Ырзақұл атаның ырысы

0 29

Ұлы Отан соғысы және тың ардагері Ырзақұл Байкешев Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Үшқаты деген жерде туып-өскен. 1942 жылдың ақпан айында мектеп партасынан соғысқа алынды. Ақтөбеде ол уақытта 101-атқыштар бригадасы құрылып жатқан. Осы бригада құрамында үш ай соғыс тәсілдерін үйренді.Содан сол жылдың мамыр ­айында атақты маршал, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Иван Конев қолбасшылық ететін Калинин майданына жіберілді. Великие Луки мен Калинин қалалары түбінде соғысты. Польша, Венгрия, Румыния елдерін жаудан азат етуге қатысты. Әрі қарай майдангердің әскері Берлинге қарай жылжыды. Будапешттен өтер-өтпесте ауыр жараланды. Госпитальда жатып Жеңіс күнін қарсы алды.
Мәскеуді қазақтар қорғап қалды деп мақтанатынымыз бар. Шындығында солай. Қорғап қана қалмай, соғыстан кейін Одақ астанасының аяққа тұруына да қандастарымыз үлес қосты. Солардың бірі – Ырзақұл ақсақал. Кейіпкеріміз 1945 жылдың көктем-күзінде Мәскеудің түбіндегі Ногинск қаласындағы әскери зауытта жұмыс істеді. Елге оралғаннан кейін халықтың жадау тұрмысын көреді. «Көппен көрген ұлы той» деп жүргенде арада он шақты жыл өтеді. Тың дабылы қағылғанда, Ақмола өңіріне бір-ақ тартады. Осы жақтан ырысын табады.
Содан Ақтөбеден келген үш жігіт Рождественкада (қазіргі Қабанбай ауылы) жұмысқа орналасады. «Рождественканы «неміс поселкісі» дейді. Өзіміз неміспен соғысып келгенбіз. Жастау кезіміз ғой, содан бұл жерге алғашқыда үйренісе алмай жүрдік» деп күледі Ырзақұл ақсақал қазір соны еске алып. Бірақ Еділ бойынан осында жер аударылған неміс халқынан жақсылық көргенін жасырмады. Давид Лейман деген ептеп қазақша білетін азамат оның екі қолына жұмыс береді.
Кейіпкеріміз осы жерде өмірлік серігін тауып, Ақмоламен шекаралас Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Ахмет ауылының қызымен шаңырақ құрды. Онымен 45 жыл тұрып, екі бала сүйді, немере-шөбере көрді. Қазір немересімен бірге елордада ғұмыр кешіп жатыр.
Ырзақұл ақсақал «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Маршал ­Г.К.Жуков» медалімен, көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталған. Жуков демекші, майдангер оны ерекше құрметтейді. Мұны шаңырағына бас сұққанымызда байқадық. Қария атақты қолбасшының суретін үлкейтіп бір қабырғаға іліп қойған. Бір сөзінде Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісте маршалдың үлкен үлесі барын да айтып қалды. Ал біз өз тарапымыздан «фашистердің талқандалуында сіздің де үлесіңіз зор, Ырзақұл ата» дейміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 6 =