ЗАҢНАМАЛЫҚ БАЗА ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУҒА МҮМКІНДІК БЕРДІ

0 188

Серік АҚЫЛБАЙ, Парламент Сенатының  депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі  және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы:

– Серік Байсейітұлы, Президент Н.Назарбаев жариялаған «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында атал­ған негізгі бағыттардың бірі – мем­лекеттілікті одан әрі нығайту және мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру үшін қазақстандық демократияны дамыту. Бұл бағытта қандай жұ­мыстар атқарылып жатыр?
– Аталған бағыттың алғашқы аспектілері қатарында мемлекеттік жоспарлау және болжау жүйесін одан әрі жетілдіру белгіленген. 2009 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен түпкі нәтижеге бағытталған Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бекі­тілгені белгілі. Қолданыстағы стратегиялар, тұжырымдамалар, доктриналар, мемлекеттік, аймақтық және салалық бағдарламалар 2010 жылы желтоқсан айында осы құжатқа сәйкестендірілді. «Қазақстан – 2050» стратегиясының жаңа мін­дет­терін ескере отырып, құжат­тардың қайта пысықталуы мем­лекеттік органдардың мүдде-мұ­раттарды іске асырудағы жауап­кершілігін күшейтуге, нақты нәтижелерге қол жеткізуге лайықталды. Осы мін­детке мемлекеттік аудитті енгізу де қарастырылған.

Мемлекеттік басқаруды одан әрі орталықсыздандыруға келетін болсақ, биліктің орталық және жер­­гілікті деңгейлері арасындағы қыз­меттердің аражігін айыру бо­йынша мақсатты жұмыс 2003 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқанын атап өткен жөн. 2004-2006 жылдары осы саладағы заңнамаға тиісті толықтырулар енгізілді. Жаңа Бюджет кодексінің нормалары биліктің барлық деңгейлеріне дербестікті қамтамасыз етті.

2009 жылы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәсе­лелері бойынша заңнамалық акті­лерге енгізілген түзетулерге бай­ланысты Қазақстандағы жер­гілікті өзін-өзі басқарудың негізі мәс­лихаттар болды. Осылайша жер­гілікті өзін-өзі басқарудың жаңа тетігі құрылды, жергілікті маңызға ие мәселелерді тікелей ше­шуге азаматтарды неғұрлым кең тартуға қозғау салынды. Ауыл әкім­дерінің мәслихаттар арқылы сайлануы қоғамдық бақылау мен тұр­ғындардың тұрғылықты жердегі жағдайға ықпалын, жергілікті ма­ңызға ие мәселелерді шешуге қо­сы­луын арттырады. Бұл үде­ріс­тердің барлығы құқықтық қолдауды қажет етеді, оны алдағы жылда іске асыру көзделген. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту саласындағы заңнаманы жетілдіру Парламент қызметінің аса маңызды бағыты болып есептеледі.

– Осы орайда, халықтың жер­гілікті өзін-өзі басқару конс­ти­­туциялық құқығы туралы түсіндіріп өтсеңіз…
– Халықтың жергілікті өзін-өзі басқару конституциялық құқығын іске асыру тиімділігі қажетті құ­қықтық негіздің болуында ғана емес, жергілікті өзін-өзі басқаруды іске асырудағы құқықтар мен мүм­кіндіктерді пайдалануына, адам­дардың түсінуі мен ұмтылысына да тәуелді. Осы саладағы міндеттерді жүзеге асыру кең үгіт-насихат жұ­мыстарына байланысты. Бұл аза­маттарға жергілікті маңызға ие мә­селелерді шешу үдерісіне қосылуға көмектеседі.

Бұл бағыттың үшінші аспектісі кәсіби мемлекеттік аппаратты қа­лыптастыруға, мемлекеттік бас­қару жүйесі тиімділігінің артуына байланысты. 2007 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен әкімшілік реформаны одан әрі жал­ғастыру, мемлекеттік басқару жүйе­сін жетілдіру бойынша шаралар қабылданған. «Мемлекеттік қызмет туралы», «Әкімшілік рәсімдер туралы» заңдар, мемлекеттік қыз­метшілердің Ар-намыс Кодексі қабылданды. Мемлекеттік қызметке қабылдаудың конкурстық жүйесі енгізілді. Мемлекетке тән емес қызметтердің жартысы бәсекелі ортаға берілді.
Ағымдағы жылы мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді және оның тиімділігін мемлекеттік қыз­метке түсудің оңтайлы және айқын тетіктерін, бағалау және мансапты жоспарлау жүйесін енгізу, «А» басқарушылық корпусын құру ар­қылы арттыру, сондай-ақ кадр қыз­метінің рөлін көтеру, мемлекеттік қыз­метшілерді көтермелеу және уәждеме шараларын жетілдіру бо­йынша мемлекеттік қызмет туралы заңға түзетулер енгізілді.

– Біздегі мемлекеттік қызмет сапасын қалай бағалауға болады?
– Мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің негізгі кемшілігі – оның көбінесе қызметтерді жеткізушінің мүддесіне ойысып кететіндігінде. Нақтырақ айтқанда, тұтынушыға емес, шенеунікке. Осыған байланысты Мемлекет басшысы мем­лекеттік аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарында бір­жақты, астам көзқарастардан ары­лып, азаматтарға мемлекеттік қыз­меттерді тиімді және жедел түрде көрсетуге көшу міндетін қойды.

Бұл жерде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бо­йынша мемлекеттік тетік­терді одан әрі жетілдіру ерекше маңызға ие. Сот, прокуратура, адам құ­қық­тары бойынша уәкіл институты және басқа мемлекеттік органдар заңдылықты қамтамасыз етуі тиіс.

Мемлекеттік аппараттың бизнес-қоғамдастықпен өзара әре­кет­тестігінің жаңа жүйесін құру осы бағыттың негізгі ас­пекті­лері қатарына жатады. Шағын және орта бизнестің дамуы – мем­лекеттік саясаттың басты құ­рамдас бөлік­терінің бірі. Бизнеске әкімшілік ауырт­палықты тө­мендету мақ­са­тында заңнамаға рұқсат беру жүйесін жеңілдету бойынша толықтырулар енгізілді. Мәселен, 1015 рұқсаттың 348-і жойылды. «Қазақстан Рес­пуб­ли­касындағы мемлекеттік ба­­қы­лау мен қадағалау туралы» заңы­­мен мемлекеттік органдардың ша­­руа­­шылық жүргізуші субъекті­лер­дің қызметіне негізсіз араласу фактілері, соның ішінде тексеруге құзіретті органдардың тізімін одан әрі қысқарту жолымен жойылады.

Тәуелсіздік жылдарында қалып­тасқан заңнамалық база Қазақ­станға толымды құқықтық мемлекет құруға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік алғалы бері 2000-нан астам заң қабылданды.

– Құқықтық реформа барысында және қазақстандық заңна­маның негізгі салаларының коди­фикациясын қамтамасыз етуде еліміздің негізгі құжаты – Конс­титуцияның маңызы қандай?
– Әрине, тікелей ықпал етеді. Заң­намалық деңгейде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын құқық қорғау жүйесін реформалап, сот тәуел­сіз­дігін нығайту арқылы олардың қорғалуын одан әрі қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қамтамасыз етудің жаңа тетіктері – медиация және сот актілерін жеке негізде орындау, қамауды соттық санкциялау енгізілді. Қылмыстық істі жүргізуге алқабилер институты енгізілді. Жыл сайын соттардың мамандануы тереңдетілуде. Оны азырқансаңыз, ұлттық заңнаманы адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары саласындағы ха­лықаралық құқықтық актілерге сәйкестендіруге де маңызды орын берілген.
Жуырда Парламентке қылмыс­тық, қылмыстық іс жүргізу, қыл­мыстық атқару кодекстерінің және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекстің жобалары енгізілді. Олардың сапалы түрде қабылдануы қылмыстық сот ісін жүргізуді реформалауды қамтамасыз етеді.

– Осы саладағы «нөлдік төзім­ділік» туралы айтып берсеңіз…
– Тәртіпсіздікке «нөлдік тө­зім­ділік» қағидаты жөнінде айтсам, ондай қырағылыққа үйренген қоғам ең алдымен елеусіз құқық бұзу­шы­лықтар үшін де қатаң жазаларды көздейді. Осылайша мемлекет кез келген тәртіпсіздікке жол бермеуге бел байлағанын көрсетеді. Президент жариялаған бұл қағидат – қо­ғамдық қауіпсіздікті нығайту және қылмыспен күресудегі ма­ңызды қадам. Алайда, әрбір қазақ­стандық, тіпті, болмашы құқық бұ­зушылықтарға көз жұмуға болмайтынын ұғыну керек.
Жемқорлықты өмірдің түрлі салаларында туындататын және мем­лекеттік қызметшіні соған итер­ме­лейтін себеп пен салдарды барынша азайтуды көздейтін жемқорлыққа қарсы жаңа саясатқа айрықша ма­ңыздылық берілуде. ТМД елдері ішінде Қазақстан жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың заңнамалық негізі мен жүйесін әзірлеуде жетекші орында. Осы саладағы құқықтық база мемлекеттің жемқорлыққа қарсы күреске бірізді және кешенді сипат беруді көздейтінін көрсетеді.

– Енді, «азаматтардың конс­ти­туциялық құқықтары қалай қор­ғалуда?» деген сауалға ойыссақ…
– Алдағы уақытта мемлекеттілікті нығайту және демократиялық үде­рістерді дамытуда құқық қорғау органдары мен арнайы қыз­мет­тердің реформалануына елеулі орын берілетін болады. Соңғы жыл­­­дары елде қылмыстық қол сұғу­­шы­­лықтардан азаматтардың конс­ти­туциялық құқықтарын қор­ғауды нығайту, қоғамдық тәртіпті қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар іске асырылды. Заңнамалық негіз жасалды.

Атап айтсақ, «Жедел іздестіру қыз­меті туралы», «Қа­зақ­стан Рес­пуб­ликасының ішкі істер органдары туралы», «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы», «Әділет органдары туралы», «Терроризммен күрес туралы», «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» заң­дар мен басқа заңдық нормалар қабылданды. Барлық күш құры­лымдарының қызметкерлері аттестациядан өткізілді. Келесі жылы құқық қорғау органдары қыз­меткерлерінің ақшалай ынталандыру мен зейнетақымен қам­сыздандыру жағы жақсартылады. Бір сөзбен айт­қанда, құқықтық база жетілдіруде.
Тек соңғы 10 жылда Қылмыстық, Әкімшілік, Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді. Қылмыстық жазалар және қылмыстық атқару жүйесін одан әрі жетілдіру, азаматтарды ұстау, өлім жазасы негіздері мен тәртібін бекіту, есірткінің заңсыз айналымы саласындағы жауапкершілікті кү­шейту, әскери қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту мәселелері бо­йынша заң­намалық актілерге елеулі түзе­ту­лер енгізілді, олар құқық қорғау органдары жұмысының нысан­дары мен әдістерін өзгертуге ба­ғыт­талған. 2011 жылы «Құқық қор­ғау қызметі туралы» заң қабыл­дан­ды, ішкі істер органдары туралы жаңа заң Парламентте биыл жыл аяғына дейін қаралатын болады.

Бұл жерде шекара қызметін реформалау мақсатында Парламент «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік шекарасы туралы» жаңа заң қабылдағанын атап өту қажет. Осыған байланысты «Қа­зақстан Рес­публикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы» заң күшін жоятынын еске сала кетейін. Қабылданған заңға сәйкес келесі жылдың қаң­тарында Шекара қызметінің ко­мандалық құрамын кезектен тыс аттестациялау өт­кізілетін болады.

«Қазақстан-2050» Стра­тегия­сының ауқымды міндеттерін іске асыру заң­намалық сүйемелдеуді қажет етеді, сон­дықтан Парламент Үкіметпен бір­лесе отырып, еуропалық тәжірибені пай­даланумен бірге институционалды-құқықтық базаны жетілдіру бо­йын­ша жұмысты жалғастыратын болады. Осыған байланысты халық аты­нан өкілдік институты және қоғам мен мемлекеттің аса маңызды билік-бас­қарушылық құрылымы болып та­­бы­латын Парламентке Мем­лекет бас­­шысы Жолдауда алға қойған жоғары мақсаттарға қол жет­кізу жөнінде ерекше жауап­кер­шілік жүктелген.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − 1 =