«YЗДIК ЖАРНАМАЛАР» ЖАРЫСЫ

0 578

ERA_9139

Жарнама – бүгінгі заман талабына сай дамып келе жатқан табыс көзі. Қазаққа «итің жаман» деген сөз де ауыр тиетіні белгілі. Оның қасында кәсіпкерлер мен кәсіпорындар өздері өндіретін өнімдердің жалпақ жұртқа жария болуы үшін ақшасын аяп қалмайтыны анық. Аянбаймыз дегендер алаңғасарлыққа салынып көшелер мен тағы басқа көптеген қоғамдық орындарда ілінетін жарнамалардың тілдік мағынасына үңілмейтіні жасырын емес. Орыс тілінен орашолақтау аударылып, қазақ тіліне еш қиыспайтын қыңыр-қисық сөздер көзге шыққан сүйелдей көрінеді. Екі жастағы сақау сәбидің тіліндей былдыр-батпақ бірдеңені көзің шалғанда кірерге тесік, еніп кетерге есік таппай есің шығады. Осындай сауатсыздық пен салғырттыққа қарсы күрес тіл жанашырларын елең еткізері рас.

Сейсенбі күні тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен Қазақстан халқы тілдерінің XVI фестивалі аясында «Думан» қонақүйі кешенінде «Үздік жарнама» атты байқау өтті. Байқауда Астана қаласында жарнама саласы бойынша халыққа қызмет көрсететін жеке тұлғалар мен жарнама агенттіктері бағын сынады. Аталған шара мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, жарнамалардың дұрыс жазылуын қадағалауға атсалысу, қазақ тілінде сауатты, жаңашыл, көркем безендірілген ішкі және сыртқы жарнамаларға қолдау көрсету мақ­сатында ұйымдастырылып отыр. Алдын ала нобайлық нұсқалары ұсынылған жарнамалардың қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаларын қатысушылар 3-5 минут көлемінде слайд арқылы әділқазыларға таныстырды.

Байқауға Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Қарлығаш Құрман­ға­лиқызы, Астана қаласы Сәулет және Қала құрылысы басқар­масы сыртқы жарнама бөлім­нің бастығы Рауан Құралбайқызы және аталмыш басқарманың сәулеттік бақылау бөлімі басшысының міндетін ат­қару­шысы Серік Қайырбекұлы төрелік айтты. Қазылар сайыста сыналған жұмыстардың тақырып өзекті­лі­гіне, жарнама мәтінінің мәні мен мағынасына, безендірудегі дизай­нерлік шеберлікке бағасын берді.

Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Талғат Ермағанбетовтың айтуынша, биыл екінші мәрте өткізіліп жатқан жарысқа ынта білдіргендер саны өткен жылдағыдан көп емес.

«Биылғы байқауға 18 жарнама агенттігі өтініш білдірді. Олардың ішіндегі үшінші агенттіктің жарнамалары байқау шартына тол­мағандықтан шығып қалды. Қа­тыс­қандардың жартысына жуығы – 5-6 жыл көле­мінде Астана қаласынан басқа шет аймақтарға танылған жарнама агент­тіктері. Біз бұл байқаудан басқа 50 жарнама агенттігімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Олардың ішкі немесе сыртқы жарнамалары жария етілместен бұрын біздің тал­қылауымыздан өтеді. Жарнаманың тура мағынадағы аудармасын, тілдік қолданысын қадағалаймыз» дейді Талғат Ермағанбетов.

Қазақстан халқы тілдерінің XVI фестивалі аясындағы «Үздік жарнама» сайысының қорытындысы бо­йынша қазылар алқасының шеші­мімен 1-орынға лайық «Кенжеах­метов Боз» агенттігіне ноутбук, 2-орын иеленген «Наружка kz» агенттігіне теледидар, 3-орын алған «Алтын өрнек» агент­тігіне көп функ­ционалды аппарат табыс етілді. Басқа да белсене қатысқан жарнама агенттіктері бағалы сый­лықтармен және мақтау қағаз­да­рымен марапатталды.

«Берешегім кетсе де, айташағым кетпесін» демекші, «Үздік жарнама» байқауында өздері ұсынған жарнамаларды екі тілде бірдей жұрт­шылыққа таныстыру барысында кейбір жарнама агенттіктерінің өкілдері орыс тілінде Иран-бақтың бұлбұлындай сайрағанмен, қазақ тіліне келгенде қатты қиналысын сездіріп, көптің көңіліне кірбің түсірді. Осы жөнінде сайыста «кінәлі» болған жарнама агенттіктерінің өкілдерімен тілдескенімізде, «біз халыққа ресми тілде қызмет көрсетіп жатырмыз, келешекте қазақша қиналмайтын боламыз» деп әзіл-шыны аралас ақталғандай болды. Тіл мерекесінің қарсаңында осындай олқылықтардың кездесетіні жаман-ақ.

Қуат Қиықбай

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + eight =