Зардап шеккендерге – мемлекет көмегі

0 31

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандары 2003 жылдан бастап әлеуметтік қолдауға ие болып келеді. Осы жылдан бері бүгінге дейін оларға біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 14,9 млрд теңге төленген. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.Аталған министрліктің мәліметі бойынша, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен арнау­лы мемлекеттік жәрдемақы алушылардың саны биыл 1 мамырға 33 984 адамды құрады.
Деректерге сүйенсек, 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 100 мың адам сотталып, 25 мың адамға жоғары жазалау шарасы – ату жазасы қолданылды. «Халық жауын» анықтау саясатының нәтижесінде көптеген адамдар зардап шекті. Республика аумағында ГУЛАГ – АЛЖИР, Степлаг, Қарлаг құрылымдарының ең ірі лагерьлері болды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерьлеріне 5 млн-нан астам адам жіберілді. 1930-1940 жылдары Қазақстан миллиондаған кеңес азаматтары үшін жер аударатын аймақ болды. Олардың саны 1 млн 200 мың адам деп бағалануда.
«Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңына сәйкес, негізсіз қуғын-сүргінге ұшыраған және заңға сәйкес ақталған адамдарға көрсетілген жерлерде болуының әр айы үшін, әлеуметтік қорғау органдарына жүгінген кезде қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің төрттен үш бөлігі, бірақ 100 АЕК-тен аспайтын мөлшерде ақшалай өтемақы төленеді. Сонымен қатар, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, сондай-ақ саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын адамдарға әлеуметтік төлемдердің басқа түрлеріне қарамастан, 1,07 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді ол 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 2973 теңге болды. Ал 2005 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде АМЖ 12 млрд теңге сомасында төленді.
Сонымен қатар, ақталған азаматтар, саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылған, мүгедектігі бар немесе зейнетке шыққан адамдардың біршама құқықтық артықшылықтарға ие.
Жергілікті атқарушы органдар жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және заңнамаға сәйкес ақталған адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету жөніндегі шараларды жергілікті бюджеттер есебінен қосымша белгілей алады. Мәселен, жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек береді. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 7 090 азаматқа 2 АЕК-тен 150 мың теңгеге дейін 159 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 5 =