Заманауи мамандыққа маңызды қадам

0 143

Адам өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі – мамандық таңдау. Осы маңызды қадам алдында тұрған жас түлектер үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті физика-техникалық факультетінің ұсынары көп. Құрылғанына он бір жыл толған факультет – халықаралық стандарттарға сай білім беретін, жаратылыстану ғылымдары, техника және технология салалары үшін жоғары білікті мамандар дайындайтын, жақсы жабдықталған ғылыми орталықтары мен лабораториялары бар, оқыту процесі, ғылыми ізденістер, қоғам өміріне қатысу, т.б. саладағы көрсеткіштері жөнінен ұлттық университеттің алдыңғы қатарлы құрылымы.Оқыту процесі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетіні де – бірнеше тіл білетін, ағылшын тілін еркін меңгерген бүгінгінің жастары үшін маңызды көрсеткіш.
Факультеттің профессор-оқытушылар құрамының 75 пайыз­ға жуығы – ғылыми дәрежелі мамандар. Ұжымда Қазақстан мен шетелдегі белгілі ғылыми мектептердің өкілдері табысты еңбек етіп, жоғары білім мен ғылым саласына елеулі үлес қосып отыр. Біздің шәкірттеріміз ұстаздары ұсынатын терең теориялық білімді тәжірибеде қолданып, көзбен көріп, қолмен жасайтын мүмкіндікке ие. Бұл мақсатта факультетте жақсы жабдықталған оқу-лабораториялық орталық жұмыс істейді. Ал белгілі бір ғылыми тақырыпты қаузап, ізденушілер DS-60 ауыр иондар үдеткіші негізіндегі пәнаралық ғылыми-зерттеу кешені, инженерлік профильдегі зертхана, Еуразия­лық халықаралық теориялық физика орталығы, Энергетика және функционалдық материалдар ғылыми зертханасы, Еуразиялық физика-энергетикалық зерттеулер мен ғылымды қажет ететін технологиялар институты ғылыми зертханасы, СОТСБИ желілік технологиялық зертханасында еңбектене алады.
Факультет ҚР Ұлттық ядролық орталығының ядролық физика институты, Ресейдің Н.Э.Бауман атындағы ММТУ, Ядролық зерттеулер біріккен институты, Орал федералдық университеті, Масарик атындағы Чуваш техникалық университеті, Санкт-Петербург ақпараттық технологиялар, механика және оптика университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік телекоммуникациялар университеті, Томск политехника университеті, Н.Ф.Решетнев атындағы Сібір мемлекеттік аэроғарыш университеті, АҚШ-тың Калифорния, Флорида университеттері, Берлин техникалық университеті, Дрезден техникалық университеті, Түркияның Билкент университеті, Үндістанның Шарда университеті, Париж университеті, Чехияның Брно техникалық университеті, Италияның Ла Сапиенца университеті секілді ірі ғылыми орталықтармен әріптестік қарым-қатынаста. Физика-техникалық факультет студенттері Халық­аралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша іріктеуден өткен жағдайда әлем елдері университеттерінде білім алып, тәжірибе алмасады.
Студенттеріміз алған білімдерін өнеркәсіптік тәжірибе кезеңінде «Байқоңыр» ғарыш айлағы, «Қазгидромет» РМК, Энергетика және функционалдық материалдар ғылыми-зерттеу институты, Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты, Ғарыштық байланыс республикалық орталығында, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК-да, «Қазақтелеком» АҚ секілді кәсіпорындарда тәжірибемен ұштастырады. Үздік студенттеріміз тәжірибе кезеңінде-ақ болашақ қызмет орнын тауып, лайықты еңбекпен қамтылатыны да маңызды дерек.
Үздік студенттеріміз демекші, олардың арасында сапалы зерттеулерімен, ғылыми белсенділігімен халықаралық деңгейде танылып, биік жетістікке жеткендері аз емес (мысалы, К.Егізбек «Үздік жас ғалым-2020» халықаралық жобасының жеңімпазы болды, ал Б.Әбдірахман «CISCO STARS-2020» халықаралық олимпиадасының жеңімпазы, ол Huawei компаниясында қызмет етуге шақырылды). Бұл, әрине, факультет профессор-оқытушылар құрамының жоғары білім беру, маман даярлаудағы ерен еңбегінің жемісі.
Ұжымымыздың жоғары біліктілігіне жақында ғана Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі жүргізген Қазақстан жоғары оқу орындарына сұраныстың 2020 жылғы ұлттық рейтингі нәтижелері дәлел бола алады. Көптеген критерийлер бойынша елдегі ең жоғары сұранысқа ие университеттер анықталған бұл рейтингте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірінші орында тұр. 89 оқу орны қатысқан рейтингте ЕҰУ-дің топ бастауына физика-техникалық факультетке қарасты мамандықтар топтарының қосқан үлесі зор. В054, M090, D090 – Физика білім беру топтары ішінде, яғни, білім берудің үш деңгейінде (бакалавриат, магистратура, докторантура) де ЕҰУ – бірінші орында. Сондай-ақ M107 – Ғарыштық инженерия, M108 – Наноматериалдар және нанотехнологиялар білім беру топтарында да университетіміз 1-орында тұр. Ал B059 – Коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар тобы бойынша 2-орында, В067 – Әуе транспорты және технология­лар, M096 – Коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар тобы ішінде 3-орында тұрғаны да – үздік нәтиже.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, оның ішінде физика-техникалық факультетке қатысты мамандықтар халық­аралық рейтингтерде де жоғары орындарға ие. Әлемдегі жоғары білім мен ғылым саласындағы ең беделді ұйымдардың бірі Times Higher Education халықаралық рейтингтік агенттігі жүргізген «Times Higher Education Subject ranking 2020» зерттеуі нәтижелерінде әлем университеттері ішінде «Физика ғылымдары» саласында ЕҰУ «топ-801+»-ге кірген.
Сонымен қатар «QS World University Ranking by Subject» халықаралық рейтингіне жүгінсек, 2019 жыл нәтижесі бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Физика және астрономия» пәні бойынша әлемнің 1355 ЖОО ішінде 551-600 орында тұр. Көзі ашық, көкірегі ояу бүгінгі жастарымыздың, болашақ студенттердің мамандық алатын оқу орнын таңдау кезінде осы секілді елішілік және халық­аралық рейтингтерге назар аударатынын білеміз. Факультетіміздегі мамандықтардың деңгейін дәлелдейтін жоғарыдағы деректер білім қуған жастардың таңдау жасар сәтінде шешім қабылдауына ықпал етер деген үміттеміз.
Сөз соңында мамандық және оқу орнын таңдау секілді маңызды шешім алдында тұрған жастарға айтарым, Қазақстан және әлем ғылымы үшін заманауи маңызды мәселелер: баламалы энергетика, сутектік энергетика, функционалдық наноматериалдар алу, ядролық физика және технологиялар, ғарыштық технология және нанотехнологиялар, электроника, желілік және телекоммуникациялық технологиялар саласында еңбек етіп, сапалы зерттеулер жүргізіп, әлемдік ғылымға үлес қосамын десеңіз, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің физика-техникалық факультетін таңдауға кеңес береміз.

Ерік НҰРМОЛДИН,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
физика-техникалық
факультетінің деканы,
физика-математика
ғылымдарының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 4 =