Заң ғылымдарының патриархы

0 129

Туғанына жүз жыл толған Салық Зиманов ­есі­мі – тәуелсіз елдің құқықтық негізін қалауға бағыттал­ған заңнамалық реформалардың бастауында тұрған, мемлекеттің нығаюына аянбай атсалысқан тұлға ретінде белгілі. Ол – сонымен бірге Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, ерлік көрсеткен әскери полковник. Қаныш Сәтбаев бастаған Қазақ КСР Ғылым академиясында жұмыс істеп, ғылымға сүбелі үлес қосқан заңгер. Желтоқсан оқиғасында жастарға жақтасып, «қазақ тілі мәртебесін мемлекеттік ету керек» деп Колбинге батыл пікір айтқан қайраткер.Соғыс сардары

Классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің естелігінде жас командир Зимановтың жауынгерлерімен жау құрсауында қалып қойып, сол кезде рациямен өздері тұрған жердің координаттарын жіберіп, зеңбіректен оқ жаудыруды сұрайтыны, оқ жауып жатқанда Зимановтың тобы қоршаудан құтылып шығатыны айтылады. Сөйтіп ақылының, қашықтықты дәл есептеген математиктігінің (С.Зиманов мектеп бітірген соң мұғалімдердің қысқа мерзімді курсын оқып, математикадан сабақ берген) арқасында өз тобын аман алып шығады. Закавказье, Солтүстік Кавказ, Воронеж, Степной, бірінші және екінші Украина, бірінші және екінші Беларусь майдандарының құрамында Буг, Днепр, Одер дарияларынан өтіп, ауыр шайқастарды бастан кешкен. Румынияны, Польшаны азат етуге қатысқан. Бірінші және екінші дәрежелі «Отан», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталған. Соғыс аяқталғанда миномет полкі командирінің орынбасары бар болғаны жиырма төрт жаста еді. Бірақ, елге оралған соң әскери қызметке емес ғылымға бет бұрады.

46 жастағы академик

1950 жылы аспирантураны тәмамдап, «Бөкей хандығы және оның саяси-құқықтық құрылысы» атты диссертация­сын Мәскеуден қорғайды. Қазақ КСР Ғылым академиясында жұмысын бастап, Алматы мемлекеттік заң институтында дәріс оқып, оқытушы, 1952 жылы институттың директоры, кейіннен оқу орны Қазақ Мемлекеттік университетінің құрамында заң факультетіне айналғанда, оның алғашқы деканы қызметіне шақырылады. 1961 жылы сол тұста екінің бірінің батылы бара бермейтін «Қазақстанның XVIII ғасырдағы және XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси құрылысы» деген тақырыптағы докторлық диссертациясын да Мәскеуде қорғаған. Ол кезде академия біреу ғана болған, академиктер де саусақпен санаулы еді. Салық Зиманов 46 жасында қазақтан шыққан алғашқы заңгер-академик болып сайланды.

Қазақтың ата заңдарын түгендеген

Ғалымдар, заңгерлер «Қазақтың ата заңдары» деп аталатын он томнан тұратын көптомдық серияны қазақ ғылымындағы тың жұмыс, тарихи реформаторлық зерттеу еңбек деп бағалайды. Бұл Салық Зимановтың ғылыми жетекшілігімен шыққан. Академик басылымның бас редакторы әрі авторларының бірі ретінде бұған мол күш жұмсалған. Құндылығы – еңбек қазақ халқының бай құқық саласының кемел шежіресі іспетті. Өкінішке қарай, қаржының тапшылығына байланысты «Қазақтың ата заңдарының» көптомдығын бар болғаны 3 000 данамен жарыққа шығаруға тура келген.
Көптомдықта қазақ әдет-ғұрып заңдары, билер сотының тарихы мен олардың қоғам, ел өміріндегі ерекше рөліне арналған зерттеулер; Ұлы дала қазақтарының өміріндегі қазақ құқығының «көне болмысы» туралы түрлі зерттеулер, қазақ құқығы жүйесінің көшпелі өмірді реттеудегі жасампаздығы мен тетіктері туралы зерттеу жұмыстары қамтылған. Сондай-ақ академик Салық Зиманов Абайды қазақ әдет-ғұрып құқығының білгірі мен реформаторы деп танып, оның «төбе би» болып сайлануы, нақтылы биліктеріне кеңінен тоқталады. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы», олардың тізімі мен нұсқалары; Дала өлкесін отарлау кезеңіндегі құқық саласындағы күшпен енгізілген кейбір өзгерістер және «Қазақ құқығының» өміршеңділігі, ішкі қасиеті мен құрылымдылығы ғасырлардан ғасырларға сақталуы жөнінде айтылады. ХІХ ғасырда Ресей әкімшілігі тарапынан арнайы құрылған экспедиция материалдары. Бір бөлім «Қазақ құқығы» туралы Еуропа әдебиеттерінде жарық көрген деректерді қамтиды.Қазақ әдет-ғұрып құқық жүйесіне, оның қалыптасуына елеулі әсерін тигізген Орта Азия, Шығыс Түркістан хандықтарының, Моңғолия мен Қытай мемлекеттерінің құқықтық жарлықтары. Салыстырмалы зерттеу және түсініктемелер. Соттық құқықтық және саяси құрылысты бейнелейтін қазақ мемлекеттілігі мен Ұлы дала сотының көрнекті қайраткер-билерінің бейнелері көрсетілген көркемсурет, фотоқұжаттар мұралары, қазақ құқығы туралы жаңа мәліметтер мен деректік құжаттар енгізілген бұл еңбек – Салық Зимановтың заң ғылымына қосқан еңбегінің қорытындысы деуге болатын үлкен мұра.

Желтоқсанда жастарға араша түскен

Академик Салық Зиманов – 1986 жылы желтоқсан оқиғасынан соң қазақ жастарын республика жетекшілігі алдында қорғап сөйлеген санаулы адамның бірі. Мәскеу­дің арнайы тапсырмасымен келген КПСС орталық комитеті саяси-бюросының мүшесі Михаил Соломенцев пен Геннадий Колбин 24 желтоқсанда Қазақ КСР Ғылым академиясы төралқасының отырысында «қазақ жастарының басбұзарлығын» туралы айтқанда жастарға арашаға түсіп, Колбинге ашық пікірін білдірген.
«Ашығын айтайық. Бұл оқиғаға қазақтың да, орыс­тың да үлкендері кінәлі. Біз жастардың алдында қазақша сөйлеуді қойдық. Қазақша сөйлемеген соң біздің сөзіміз оларға жетпейтін де болды. Өз басым Қазақстан компартиясы орталық комитеті саяси бюро мүшелерінің қазақ жастарының алдында қазақша сөйлегенін көрген емеспін. Тыңдаушы жастарды 90 пайызы қазақ болса да, орысша сөйлейді. Мен заңгер ретінде осы мәселені дұрыс қарастыруды, жастарды текке айыптамауды сұраймын» дегені үшін көп қиындық та көрген. Бұл туралы Экономика ғылымдарының докторы, академик Ораз Баймұратов кезінде: «Жұмыстан шығарып жібермесе де, психологиялық тұрғыда талай таяқ жеді. Желтоқсан оқиғасы кезінде қарсы шыққан қазақ зиялылары көп емес. Әлі есімде, академияның жиналысында ашық пікір айт­қан осы Салық Зиманов еді» деп пікір айтқанын білеміз.

Іс қарау – зор жауапкершілік

Заңгер сұхбат беруден, өзін жарнамалаудан қашық болған, ал сұхбат беруге тура келсе қазақтардың дала соттарының ерекше сот жүйесі екенін үнемі айтып жүрген. Бұл оның зерттеу еңбектері, сөйлеген сөздерінде де бар. «Судья, билер қазақ даласында әркез әлеуметтік саты бигінде болатын, шүбәсіз бедел мен абыройдың иесі болатын. Ал қазір бедел мен абырой бар ма? Нашар сот жүйесі болғанның өзі айып. Сотты жақсы ете алсақ, яғни заңға қатаң беріктігінде мінсіз ете алсақ, біз құқық қорғау органдарының басқаларына да ықпал ете аламыз. Турасын айтайық: біздегі сот жүйесі халық сеніміне ие емес. Ең бастысы – халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін қайта қалпына келтіру» деп ашық пікірін білдірген. Ол реформаға қарсы болмаған, бірақ әр мәселеге байыппен қарайтын академик құқық қорғау жүйесін реформалаудың ешқандай философиясыз, ешқандай таным теориясынсыз жүріп жатқанына қынжылыс білдірген.

Шәкірттер Ілтипаты ерекше

Академиктің қызы ­Гүлжамал апайға хабарластық. «Қоғамның белгілі тұлғасы» деп естелік сұрап, хабарласып жатқандарға әкемнің фотосуреттерін, кітаптарын бердім. Негізі ол кісі туралы бірге қызмет істеген адамдар жақсы естелік айтады деп есептеймін. Халықтың ол кісіге деген ықыласына ризамын. Әке ретінде өте жақсы адам болды, бізге қолынан келгеннің бәрін жасады» деп еске алды ол. Шынында үлкен ғалым туралы өкшесін басқан інілері мен шәкірттерінен асырып кім айта алады? Кейбіреуі өмірден өтіп кеткен қанаттас інілері академикті әрқашан жоғары бағалап, оның ел алдындағы еңбегіне жоғары баға берген. Мысалы, халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі Мақсұт Нәрікбаев «Ол кісінің соңғы жылдары зерттеу жүргізген «Билер соты» жайлы еңбектері қоғамды елең еткізбей қоймады. Ол бұл еңбегінде қазақ халқының бүкілұлттық құрылымын сипаттады. Осы еңбегі арқылы ұлтымыздың білікті, мығым, білгір ұлт екенін айшықтап кетті» деп жазған. ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы Сұлтан Сартаев: «Салық Зиманұлының қаламынан «Шоқан Уәлихановтың саяси көзқарастары», «Құқықтың жалпы теориясы мен оның мемлекет және құқық теориясы курсындағы орны», «Кеңестік ұлттық-мемлекеттік құрылыстың теориялық мәселелері», «Конституция және парламент» деген ірі еңбектері шықты. «Ресей және Бөкей хандығы», «Азат ету идеяларынан Бұхара мен Хиуадағы кеңес мемлекеттілігіне» атты еңбектері туды. Академик Салық Зиманұлы әрқашан халық назарына қай өзінің тік жүрісімен ғана емес, ұлы Сократтың бейнесіндей сенімді тұлғасымен де көзге түсетін еді» деп пікір білдірген екен. Заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев «1990 жылдың 25 қазанында Жоғарғы Кеңесте «Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» талқыға түсті. Сонда жасы жетпіске келген абызымыз жеті сағаттан аса уақыт тікесінен тік тұрып, жан-жаққа тартқан, әдетте Кремльдің билігінен басқаны мойындамақ түгілі, ондай пікір туралы ауыз аштырмайтындар Зимановтың уақытынан, заманынан озық тұрған тезистерінен асыра ой-пікір айта алмады. Декларация қабылданды деп еске алып, өткен жылы «Ана тілі» газетіне мақала жазды.
1990 жылы Қазақ КСР жоғары кеңесінің 12-ші шақырылымның депутаты болған Салық Зиманов сол жылы 25 қазанда қабылданған егемендік туралы декларация жобасын жазып шыққан. Және 1991 жылы қабылданған «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң жобаларын талқылап, қабылдауға белсене қатысқан. Сонымен бірге академик республиканың 1993 жылғы тұңғыш Конституциясын әзірлеген жұмыс тобына жетекшілік еткен. Ол – Қазақстан парламенті мен конституциясының ерекшеліктеріне арналған бірнеше еңбек жазған ғалым.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 6 =