Заман талабынан туындағын бастама

А.ҚАЙЫПБАЕВА, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері

0 15

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласының салмағы да артылар жауапкершілігі де мол екендігі анық. Бағдарлы мақала еліміздің барша азаматтарына арналғанымен, тарихшылар үшін ерекше қызығушылық тудырып отыр.

Мақалада Отан тарихының бірқатар өзекті мәселелері көтеріліп, тарихшылардың тек ғылым ғана емес, қоғамда атқаруы тиіс бірқатар жаңа міндеттері анық айшықталды деп санаймыз. Мәселен, ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының мұңы мен мұқтаждығын жоқтап, өз алдына ел болуды арман етіп, сол жолда белсенді қоғамдық-саяси қызметтерін жалғастырған Алаш зиялыларының мол мұрасы тағылымды әрі терең насихатталуы тиіс екендігі айтылады. Өте дұрыс. Отанды сүюдің жарқын мысалы бола алатын ұлт қайраткерлерінің өмірі өскелең ұрпақ өнеге болып табылады. Сонымен қатар ХХ ғасыр басында ұлтымыздың ауыр тағдырының бір парағы 1921-1922 жылдары орын алған аштық мәселесі де орынды көтерілген. Азамат соғысы және сол жылдары енгізілген «әскери коммунизм» саясатының салдарынан орын алған аштық ұзақ жылдар бойы тарихнамада тек қуаңшылықтың нәтижесінде орын алды деп айтылып келді. Бұл, әрине, кеңестік тарихнаманың бізге тартқан «сыйы» болып табылады. Өкініштісі, бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасуда. Жоғары оқу орнына келген студенттер осы тарихи оқиғаларды сипаттағанда аштықтың себебі ретінде табиғи апаттардан әрі аса алмауы – соның айқын дәлелі. Өйткені ашық интернет ресурстарындағы мәліметтер де 1921-1922 жылдары орын алған аштықты қазақтың қолындағы барын арнайы жасақтармен тартып алуға бұйырған «әскери коммунизм» саясатымен байланыстыра бермейді. Өз кезегінде аталған мәселе еліміздің бірқатар кәсіби тарихшыларымыздың ғылыми-зерттеу жұмыстарының басты нысаны болып табылады. Терең талдау жасалған әрі мол мәліметтері сақталған ғылыми мақалалар да бар. Алайда бұл ғылыми жетістіктер тек қана ғылыми қауымдастық ғана игілігіне айналып отыр. Осы мәселе төңірегінде қызығушылық білдірген оқырмандар ғана біледі. Міне, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалада «…сол қажырлы еңбектің жемісін көпшілік көріп отыр ма? Зерттеу жобаларының біразы ғылыми институттар мен орталықтардың аясында ғана қалып қойған жоқ па? Мұндай іргелі ізденістердің нәтижесі тек осы сала мамандарының игілігіне ғана айналуы орынсыз. Оны қалың жұртшылыққа түсінікті және қолжетімді ету қажет» деген жолдар осы мәселені нақты көрсетеді. Бүгінгі тарих ғылымындағы жетістіктер мектеп оқулықтарында айқын бейнеленуі тиіс. Осы ретте атап өтетін жайт 1921-1922 жылдары орын алған аштық тақырыбын ашуда табиғи апаттардан гөрі біз жоғарыда көрсеткен себептерді алға тартуымыз қажет.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарлы мақалада ерекше көтеріліп, тарихшы ретінде қызығушылығымызды тудырған мәселе тарихи сана тақырыбы. Рас, ХХІ ғасыр жаһандану дәуірімен тығыз байланысты. Жаһандану несімен қауіпті десек, тарихына немқұрайлы, тіліне шорқақ ұлттар осы үдеріске сіңісіп жоқ болып кету мүмкіндігі басым. Әлем халықтары бір ұлтқа айналу үстінде. Сөзсіз осы жағдайда ұлттық тарих пен тіліне деген сұраныс ерекше артуы тиіс. Ерекше мән беретін мәселе – тарихи сана мәселесі. Рас, ел егемендігі жылдарында тарихи сананы қалыптастыру бағытында бірқатар шаралар атқарылды. Президент атап өткен «Мәдени мұра» бағдарламасы – соның айқын дәлелі. Бірегей бағдарлама аясында ұйымдастырылған ғылыми экспедициялар нәтижесінде тарихымыз түгенделіп, іргелі еңбектер жарық көрді. Ғылыми айналымға қосылды. Алайда жоғарыда атап өткеніміздей, мұндай ауқымды жұмыс нәтижесі тек ғылыми қауымдастықтың ғана емес, әсіресе, жастардың игілігіне бағытталуы тиіс. Ғылымдағы жетістіктерімізбен, бірегей тарихымызды балалар мен жастарға түсінікті етіп берудің маңыздылығы өте жоғары. Бұл ретте Президенттің деректі және көркем фильмдер туралы ойы құптарлық. Әсіресе, балаларға арналған мультфильмдердің тарихи сананы қалыптастырудағы маңызы өте жоғары екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. Мақалада аталып өткен Алтын Орда заманында Куликово шайқасы орын алғандығы қалың оқырманға белгілі. Міне, сол тарихи оқиғалар туралы көршілес Ресейде бірқатар мультфильмдер түсірілді. Тіпті мультфильмдер тек қазіргі Ресей емес, кеңестік дәуірден-ақ қолға алынды. Ал сол балаларға арналған мультфильмдердің желісі шынайы оқиғаны мүлдем өзгертіп, өздерінің идеологиясына сай етіп құрастырылды. Сол мультфильм­дерге сенсек, Дмитрий Донской орыс халқын Алтын Ордадан азат еткен батыр болып шығады. Осы жалған желімен бүтіндей бір ұлт қалыптасты. Қазіргі таңда Куликово шайқасы туралы не білесіз деген сауалға көршілес еліміздің азаматтары ойланбастан Дмитрий Донской атты батыр және Алтын Ордадан азат етілген айбынды оқиға ретінде баяндап беретіні анық. Ал шынтуайтында ол қалай болған? Дмитрий Донской орыс халқын Алтын Ордадан азат етсе, неліктен әлі де болса салық төлеп тұрған? Жалпы Куликово шайқасының Алтын Орда үшін маңызы болған ба? Міне, осы сұрақтарға жүйелі жауап берсек, бұл мультфильмдердің өтірік тарихи жайттарға негізделгеніне куә боласыз. Дегенмен бұл мульт­фильмдер белгілі бір дәрежеде тарихи сананы қалыптастыруда өз міндетін сәтті атқарды. Осы тәжірибені ескере келе, бүгінгі өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру ісінде ерекше мән берілуі тиіс мәселенің бірі – балалар мен жасөспірімдерге арналған тарихи тақырыптарды ашатын әрі тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған мультфильмдерді түсіру ісі кеңінен қолға алынуы тиіс. Рас, осы бағытта бірқатар жұмыстар да атқарылғаны шындық. Бірнеше тарихи фильмдер мен мультфильмдер түсірілді. Алайда жарыққа шыққан туындылар көп жағдайда өзгертіліп, тарихшылардың сынына ұшырап жататын кездері де жоқ емес. Сол себепті болашақ түсірілетін туындының тарихи кезеңіне байланысты кәсіби тарихшыларды кеңесші ретінде тарту ісі дұрыс қолға алынуы тиіс. Әсіресе, сол кезеңнің нақты мамандарының кеңестері барынша ескерілуі тиіс. Осы тұрғысынан келгенде Президенттің бастамасы – уақыт талабынан туындаған бастама. Әрине, жоғарыда атап өткеніміздей, осы бағытта бірқатар туындылар жарық та көрді. Алайда ол өте аз. Туындылардың сапалы болуы – сөзсіз көрермендердің де көп болуының басты кепілі.
Әрине кез келген көркем туынды, оқулық, бағдарламалар шынайы әрі іргелі зерттеу жұмыстарынсыз қолға алынбайтындығы шындық. Сол себепті еліміздің кәсіби тарихшыларының басын қосып отыр­ған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұжымына үлкен жауапкершілік артылып отыр десек, артық айт­қандығымыз емес. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің мақаласында «…Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 5 =