ЗАҢСЫЗДЫҚ ПЕН АРСЫЗДЫҚ ЖАЗАЛАНАДЫ

0 103

Елорда әкімдігінің ситуа­циялық орталығында жерді заңсыз басып алу және үлестік құрылыс мәселелері бойынша брифинг өтті. 

– Астана әкімдігінің ресми сайтындағы алаяқ компаниялардың тізімі ай сайын жаңартылады. Қазіргі кезде «Алтын Раид», «Сан сити», «Магистральный 2», «Магистральный 3» тұрғын үй кешендерін салып жатқан «Тамыз Инвест Групп» компаниясының, сондай-ақ, «Азбука жилья» және «Төленді» фирмаларының нысандарына рұқсат құжаттарын алу мәселесі қиындап тұр, – деді Мемлекеттік қала құрылысы сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұлов.

Шарада апатты құрылысқа қатысты жайттар да талқыланды. Тұрғын үй бас­қар­масы басшысының орынбасары Асхат Елеужановтың мәлімдеуінше, апатты тұрғын үйлерді бұзу жөніндегі жоба әзір. Сол бойынша шаһар басшылығы тұрғындарды көшіріп, ескі үйлерді бұзады. Аталған жобаға сәйкес, келер жылдың соңына дейін 228 апатты үйді бұзып, 3500 отбасын көшіру жоспарланған. Бүгінде 70-тен аса апатты үйдің тұрғындары жаңа баспанаға қоныстанды.

Мұнымен қоса, шарада заңсыз басып алынған объектілердің аз еместігі айтылды. Мұндай жерлер жаңадан салынып жатқан теміржол вокзалы аумағында, Өндіріс және Кирпичный кенттерінде бар. Жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Молдағалиев осы учаскелердің кейбіреуі мектеп пен бала­бақша салуға берілетінін, кейбіреуі мемлекет мұқтаждығына алынатынын айтты. Мемлекеттің жерлерін заңсыз басып алғаны үшін жеке тұлғалар – 75 айлық есептік көрсеткіш, жеке кәсіпкерлер 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Ботагөз Маратқызы

astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × two =