ЗАМАНАУИ ЖАБДЫҚТАРМЕН ЖАҢАЛАНБАҚ

0 89

da7c8e0c6de084b8ba95915af1832330

Қаңтардың 1-інен бастап еліміздің басқа аймақтарындағыдай Астанада да жылу, су және электр энергиясын тұтыну бағасы қымбаттады. «Астана-РЭК» компаниясы бір киловатт/сағат электр энергиясының бағасын биыл 2,89 теңгеден үш теңгеге (қосымша құн салығынсыз) қымбаттатып, келесі жылы 3,06 теңгеге көтеріп, ал 2020 жылы 3,11 теңгеге дейін жеткізбек. «Астана су арнасы» мекемесі де ауызсудың текше метрін 72,49 теңгеден 94,25 теңгеге өсірді.

Сондай-ақ, суды пайдалану деңгейіне қарай ақы төлейтін дифференциалды тарифі алынып тасталды. Енді тұрғындар судың ақысын аз не көп пайдаланғанына қарамастан бірыңғай тариф бойынша төлейді.

 Қалада жылу бағасы да өсті. Егер 2015 жылы 1 Гкал үшін 2082,58 теңге төлесек, биылғы жылдан бастап 1 Гкал жылу үшін 2 228,36 теңге төлейтін боламыз.

 Жаңа жылдың басты жаңалығы болған тарифтердің өзгеруін әркім әрқалай қабылдады. Ғимараттар мен үйлерге жылу жеткізіп, қаланың күре тамырлары секілді жылу тораптары мен жабдықтарының апатсыз және тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз ететін «Астана-Теплотранзит» акционерлік қоғамы қызметінің сыналар тұсы да осы сәт.

 Маусым басында кәсіпорын қаланың даму жоспарына сәйкес жылу тораптарын техникалық қайта жарақтандыру, жөндеу, жаңарту жұмыстарын жүргізді. Жылу жеткізетін қондырғыларды пайдалану және күтіп ұстауға техникалық қадағалауды жүзеге асыру да – мекеменің басты міндеті. Жылыту маусымы алдында жаңа трассаны төсеу, сорғы стансаларының құрылысы бойынша қыруар шаруа атқарылып, жалпы жұмыс барысын автоматты жүйеде бақылауды енгізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл – соңғы үш жылдағы бекітілген тариф бойынша түскен табыстың жемісі. Енді алдағы бес жылға жоспарланған тарифтерді көтеруден түскен табыс 2016-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталмақ. Жалпы құны 6 370,9 млн. теңге құрайтын бағдарламада тек жылу тораптарын жаңартуға 5 360,9 млн. теңге бөлінбек. Бұл инвестицияның жалпы көлемінің 85 пайызын құрап отыр. Ендігі жерде арнайы техниканы жетілдіру, көлік құралдарын жалға алудағы шығынын азайту мақсатында көлік құралдарын сатып алу, тозығы жеткен ескі құрылғыларды жаңасымен алмастырып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету жүзеге асырылмақ.

   Сонымен бес жылдың тарифын сараптасақ, аталмыш кәсіпорын 2016 жылы  1 Гкал үшін – 2 228,36, ал, 2017 ж – 2 384,35, 2018 ж – 2 432,04, 2019 ж – 2 480,68, 2020 ж – 2 530,29 теңгеге өсірілмек. Десе де, тарифтердің көтерілуінен түскен табыс инвестиция болып құйылып, бұл саланың экономикалық тиімділігі артып, қызмет сапасы да жаңа деңгейге жететіні көңілге демеу болғандай.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × one =