ол халықтың өткен өмірін, әлеу­меттік хал-жағдайын аңғартады. Отырартөбеге жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан белгілі болғандай, ортағасырларда Отырар қаласындағы үйлерде азық-түлік қоймасы болған. Оларда астық, ұн, жеміс сақталатын болған. Қоржын үй құрылысы Отырардағы тұрғын үйлерге ұқсас болып келген.
Қоржын үйдің құрылысына келетін болсақ, бірінші іргетас, күйдірілген қыш немесе қамыс немесе тастан (қалақ тас) қаланады, екінші қабырға, қам кесектен сондай-ақ шымнан ойылған шым кесектен және пахса яғни нәмдалған топырақты нығыздап таптау әдісімен тұрғызылады, үшінші төбежабын – ортадан ұзына бойы қары ағаш салынып ши төсеп, көлденең қамыспен жауып оның үстіне бидай немесе тары сабандарын салып лаймен сылап тастайтын болған. Үйдің бір бөлмесінде үй иелері тұрады оны жатын бөлме деп атаған, ал екінші бөлмесі қонақ үй деп аталады – қонақ күтетін бөлме. Бөлмелерінің арасы дәлізбен бөлінеді. Дәліз қойма мен асхана қызметін атқарған.

Қоржын үйдің астықты бөлек-бөлек қоятын қамбалары, қақ, қауын құрт кептіретін жеміс, ірімшік, құрт, диірменге тартылатын ұн қоятын орындары, ет ілетін адалбақаны болған.
Жазда үй алдына орналастырылған ағаш не құм кесектен тұрғызылған сәкілердің үстіне масахана орнатып, ашық аулада ұйықтайтын болған. Сәкінің қасында құрт, қауын құрт жая­тын сөре болған. Жазда аулаға киіз үй тігеді. Үйдің қорасы шарбақталып, онда бау-бақша, жоңышқа, бидай, тары, жүгері егетін бірнеше атыздар болатын.
Этно-кешенде орналасқан киіз үйдің кереге, уық, сияқты ағаштарын жасайтын «мор» деп аталатын пештің ұзындығы 3,5 метр, екі қабырғасының төбесін кірпішпен қалап, сыртын сылаған, бір басынан мойын шығарады. Осы мойынға үй ағаштарын жатқызып от жағады. Ағаштарды оттың жалынына емес, қызуына балқытады. Себебі оттың жалынына ағаштар қатты күйіп кетуі мүмкін.

Тез. Киіз үйдің ағаштарын жасайтын кереге, уықтың қисық жерін өңдеп отыратын құралды тез деп атайды. Тез арқылы қисық ағашты оқтай етіп түзетеді, түзу ағашты иеді. «Қисық ағаш жатпайды тез қасында» деген мақал осыдан қалса керек. Киіз үй жасайтын үйшінің айтуы бойынша тезді тораңғыл мен жиде ағашынан жасаған.
Ұстахана. Қазақ ұсталарының үй ауласында ұстаханалары болған және ескі киіз үйді де ұстаханаға айналдырып, ашық аулада жұмыс істейтін. Бірақ күн суытса барлық құрал-саймандарымен үйге көшетін. Қыс айларында тапсырыс мөлшері аз болатын. Ұста атанған шеберлер үй бұйымдарының көптеген түрлерін жасаумен бірге зергерлік бұйымдар, әр түрлі металл және сүйек өңдеу ісімен де айналыс­ты. Ұсталар үй шаруашылығына керекті құралдарын – айыр, тарма, жер ағаш, кетпен, орақ, күрек, шалғы жасауды тамаша меңгерген.
Жертөле. Жертөлені тұрғызудың ең қарапайым әдісі жерді жартысынан қазып топырағын босатқаннан кейін үстіне су құйып, қидаланған малдың қылымен, қой жүнімен, сабанмен иін қандыра араластырып, балшық илейтін, қазылған шаршының жиегіне бірінің үстіне бірін қатар етіп жұмбаз ұрып, құрылыстың қабырғасы көтеріле беретін. Күн түсетін жақтан жалғыз терезе, есік шығарылатын іші-сыртын лаймен сылап, төбесін қамыспен, шөппен жапқан да лаймен сылап тастаған. Жертөлені шымнан, қам кесектен, тақтастан соққан.

Қос. Киізбен жабылатын баспананың ең алғашқы түрлерінің бірі – қос деп аталады. Жаугершілікте, жолаушылағанда, аңшылықта, жылқыны табында баққанда, шөп шабуда т.б. қажетті кезде тез тігіліп, тез жығылатын көшіп-қонуға ыңғайлы уақытша баспана түрі. Оның қаңқасын кейде екі керегенің басын қосып жасаса, енді бірде бірнеше сырық, уықтардың басын буып, үстін киізбен, терімен, қамыспен, т.б. жабын-жамылғылармен жабады. Қостың кең тараған түрі «Абылайша» деп аталады. Шаңырағы кішкене үш қанатты киіз үй кейпінде болған. Сырты киізбен жабылып, ағаштан жасалған есігі болған.

Сонымен қатар, Отырар қорық-музейінің ауласындағы қазақ қайығы мұражайымызға келген көпшілік көрерменді ерекше қызықтырады. Су көбейген кезде 30 фарсақ жерге дейін үлкен аймақты басып төбелердегі ауылдар мен елді мекендерге тек қайықпен баруға болатын. (К.Ақышев). Отырар өңіріндегі Үшқайық, Маяқұм, Шеңгелді, Ақжар өткелдерінде қазақ қайы­ғын пайдаланған. Қазақ қайығы омыртқа, қара­құс, жақтау, беріктік секілді негізгі және шау, бұлқын сияқты қозғау­шы, бағыттаушы бөліктерден тұрады. Қайықтың жарығын таза мата қиындысымен тығындап, сыртын ешкінің майымен майлаған. Осындай ұлттық құндылықтарымызға қарап халық өмірінің шежіресін аңғаруға болады.

Ақлима ЖҰМАШЕВА,
Отырар мемлекеттік
археологиялық
қорық-музейінің бөлім
меңгерушісі,
тарих ғылымдарының
кандидаты

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды