Зардабы әлі білінеді

0 46

Семей полигоны аймағында жарылыс дүмпуінің тоқтағанына 30 жыл болса да, оның қазақ ұлтына, Семей халқына, экологиялық аймаққа жататын жұртқа тигізген зардабы, қан мен сүйекке сіңіп кеткен радиациялық сәулелі заһары әлі басылған емес, әрі жалғаса да бермек. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл көзге көрінбейтін радиация зардабы бірнеше ұрпаққа дейін залалын тигізетінін дәлелдеп отыр.

Семей ядролық полигонының зардаптары мен тауқыметін біз көбінше ғылыми және тарихи деректерден, нақты берілген цифрлармен ғана ұғып білудеміз. Семей ядролық полигоны десек, көз алдымызға кемтар балалар мен жарылыстың үлкен саңырауқұлақ бейнесіндегі құбылысы ғана елестейді. Ал сол уақыттағы қорқынышты күндер мен халықтың тартқан зардабын үстірт қана білеміз. Әлі күнге дейін Семей ядролық палигоны әлемде емес, Қазақстанда ашық айтылып, оның зардаптары мен залалдары халыққа толық жеткен жоқ деп санаймын. Себебі Семей ядролық полигоны жайлы ақпараттар өте аз, қазақ ұлтына жасалған айықпас қасірет кеңінен жарияланбауда. Ол енді уақыт еншісінде деп ойлаймын.

Семей сынақ алаңы – КСРО Қорғаныс министрлігі мен Атом өнеркәсібі министрлігінің бұйрығымен құрылған, ядролық жарылыстар жүргізілген сынақ аймағы. Полигон бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданы аймаққа қарасты аудандарды сонымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарының аумағын қамтыды.

Алғашқы атом сынағы үшін әскери құрылысшылар көлемі 300 шаршы километр «тәжірибе алаңын» дайындады. Алаңның қақ ортасындағы 30 метрлік темір мұнараның төбесіне қуаты 20 килотонн ядролық заряд орнатылды. Айнала темірбетон қорғандар, бронды мұнаралар мен доттар бой көтерді. Орталықтан әртүрлі қашықтықта әскери техника, артиллерия қаруы, танктер, ұшақтар, автомобильдер, бронемашиналар орналастырылды. Салынған пана-жайлардың көпшілігіне тәжірибе жасалатын хайуанаттар – қойлар, шошқалар, иттер, атжалмандар кіргізілді. Одан сәл қашықтау тұтас бір қалашық – үш қабатты тұрғын үйлер, өнеркәсіп орындары, жер асты жолы, теміржол және автомобиль көпірлері салынып, оларда жанармай құйылған вагондар мен цистерналар тұрды. Алаңға әскери форма кигізілген адам кейпіндегі заттар, азық-түлік салынған жәшіктер қойылды. Мұның бәрі ядролық жарылыстың алапат күшінің, қуатын зерттеу үшін дайындалды.

1949 жылы 29 тамызда таңертеңгі сағат 6.30-да Абыралы аудандарында халыққа алдын ала ескертілместен қуаттылығы 30 килотонна болатын бірінші жарылыс жасалды. Мұнда 1951 жылы 18 қазанда уран бомбасы, 1953 жылы 12 тамызда жер үстінде дүние жүзінде алғаш рет қуаттылығы 500 килотонна болатын сутек бомбасы сыналды. Бұл – тарихи деректер мен анық ғылыми сынақтың ашық ақпараттары. Мұның зардабын біз адами тұрғыдан қашан толық насихаттап, қашан оның зардабын тартып отырған халыққа жеңілдіктер мен медициналық әрі әлеуметтік көмек береміз?!

Жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сәуле Досжанованың тікелей Шығыс Қазақстан облысының, соның ішінде полигон зардабын тартқан экологиялық аймақ халқына арналған «Қасірет пен Тағдыр» атты шығармасы бар. Семей ядролық полигонының зардабын қарапайым халық пен зиялы қауым сол көркем шығармамен танысқан сайын көп жағдайға көз жеткізіп, қазақ халқының басындағы әлемде болмаған қайырымсыз сынақ тауқыметін түсінер еді. Шығармада Семей қасіреті мен қайғысын тарихи деректерді келтіре отырып жазған. Басты кейіпкер – Аяулымның тағдыры. Оңтүстіктің қызы Аяулым Семей полигонының зардабын тартқан, қасіретінің ортасынан шыққан Семейдің серісі Әмірмен бас қосып, қасірет ортасына түседі. Бірінші сәбиі Сұңқар дүниеге сау келгенімен, екінші баласы даун синдромымен басы өзінен он есе үлкен болып дүниеге келеді. Есімі Шынар еді. Жарықтық, періште Семей ядролық полигонының құрбанына айналып шетінеуі, сол сияқты жарымжан балалардың дүниеге келуі, неше алуан тағдырлары, Әмірдің де небәрі 27-29 жас арасында ажал құшуы, Гүлімайдың Шайтан-Бөрінің азабымен суға кетуі, Мэлстің тағдыры бәрі-бәрі шынайы өмірден алынғандай. Түпкі мақсат – Семей ядролық полигонының зардабы мен залалы. Семей ядролық полигонының зардабын әлеуметтік және тұрмыстық жағдайда ашық білу үшін шығарманың аясын кеңейтіп, насихаттаса жөн болар еді.

1949-1989 жылдар аралығында туылған экологиялық аймақтың барлық адамдары небір ауруларға шалдыққаны рас. Мысалы, менің тұрып жатқан өлкемде соңғы уақытта онкологиялық аурулармен ауыратындар көбейді, жүрек ауруы, аққан ауруы жиі кездеседі. Маған да полигонның экологиялық аймақ зардабын тартқан жандардың бірі деген құжат берді. Жақындарым да осы Семей ядролық сынақ полигонның зардабын шегіп, радиация кеселімен өлім құшты деп толық айта аламын. Ғалымдардың зерттеуінше, Семей ядролық полигонының зардабы әлі 300 жылға дейін уытын жоғалтпайды екен.

1949 жылдың 29 тамызы күні Семей ядролық сынақ полигонында алғашқы 22 тонналық атом бомбасы жарылған. 1989 жылға дейін 470 ядролық жарылыс жасалған. Оның 354-і – жер асты, 28-і –жер үсті, қалған 90-ы әуеде жарылған. Тарихи деректермен танысқанымда сол кездегі жоғары биліктің қазақ халқының тұқымын тұздай құртпақ болған әрекеті деп топшыладым. Себебі осы 40 жыл ішінде болған Семей ядролық полигон жарылысының қуаттылығы бүгінде әлем тарихи мейірім мен қамқорлық танытып қараған Хиросимаға тасталған ядролық бомбаның қуаттылығынан 2,5 мың есе асып түскен.

Міне, Семей ядролық полигоны жабылғанына 30 жыл толып отыр. Осы сынақтан зардап шеккен халыққа қандай әлеуметтік және медициналық көмектер жасалынды?! Мемлекет тарапынан әлі де көп көмек, жеңілдіктер қажет. Қарапайым әлеуметтік жеңілдіктер жасалса болар еді. Семей ядролық полигонынан зардап шегушілерге, Республика көлемінде қоғамдық көліктерде, ұшақта жеңілдіктер қарастырылса, әлеуметтік жылына бір реттік көмек көрсетілсе, медициналық саладан жеңілдіктер болса? Сосын экологиялық аймақтарда алдымен медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен бірінші қамтыса, қазіргі таңда экологиялық аймақтардың аудандық, ауылдық ауруханаларына мемлекет тарапынан үлкен қаржылай қолдаулар керек, ішіндегі қарапайым медициналық құралдар мен заттар –сонау Кеңес үкіметі кезіндегі құрылғылар. Экологиялық аймақтағы онкоауруларға шалдыққан науқастарға көмектер көрсетілсе екен. Анализдарын алатын жылжымалы лоборотория ұйымдастырылса. Себебі экологиялық аймақтарда Семей ядролық полигонының сәулелі радиациялық зардабын шегіп, бүгінде онкологиялық ауруға шалдығып жатқандар көп. Олар анализ тапсыру үшін, химиялық ем алу үшін 500 шақырым облыс орталығына қатынайды. Республика көлемінде Семей ядролық полоигонынан зардап шеккен экологиялық аймақтарға қолдау көрсетілсе екен.

Еркебұлан ЗАҒЫПАРОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі, қоғам белсендісі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × one =