Заң үстемдігін орнықтыру – маңызды міндет

0 39

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы қандай мәселелердің сотқа қатысы бар? Біздің салаға қатысты айтылғандардың маңыздыларына тоқталсақ, алдымен заң үстемдігін орнықтыру және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесі көтерілді. «Сот жүйесі ешкімге есік ашпайтын меңіреу мекемеге айналмауға тиіс. Жоғарғы сот кеңесі мен Жоғарғы сот жаңа кәсіпқой кадрларды сот төрелігін жүзеге асыруға тарту жұмысын белсенді жүргізгені жөн» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Әрине, ең бастысы дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Сот айыптау жағынан тәуелді болмауы үшін, қорғаушы мен прокурордың тепе-теңдігі қамтамасыз етілуі керек.
Қылмыстық істер қарайтын соттардың алдында көптеген мәселелер қойылды. Мысалы: әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық, жыныстық қатынасқа қатысты, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстарға жазаны қатаңдату туралы жолдауда бағдар берілді. Сонымен бірге қылмыстық істерді қарауда қателік жіберуге жол берілмейтіні айтылды. Сөз жоқ, әр қатеден адамдардың тағдыры шешілетінін осы сот саласының қызметкерлері әрқашан ескеруі қажет. Соттарға мемлекеттік органдардың әрекеттеріне шағымдар қарау құзіреті беріледі. Мұндай қадам мемлекет органдарымен, халық арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық пен қылмыстық құқықбұзушылықтың ара-жігін нақты анықтап, сот тәжірибесін бірізділікке түсіру атап өтілді.
«Сот жүйесі салық салу, жер қойнауын пайдалану, зияткерлік меншік, корпоративтік құқық саласының мамандарына зәру болып отыр. Судьяларды іріктеу бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен жүргізілуге тиіс. Үміткердің қандай еңбегі арқылы жұмысқа қабылданғанын жұртшылық біліп отыруы керек» деді Президент. Осылайша сотқа салық, жерқойнауы байлығын пайдалану, интеллектуалды меншік, корпоративтік құқық салаларында мамандарды тарту жүктеліп отыр.
«Бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашады. Дамыған елдерде мұндай институттар өзін-өзі таныта білуде» деді Президент. Медиацияны, яғни дауларды келісіммен шешуді кең насихаттап, қолдану қажеттілігі, сөйтіп қоғамда тыныштықты қамтамасыз ету туралы атап өтілді. Бұл бағытта сот саласында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік.

Сайран ӘЛІМБАЕВА,
Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + 15 =