ЗАМАНА ЗҰЛМАТЫ

0 116

Кеңестік Қазақстан тарихының алғашқы 30 жылы ашаршылықтың болуымен сипатталады. Тарихқа зер салып қарасақ, 1918 жылдан бастап 1945 жылға дейін 30 жыл бойына ашаршылық жайлағаны белгілі. Тарихшылардың пайымдауынша, олардың алғашқысы – 1921-1922 жж., екіншісі – «Нәубет» деп аталып жүрген 1932-1933 жылдардағы ашаршылық. Бірақ аталған екі жұтты бөліп-жарып қарастырғаннан гөрі тұтастықта зерттеген жөн секілді.

Кеңестік кезеңде болған барлық ашаршылық қолдан жасалғандығында қазір дау жоқ. Бұл – нақты фактілермен дәлелденіп қойған дүние. Тарихшы Т.Омарбековтың сөзімен айтсақ, «бұған себеп большевиктердің жүргізген бір жақты саясаты болды».

Сондағы ашаршылықты қолдан жасаудың себебі неде? Көздеген мақсат қандай? Талдау жасап, жауа­бын іздеп көрелік.

Аштықты қолдан жасаудың негізгі себебі – қолдағы билікті сақтап қалу. Өйткені билікке келу оңай да, орнығу қиын. Бұған талай адам тағдырын тәлкекке ұшыратқан тарихтың өзі куә болған жоқ па?«Ажалдың өзінен гөрі ажалды күту жаман» деген сөз бар. Қасыңдағы адамдардың өлімін көру, ажал құшағында өмір кешу – адам үшін бұдан асқан қорқыныш жоқ сияқты. Ал аштық қорқыныш ұялататын құрал іспетті болды. Сондықтан да бір тілім нанның құдіретті күшін жақсы түсінген большевиктер халыққа аштықтың көмегімен ажал қорқынышын себу, осы арқылы ел ішіндегі өз ықпалын күшейтуге, ақыры өз мақсатын орындауға – «со­циализм құру» ісін жүзеге асыруға тырысып бақты.

«Аштық, – деп айтады В.И. Ленин, -прогрессивті құбылыс. Аштықтың салдары – буржуазиялық тәртіпті жойып жібере алатын өнеркәсіптік пролетариатты тәрбиелеп өсіреді. Аштық шаруалар меншігін жою арқылы бізді түпкі мақсатты орындауға – капитализм арқылы социа­лизм орнатуға жетелейді».

30 жыл өткеннен кейін де «ел көсемі» өз ойын тағы қайталайды: «аштық, -дейді ол, -жауға қарсы күресте шешуші соққы беруі мүмкін, әрі соққы беруі тиіс те». Саяси бюро мүшелеріне жолдаған аса құпиялы хатта Ленин «жауға қарсы күресте шешуші соққы берудің» жолын да атап көрсетеді: «Аштықты жауға шешуші соққы беру жолында пай­даланып қалу керек, -деп жазады ол В.Молотовқа. -Біз үшін бұл кез – ең оңтайлы сәт. Қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалу керек. Қазір біздің қолымызда ішкі жауды ондаған жылдарға дейін бас көтерместей етіп жеңудің 100-ден 99 мүмкіндігі бар» .

Егер де жұттан зардап шеккен жерлерді картаға түсіріп қарайтын болса, онда ашаршылық негізінен азық-түлік алымдарға қарсы наразылықтардың ерекше қатты болған аудандарын жайлағанын көру қиын емес.

Аштық арқылы большевиктік үкімет біріншіден ел ішіндегі өз үстемдігін нығайтпақ болса, екіншіден халықаралық мәртебесін көтеруді көздеді. «Қазанның» жеңісінен кейін большевиктер революция­ны сыртқа шығару («экспорт революции») ниетін білдірді. Ресей «большевиктік үлгідегі» революция-ны сыртқа шығару арқылы Еуропада өз үстемдігін орнатуға тырысып бақты.

«Еділ бойы ашыққандарына көмек» ұранымен билік елден қаржы «жинай» бастайды. БОАК шешімімен Қазақстаннан аштық байқалған Астрахань, Царицын, Саратов, Самара, Сібір, Уфа губер­нияларына азық-түлік жөнелтілуге тиіс болды. Кеңес үкіметі Сібір және Қазақстан өңірінің шаруа­ларына 1920 жылдың тамызы мен 1921 жылдың маусымы аралығында 110 млн пұт астық тапсыруға төтенше салық салды. Оның 35 млн пұт астығын Қазақстан аудандары төлеуге тиісті болды. Ақмола және Семей облыстары, Қостанай уезі Қазақ Автономиясының еншісіне өтетін болғандықтан, Сібір өңірінің басшылығы салықтың негізгі ауыртпалығын осы аудандарға ысыруға ынта жасады.

Демек, революция көсемдерінің осы әрекеттерді жақсы біліп те, қолдап та отырғанын аңғару қиын емес. Мысалы, 1921 жылы В.И.Ленин Петропавл қаласы арқылы астықты аймақтар делінген Ақмола, Се­мей губернияларынан орталыққа үздіксіз азық-түлік тиелген вагон­дарды жіберіп тұру ісін бақылауға ерекше өкілдік алған Қазақ АКСР Азық-түлік комиссарының орын­басары Т.М.Пономаренко дегенге үздіксіз телеграмма жіберіп тұрған. Телеграмманың бірінде 1921 жылғы 15 тамыздан бастап Мәскеуге күн сайын 60 вагон астық жіберіп тұру қатаң тапсырылады.

1921 жылы 7 қазанда В.И.Лениннің Еділ бойы мен Орал аудандарындағы ашыққандарға көмек көрсетуге шақырған үндеуі жарияланды. «Шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділер екі айттырмай, 25-ші желтоқсанда Арал кеңесінің атынан Ленинге «Арал бассейнінен ауланған 14 вагон балық жөнелткен».

1995 жылы РФ Президенті жанындағы Саяси репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі Комиссияның қорытынды тұжырымдамасында: «20-шы жылдардың басында Еділ бойы ашыққандарына көмек көрсету сылтауымен шіркеуден 2,5 млрд алтын рубль көлемінде ақша тартып алынған. Алайда азық-түлік сатып алу үшін жұмсалған қаржының көлемі, қазір анықталып отырғандай, 1 млн рубль ғана», -деп атап көрсетіледі. Бұдан шығатын қорытынды: «жиналған» қаражаттың негізгі бөлігі әлемдік революцияны қаржыландыруға жұмсалған.

Ақшалай көмекпен бірге зат­тай қолдау көрсетілді. Мысалы, 1922 жылы 6 шілдеде Саяси бюро «Астықты шетелге шығару» туралы қаулы қабылдады. Қаулы негізінде «мемлекеттен шетелге шығару үшін 50 млн пұт астық дайындау» тапсырмасы берілді. Сол жылдың 27 желтоқсанында Бюро А.Д. Цурюпаның (КХК төрағасының, ал 1921 жылдың желтоқсан айына дейін РСФСР Азық-түлік халық комиссарының орынбасары) ұсынған жобасын бекітіп, 15 млн пұт қара бидай, 4 млн пұт арпа, 3,5 млн пұт күнжара (жмых) және 500 мың пұт бидай өнімдерін экспортқа шығару туралы шешім қабылдады.

«Қомақты үлес» большевиктердің жеке пайдасына да майдай жақты. Әлемдік революция «асынан» «ел көсемдері» дәм-тұз татып қалды. Мысалы, 1921 жылғы 15 наурызда Сталиннің жұбайы Н.Аллилуеваның М.Калининге жазған хатынан үзінді келтірейік. Әр басшыға ол кезде арнайы айлық азық-түлік паегы берілетін болған. Соған сәйкес «Сталиннің жеке өзіне ғана» 15 тауық еті, 15 фунт картоп және бір тілім сыр белгіленген екен. «Диета есебінде Сталинге тек тауық етін жеуге рұқсат етілген. 15 тауықтың 10-ы желінді, алда әлі 15 тәулік бар», -деп жазады ол. Хатта Алли­луева тізімдегі азық-түлік мөлшерін ұлғайтуды, тауық санын 20-ға, кар­топты 30 фунтқа көбейтуді сұрайды. Ал Троцкийдің жұбайы – Н.Седованың сөзіне қарағанда, «…Кета балығының қызыл уылдырығы жетіп артылатын…».

Ал 1921-1922-жылдардағы РКП ОК Істері басқармасының бухгалтерлік ведомостары өз ал­дына қызық дүние. Бір қарағанда елде азық-түлік молшылығы болған сияқты. Күн атқаннан кеш батқанға дейін жер-жерлерден жұмысшылар партиясының штабына қарай ағылып жатқан азық-түлік тиеген жүк көліктер. 1921 жылы маусымда ОК Істері басқармасы БОАК хатшысы Енукидзенің атына хат жолдайды. «РКП ОК хатшылығы жауапты қызметкерлерінің көріп отырған азық-түлік тапшылығына орай оларға қосымша азық-түлік үстемесін тағайындауыңызды сұранамыз». Хат соңында 1 адамға шаққандағы айлық тұтыну тауарларының тізімі келтіріледі. Қант – 4 фунт, шай – 4 фунт, қара бидай ұны – 20 фунт, ет – 10 фунт, май – 3 фунт, сыр не­месе шошқаның өңделген еті – 4 фунт, кептірілген көкөністер – 5 фунт, тұз – 1 фунт және т.б. Сондай-ақ, жүкқұжаттарда шарап, коньяк, өзге деликатестердің атаулары да кездеседі.

Жаппай ашаршылық кезеңінде «гедонизм» танытып ерекше көзге түскендердің бірі Г.Зиновьев болды. Көз көрген куәгерлердің айтуына қарағанда, оның жеке тапсырмасы­мен Смольныйда «Комиссарлар түстігі» деген ас ұйымдастырылып отырған. Және мұндай дәлелдер көп-ақ.

Жалпы алғанда, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық большевик­тер үшін «табиғат сыйы» болды. Байлық жиюмен қоса олар елдегі үстемдігін де бекітті. Александр Куприн жазғандай, «ашыққан ішек қысымы алдында істің бәрі зая кетті. Большевиктер билікке келген алғашқы жылдардағы оларға деген наразылықтың енді, міне, лебі де сезілмей қалды». Большевиктер, ал­дымен аштықты қолдан жасап, одан кейін ашыққан аймақтарға көмек беру арқылы халықты өз жағына тартты. Аштық Ленинге 1922 жылы «еш алаңсыз» КСРО құрылысын бастауына жол ашып берді.

Қуат САМАНБЕКОВ,
Мемлекет тарихы институты
Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + fifteen =