Заң қазақша сөйлейтін заман туса…

1 161

Тәуелсіз елдің заңдары алдымен ана тілінде жазылып, сосын өзге тілге аударылуы керек. Өкінішке қарай, қазақ тілі «калькаланған» аудармашы тіл қызметінен көтеріле алмай босағада жүр. Халықтар достығынан бұрын ұлттық идеология насихатталса, тәуелсіздіктің мәні тереңдей түсер еді. Осындай қиюы келмей жатқан күйбең тірлікте адамдар жанына жылулық сыйласам деп жүрген бір жан бар. Ол – тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы мен 30-ға жуық кітаптың авторы, ҚР Парламенті Мәжілісі 1-шақырылымының депутаты, жазушы-журналист Әкім ЫСҚАҚ. Кейіпкерімізбен сұхбатта бүгінгі қоғамның жетістіктері де, жазылмай жатқан жан жарасы да қамтылды.– Елімізде тұңғыш рет қазақ тілінде өзіңіз жазған көші-қон туралы заңның арқасында алыс және жақын шетелдерден 300 мыңға жуық отбасы, яғни 1 миллионнан аса қандасымыз атамекенге оралды. Жалпы бізде заң жазу ісі өз деңгейінде бағалана ма?
– «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты» деген екен ­Шерхан Мұртаза ағамыз. Шындығында заң дегеніміз не? Ол – жалпыға бірдей міндетті ережелер, мемлекеттік биліктің жоғары өкілетті органы қабылдаған нормативтік акт. Заңға қарама-қайшы келетін кез келген акт қабылдана бермейді. Оны қабылдаудың да айрықша өзіндік тәртібі бар. Қазақстан Республикасы Конституцияның 61-бабының 1-тармақшасында көрсетілгендей, «Заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады». Біздің елде, негізінен, бұл жұмысты Үкімет атқарады. Мәжіліске заң жобаларын енгізу туралы шешімді Парламент депутаттары тиісті ұсыныспен рәсімдейді. Үкімет заң жобаларын енгізу туралы шешімге тиісті қаулы шығару арқылы қатысады. Мәселен, көптеген басқа мемлекеттерден айырмашылығы, АҚШ-та федералды деңгейде заң шығару бастамасы Конгрестен бастау алады. Яғни, мұндай құрметке тек Конгресс мүшелері ғана ие. Президенттің өзі тікелей заң шығару құқығына ие емес. Оларда заңдағы бір бапқа түзету енгізсе болды, соның өзін «Пәленшенің түзетуі» деп бүкіл мемлекетке жария етіп, соған кәдімгідей үлкен мән береді, құрмет көрсетеді және сол адамның атымен қоса атайды.
Алғаш қазақ тіліндегі заң Қазақстанға «атамекенім» деп Отанына оралған қандастарымызды қорғау мақсатында жазылды. Тұңғыш рет қос палаталы боп құрылған Парламентте Үкіметке баламалы негізде ұсынылды, бұл жерде мемлекет қауіпсіздігі мен ұлт намысына терең мән беру көзделді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жеке депутаттың алғашқы заң шығару бастамасы да және оның қабылдануы да оңайға соққан жоқ. Өте қызу талқылауға ұсынылып, бір жылға жуық уақыт кетті.

Кереғарлық қашан жойылады?

Қазір елімізде әлі күнге қазақ тілінде заң дайындалып жатқан жоқ. Заң жобасы Үкіметте орыс тілінде жазылады, барлық келісімдер де ресми тілде өтеді, сосын қазақшаға аударылады. Бұл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын қарсы алып жатқан мемлекетіміздің бір трагедиясы дер едім. Себебі егемен елде заң да тәуелсіз мемлекеттің тілінде сөйлеуі керек. Заң өзінің мемлекеттік тілінде жазылмаса, оны қалай мемлекеттік заң деп айта аламыз? Ешбір елде мұндай кереғарлық сақталмаған. Қандай сәтте де жүгінетініміз Атазаңымыз болса, оның 7-бабының 1-тармақшасында-ақ «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айқын жазылса да, бұл бап еш орындалмай келеді. Үкімет те, депутаттар да заң шығару ісін мемлекеттік тілде жазылуын осылай қолға алмай немқұрайлы көзқарас таныта берсе, ұлтымыздың тілінен айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Шын мәнінде, Атазаңымыз орындалсын десек, осы 7-баптың 2-тармақшасындағы: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген жазуды алып тастауымыз керек! Мемлекеттік тілде заң жазғандарды, заңға мемлекеттік тілде толықтырулар мен өзгерістер енгізгендерді қолдау ауадай қажет деп білемін. Халық қалаулысы бастама көтеріп, ол заң жобасы қабылданған жағдайда сыйақылар тағайындалса немесе сол депутаттың атымен аталса, бұл да ана тілімізді қолдаудың бір көрінісі болар еді. Барлық саладағы мемлекеттік қызметкерлерді де мемлекеттік тілде анықтамалар, қызметтік жазбаларды қазақ тілінде жазатындарға сыйақылар беріліп тұрса, бұл іс алға жылжитын еді.
– Ұстаздар әулетінен бастау алған өнегелі жолыңыз қоғамдық өмірде келелі мәселелер шешуге ұласты. Сізді қазір не толғандырады?
– Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзін жас кезімізден оқып өстік. Атамыз да, әкеміз де кез келген мұғалімнің ұстаз болуы үшін ізденуі, тер төгуімен бірге үлкен жүрегі болуы керектігін ұқтыратын. Сондықтан да біздің түсінігімізше, ол – өз білгенін үйретуден жалықпайтын, қандай жағдайда да сабырлы кейпін сақтай алатын, шәкіртіне өмірлік азық болатын ізгілік пен білім нәрін егуші. Шынымды айтсам, ұстаздар әулетінен шыққанымды мақтан тұтамын.
Бірақ мені сол педагогтардың жағдайы толғандырады. Ұлағатты мамандық иесіне деген құрмет мемлекет тарапынан өте жоғары болу керек. Кәсіби дамуына және бәсекеге қабілеттігін арттыруға, ар-намысы мен қасиетін қорғауға мүмкіндік жасалып жатыр ма? «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды, әйтсе де, орындалу жағы сол бұрынғы деңгейде қалып отыр. Өткен ғасырдың 50-60-70 жылдарындағы мұғалім мәртебесіне қайта көтеріле алмауына не себеп? Бала мұғалімін сыйлайтын, ата-ана үшін ұстаздың сөзі заң болатын дәуір келмеске кеткендей. Оның үстіне барлық жерде педагогтарға артылатын жүктеме өте көп. Әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстарға тек мұғалімдерді жегеді. Бұл дұрыс емес! Олар қайда бар десе, сонда жүгіре беретін қоғамның қол баласы болмауы тиіс.

Тіл үшін күрес – ұлт үшін күрес

– Тіл мәселесіне қатысты не айтасыз? Ұлт жанашыры ретінде ана тіліміздің болашағын қалай бағамдайсыз?
– Өз тілі мен мәдениеті жоқ ел тәуелсіз мемлекет бола алмайды. Тілі, өзіндік дәстүрі сақталған, ұлттық идеологиясы бар ел ғана қуатты. Тіл – ұлттың жаны. Тілін құрту арқылы ұлтты жойып жіберуге болады. Сондықтан да тіл үшін күресу – өз ұлтың үшін күресу деп білемін. Өзім сонау Кеңес өкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған кездің өзінде тіл туралы мәселелерді көп көтеріппін. Одан кейін де бірінші шақырылым депутаты ретінде ана тілінің мүшкіл халін жиындарда талай рет айттым да, айтып та келемін де, айтып өтемін де! Шетелдің бірінде Кеңес Одағы кезінде Қазақстаннан өнер адамы барғанын естіп, атамекенін аңсап жүрген бір топ қандастарымыз «алақайлап» алыс жолды елемей, 500 шақырымнан арнайы сәлем беруге жеткен. Ондағысы – өз ана тілінде сөйлесіп, шер тарқатып, пікірлесу. Концерт аяқталғанын күтіп, ағайыным деп, гүл шоқтарын, сыйлықтарын ұсынып, құшаққа алып, мәз болған. Сөйтсе, әлгі Еуропа өнерін меңгерген жан: «Я по казахский не понимаю» деп жерге қаратыпты.
Қарап отырсаңыз, қазақ тіліндегі балабақшаға баратын сәби де, қазақ тілінде оқитын бала да тек өзге тілде сөйлейді. Берілген сабақтан кейінгі уақытта тек орысша шүлдірлейді. Әрине, бұған ата-ана да, ұстаз да, қоғам да кінәлі. Себебі талап жоқ, қадағалау жоқ. Бірінші сыныптан бастап қазақша оқыған бала кітапханаға келіп: «Орыс тілінде оқитын көркем әдебиет бар ма?» деп сұрады. Кітапханашы: «Неге қазақ тілінде оқымайсың?» десе, баланың жауабы: «Қазақша оқысам түсінбеймін» болды. Бұл – айналаның әсері, бұл «көгілдір жәшіктің», ұялы телефонның әсері. Неге қазақ тілі бейшара тілдің халін кешуде? Бұл – 30 жылдан бері мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мемлекеттік деңгейде шешілмегеннің әсері. Айналаға қараңызшы, дүкенге, емханаға, кафеге, фитнес клубқа барғандар қазақ болып тұрса да, қазақ тілінде сөйлесу қалып барады. Тіпті, орысша білмейтін адамдар да қояр сұрағын қиналып, сол тілде қояды. Қоғамдық жер тек ресми тілде сөйлеуге құмар. Тіпті қазір асқынып кеткені сонша кейбіріне: «Қазақша сөйлесейші» десең, өзіңе қатты сөздер айтып, біраз лекция «оқып» тастайды. Ондайларға мемлекеттің, ұлттың мәселесін айтсаң да түсінуі қиын.
Тіл – ұлттың рухы. Тілі жоғалған ұлттар өте көп. Отаршылардың алғашқы міндеті – жергілікті ұлттың тілін жою. Америкалықтар жерін жаулап алған соң жергілікті үндістерге ағылшын тілін білуді міндеттеді. Үндістер тілі мектепте де, балабақшада да оқытылмады. Соның салдарынан өз тілдерін ұмытып, бәрі ағылшынша сөйледі. Мәселен, Солтүстік Америка тайпаларындағы 176 тілдің бүгінде 52-сі ғана сақталыпты. Қазіргі таңда 120 тіл жойылу алдында деген ақпарат бар. Әр екі апта сайын бір тіл өледі екен. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық газеттерге берген сұқбатында «Қазақтың тілі – қазақтың жаны. Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. Осы тұрғыда балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді басты назарда ұстау қажет» дегені өте орынды айтылған, оған толығымен қосыламын. Осыған орай айтатыным, елімізде теледидар бағдарламасын түгелдей қазақ тіліне көшіру керек және әйтеуір көрермен жинау үшін арзан дүниелер емес, отанға патриоттық сезіммен қарайтын хабарларды көбейту керек, сондай-ақ «Жарнама» туралы заңға да өзгерту енгізіп, жарнама тілін мемлекеттік тілге көшірмесе болмайды. Меншікті міндет етіп, өзге тілдердегі қаптап кеткен көшедегі түсініксіз, қисынсыз атаулардан арылу керек! Бұл тілді, ұлтты сақтау үшін керек!
– Ұлттық киім туралы пікіріңіз қандай?
– Ұлттық киім де – біздің мәдениетіміз, салт-дәстүріміз. Оны да арымыздай құрметтей білуіміз керек. Бір кездері, кеңестер заманында қазақтың ұлттық киімдерін «әртіс көйлек» деп атап кеткен шақтарды да бастан өткердік емес пе? Бұл – күнделікті өмірде емес, тек сахнада ғана көргендіктен. Ал ұлттық киім әрбір адамға жарасатыны анық. Шындығында тақия, бөрік, камзол киіп жүргендерді көрсек сүйсіне түсесің. Бұл да өз ұлтыңды құрметтеудің алғашқы белгісі дер едім. Шапанның қадірін әбден түсіріп алдық. Оны киім ретінде емес, тек өзгеге сыйлайтын арзанқол дүниеге айналдырғандаймыз. Ешкім сол шапанды кимейді, оны да міндетті түрде өзгеге тарту етеді. Қолдан қолға өтетін кезекші зат ретінде қарайтын болдық. Өткенде бір кісі «осыдан екі жыл бұрын сыйлаған шапаным, екі жылдан кейін өзіме қайта айналып келді» деп күлгені бар, өзінің қойған белгісіне қарап.
Меніңше, ұлттық идеология дегенде де жазғы, күзгі, қысқы ұлттық киімдердің жобасын жасау керек шығар. Қай ұлтқа да өз киімі жарасымдылық табады. Ұлттық дүниеге бізде немқұрайдылық басым. Мәселен, қай бір жылдары «Қара жорға» биі жақсы қолға алынып еді. Тек науқандық сипат алып, қалып қойды. Егер қазақпын десең тіліңді, діліңді, ұлттық қасиетіңді құрметте!
– Қазір ұлттық идеология тұрғысында кереғар пікір көп. Бізді алға жетелейтін, дамуымызға ықпал ететін қандай идеология керек деп ойлайсыз?
– Қайталап айтамын, бізде ұлттық идеологияны қайта қарау керек. Адамды құрметтеу, ата-бабаларымыз­дың елді қорғаудағы жанкештілігі, отанына деген сүйіспеншілігін, Абайдың, әл-Фарабидің, Ақтамбердінің, Бұхар жыраудың, Бауыржан Момышұлы сияқты тұлғаларымыздың өнегелі жолы жоғары дәрежеде насихатталса деймін. Шынында, халықтар достығы деген жалған ұраннан гөрі ұлттық дүниелер бәрінен биік тұрғаны жөн. Теледидар арқылы да ұлттың рухын көтеретін дүниелер көбірек берілсе дейсің. Бұл тұрғыда «Балапан» арнасы тұрақты көретін бүлдіршіндерге нағыз тәрбие мектебі болуда. Ал үлкендер жағы тамашалайтын арналарымыз ток-шоудан әрі аса алмауда. Бұрын «Қымызхана», «Алтыбақан» деген хабарларды қалай қызығып көретін едік.

Жастарға жігер керек

– Сіз жастардың ортасында, рухани кездесулерде көп жүресіз. Олардың бойында нендей кемшіліктері немесе қандай артықшылықтары бар?
– Иә, мен әсіресе, ойлы жастардың ортасында көп боламын. Маған бүгінгі дәуір жастарының бойын­дағы ерекше ұнайтын қасиет – олардың ішімдікке үйір еместігі. Соған қатты қуанамын. Бұған қоса имандылық, үлкенді сыйлау, ұлтты сүю, ұлтқа қызмет ету қасиеттері де насихатталса. Бәлкім, мектептерде, колледждерде, университеттерде «ұлтты сүю» атты пән енгізу керек болар. Мәселен, Түркістан облысының Ордабасы ауданында барлық білім беру орындарында сәрсенбі күні домбыра күні деп жариялап қойған. Сол күні ұлттық әндер айтылып, күйлер ойнатылады, домбыра пати жасайды. Ұлттық дәстүрді, өнерді насихаттаудың – бүгінгі ұрпаққа тәрбие көзі екені анық.
– «Алтыным» айдарымен немесе ұранымен сіздің әлеуметтік желідегі жазбаларыңыз күйзелген, көңіл күйі түскен жандардың өміріне нұрын шашып, сөзбен кәдімгідей қолдау болады. Жалпы сөз құдіреті дегенге қатты мән бересіз. Сөз адамның өміріне тікелей әсер етеді дейді. Сіздің сөзіңіз арқылы күйзелістен шыққан адамдар болды ма?
– Қазір біз ашық коғамда өмір сүріп жатырмыз. Осыдан 13 жыл бұрын ең алғаш қанатты сөздерімді есімнен шығарып алмай, сақтау мақсатында әлеуметтік желідегі парақшама жазып қойдым. Бірақ оны сол күйі ұмытып кетіппін. Он шақты күннен кейін 3-4 адам хабарласты. «Мынауыңыз дұрыс емес, балаға кәмпит көрсетіп, оны бермей қойғандай әрекет еттіңіз. Неге әрі қарай жалғастырып, тағы сондай сөздерді салмайсыз?» деді олар. Жылы сөздің әсері қашан да ерекше. Адамдар әр жазғаныңды тіке өзіне айтқандай қабылдайды. Мына оқиға жадымда, мектептің «алтын белгіден» үміт еткен түлегі ҰБТ тапсыру кезінде қатты тексеруден қобалжып, төмен балл алып қалады. Сонда ұстаздары көптің көзінше оны сөзбен тілдеп, «сенгеніміз сен болсаң» деген ауыр сөз айтқан. Әлгі қыз бұл соққыдан бірден күйзеліп, үйіне келіп, сірке суын ішіп өлмек болады. Қоштасу хатын жазып, әлеуметтік желіні ашып қалғанда сол кезде білгендей салған менің сөзімді оқып қалады. Сол сөз оған бірден әсер етіп, бастапқы райынан қайтады. Сөйтіп маған хат жолдады. «Әкім аға, менің түңіліп жүргенім болмашы ғана қиындық екен, мен енді мықты болам, ашуға берілуге болмайды дегеніңіз дұрыс. Қайта қателіктен сабақ алуым керек» депті. Сөйтіп үйден сыртқа шықса, бақшада анасы мұның жаман ойынан бейхабар үйдің шаруасымен күйбеңдеп жүр дейді. Дереу қызынан тест нәтижесін сұрапты. Сонда қызы «Өмірде ҰБТ-да алатын балдан да артық нәрсе бар. Мені іздейтін анам, жақындарым бәрінен қымбат екен. Ең бастысы, өмірді сүю керек!» деп бірден есін жиған. Айтсақ, мұндай оқиғалар өте көп, бірнеше мысалдар келтіруге болады. Оншақты адамның өздері мойындағанындай осынау «алтыным» сөздері қиналған кезінде жоғарыдағыдай жаман ойынан арылуға септігі тиіпті.
– Ендеше «Алтынымдағы» ең бір үздік үзіктерден бізге де тәбәрік етіп айтсаңыз…
– Алтыным! Менің күнделікті жазбаларым үнемі тұрақты оқитын, оған терең мән беретін оқырмандарын тапты. Сенің қаратпа сөзіңді көздің қарашығындай сақтап, өз әлеміне қабылдап, күнделікті өмірінде қолданып жүргендерге қалай риза болмайсың. Ендеше елордамыздың басты басылымы «Астана ақшамы» газеті арқылы да осы ойларымды жеткізейін:
• Алтыным! Өмірдің сынын қабылдай біл. Қайғыны бастан өткермеу мүмкін емес. Бақыт пен нағыз өмірдің шын қадірін сонда сезінесің.
• Алтыным! Әрине, мүмкіндік болса, шаршамауға, өзгеге ренжімеуге тырыс. Ол адамды дертті етеді. Қайда жүрсең де шабыт пен шаттығыңды жоғалтпа!
• Алтыным! Бос өткен күндер – ең бір аянышты сәттер.
• Алтыным! Жаныңа жақын адамды іздемеу қылмыспен тең емес пе?! Іздемеу – адамды мазалау емес, жазалау ғой.
• Алтыным! Дәл осы дәрежеңдегі биігіңде қалу – осалдығыңның белгісі. Өзіңді жетілдіріп, толықтырып тұрмасаң – ұтыласың.
• Шаттығың тасып тұрғанда төмпешік те тау боп көрінеді. Көңілің пәсейгенде тау да төмпешіктей болатыны сөзсіз.
• Алтыным! Жымия түс, шаттана түс, өзгеге кінә артпай, айналаңа жақсылықпен қара. Біле білсең, өмір қандай тамаша!

  1. Жібек :

    Ия, «Тіл – ұлттың тағдыры» өзіңіз айтқандай, Әкім Ысқақ ағамыз қазақ тілі үшін жүрегі ауырып, жаны сыздап жүрген бірден бір адам, әлеуметтік желіде болмасын, рухани шығармашылық кештерде болмасын қазақ тілі үшін алаңдайтынын, кейбір қазақ азаматтарының өз тілінде сөйлемей, басқа тілде сайрап жүргені үшін алаңдайтынын жеткізіп жүреді. Әкім ағаның қазағымыз үшін алаңдайтынын, еліміз үшін, жеріміз, тіліміз үшін жаны ауырып, шырылдап жүргенін өзімізде байқап жүрміз. Расыменде, еліміздегі барлық заңнамалар тек қана қазақ тідінде жазылса қазақ тідіміздің тұғыры биік, айбыны жоғары, кеудесі көтеріңкі болар ма еді?! Бұл енді бірінші мәселе деп ойлаймын, ел тізгінін ұстап отырған ұлтымыздың көш бастап отырған аға-әпкелер тек қана қазақ тілінде үн қатып, құжаттарын қазақ тілінде жазса қазақ тіліміздің деңгейі жоғарылайтын еді. Екінші мәселе, әрбір қазақ отбасында болсын, қоршаған ортасында тек қана қазақ тілінде сөйлесе басқа елдің алдында жүзіміз жарық болар еді, әрине өз ойым. Менің айтпағым, Әкім ағаның айтқанының барлығы орынды, әрбір сөзіне қосыламын. Елім дейтін, жерім дейтін, жүрегі қазақ деп соғатын, қазақ тілі үшін жанын беруге дайын тұратын жастарымыз, ұрпағымыз көп болсын деп тілейміз! Себебі, қазақ тілі барда қазақтығым жойылмақ емес! Қазақ елінің айбыны биік болсын десек, қазақ тілінің мәртебесін көтерейік ендеше!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + one =