Ырыс тізгіні

0 123

Ел егемендігін алғаннан бері білім-ғылым саласы түбегейлі жаңғырып, мыңдаған мектеп пен балабақша салынды. Ағарту ісіне жаңа технологиялық әдістер енгізіліп, «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Иә, тәуелсіз елдің мызғымас тірегі – білімді ұрпақ. Соңғы отыз жыл ішінде бала тәрбиелеуде неден ұттық, неден ұтылдық? Біз өзі дұрыс жолда келе жатырмыз ба? Білім саласындағы бағдарымыз жайлы бірер сөз.

Азаттық пен еркіндік ұғымын үлкендерге қарағанда жас ұрпақ терең түсінеді. Айталық, біздің мектепте «Апта оқушысы» деген жоба аясында әр сыныптан бір оқушы апта сайын директормен еркін форматта сұхбат өткізіп жүр. Сонда мен ең бірінші балаларға «Тәуелсіздік дегенді қалай ұғасыңдар?» деген сауал жолдадым. Оқушылар «еркіндік, бостандық» деп әртүрлі пікір айтты. Ал «Тәуелсіздік бізге не берді?» деп сұрағанымда, көпшілігі «Біз осындай әдемі астанада тұрамыз» деді. «Тә­уелсіздік болмағанда, біздің астанамыз Мәскеу бола берер еді» дейді тағы бір топ бала. Оқушылардың сөздерінің жаны бар. Тәуелсіздік бізге сан ғасырлық армандарымыз­ды сыйлады. Барлық ұлттық сипатымызды, мемлекеттік рәміздерімізді, шекарамызды айқындап берді. Оның ішінде білім саласында да оң өзгеріс­тер көп. Соңғы бес жылда халықтың наразылығын тудырған білім мазмұны қайта жаңартылды. Биылдан бастап 1-сыныптан 11-сынып­қа дейінгі барлық оқушы ұлттық менталитетімізге негізделіп жасалған жаңа бағдарламамен оқып жатыр. Мұның өзі – тәуелсіздіктің жемісі. Президентіміз Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында «Біз ұлттық мектептің моделін құруымыз керек» деп айтқан еді. Ұлттық мектеп дегеніміз күй ойнатып, оюмен көмкеріп қоятын мектеп емес. Ұлттық мектеп – заманауи жақсы дүниелерді ала отырып, қазақи контекстімізге салу. Мысалы, қазір оқулықтарда да киіз үй, домбыраға қатыс­ты есептер көп кездеседі. Бұл балалардың әлеуметтік ортадан бөлек, білім алуда да ұлттық құндылықтарды меңгеруіне әкеле жатыр. Бір оқушы менен «Неге астанада орыс мектептері көп? Ал Мәскеуде неге қазақ мектебі жоқ?» деп сұрады. Мен бұл сұраққа жауап бере алмадым. Балалар тәуелсіздіктің құнын ересектерден де артық бағалайды. Өйткені олар кеңестік дәуірді көрген жоқ. Олардың тәуелсіз Қазақстан деген ғана Отаны бар. Бір байқағаным, балалар туған елін ерекше мақтан тұтады. Мысалы, Димаш, Геннадий әлем алдына шығып жатқан кезде, мектепте оқушылар өздері-ақ флешмоб бастап, үзілісте видео түсіріп кетеді.

Соңғы бес жылда халықтың наразылығын тудырған білім мазмұны қайта жаңартылды. Биылдан бастап 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі барлық оқушы ұлттық менталитетімізге негізделіп жасалған жаңа бағдарламамен оқып жатыр. Мұның өзі – тәуелсіздіктің жемісі. Президентіміз Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында «Біз ұлттық мектептің моделін құруымыз керек» деп айтқан еді. Ұлттық мектеп дегеніміз күй ойнатып, оюмен көмкеріп қоятын мектеп емес. Ұлттық мектеп – заманауи жақсы дүниелерді ала отырып, қазақи контекстімізге салу.

ШЫНАЙЫ ДЕМОКРАТИЯ МҰҒАЛІМНЕН БАСТАЛАДЫ

Өкінішке қарай, еркін елдің педагогтарын еркін деп нық сеніммен айта алмаймын. Мұғалімнің мәртебесін көтеретін де, түсіретін де – мұғалім. Педагог жан-жақты білімді болса, ойын ортада қысылмай айта алса, құқығын қорғайтындай белсенді болса, ешкім төмендете алмайды. Алайда қазір көп мұғалімдерде жасқаншақтық бар. Әлеуметтік желіде өзге аймақтардан мұғалімдер жиі көмек сұрап жазады. Мен заңгер болмасам да, мұғалімдердің құқығын қорғайтын құжаттарды білемін. Осыған сәйкес кейбіреулерінің хаттарын жазып та беріп жүрмін. «Сіз дәл осы хатпен директорға барсаңыз да мәселені шешіп бере алады» деймін. Бірақ мұғалімдердің неге сондай жасқаншақ екенін білмеймін, өзінің атынан директорға барғылары келмейді. Ертең ол маған басқа көзқараспен қарайды дейді. Неге мұғалім қорқақтайды? Өйткені жұмысына сенімсіз. Мұғалім міндеттерін адал орындап, құқықтарын қорғай алғанда ғана «еркін педагог» деп айтар едім. Ал еркін мұғалім болу үшін құқықтық білім мен әдістемелік біліктілік керек. Қазір мұғалімдерге мемлекеттік деңгейде қағазбастылықтан азайтып, жалақысын көбейтіп, жағдай жасалып отыр. Енді осыны ұстап қалу – педагогтардың өз қолында. Соңғы 5 жылда бұған дейінгі 25 жыл бойы қозғалмаған түйткілдер шешім тапты. Бірнеше жыл бұрын мектепте әр мұғалім қағаз бен қаламды өзі сатып алып жүрсе, қазір ондай мәселе күн тәртібінен түскен. Мұғалім еркін болса, еркін ойлы ұрпақ тәрбиелей алады. Ал болашақ жас буынымыз еркін болса, қоғамда шынайы демократия орнайды деп ойлаймын.
Тәуелсіздік алған жылдары сапалы педагогтар дайындау жағынан ұтылып қалдық. Ал қазір кеш болса да министрлік осыған қадам жасап жатыр. Соңғы жылдары педагогтарды кім дайындамады?! Тіпті техникалық университеттерден де педагогтар шықты. Мұның салдарын бүгін көріп жүрміз. Қоғамда сауатсыздық, мектепте педагогикалық этиканы сақтамау деңгейі артты. Шын мәнінде біз педагогтарды дайындау, мұғалімдікті таңдаған жастарды іріктеу­де немқұрайлық танытып алдық. Ал қазір педагогикалық мамандықтарға түсетін студенттерге талап күшейді, шәкіртақылары өсті. Сосын мектепке келген жас маманға тәлімгерлік қолдау көрсетіле бастады. Кез келген жас маманның мектепте қалыптасып қалуына, жұмысты игеріп кетуіне тәжірибелі тәлімгер де жауапты. Жас мамандарды жұмысқа алғанда олардың өмірлік құндылықтары мен көзқарасына мән беремін. Теорияны білген кез келген жас маманды мектеп әдіснамалық жағынан өзі дамытып алады.

ДОМБЫРА САБАҒЫ ӘР МЕКТЕПКЕ КЕРЕК

Біз мектепке 2017 жылдан бастап домбыра сабағын енгізіп қойғанбыз. Кейін бұл туралы Президент айта бастады. Әлі де бұл сабақты «Бағдарламаға қосу керек пе, жоқ па?» деп қызу талқылап жатыр. Балалар шахматқа барғаннан гөрі домбыраға барғысы келеді. Олар шахматты кез келген жерден үйрене аламыз, бірақ домбыраны көп жерден үйрене алмаймыз дейді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ең алғаш шыққанда «Мен үшін ұлттық код деген не?» деп өзімнен сұрадым. Ұлттық код – қазақтың тілі мен домбыраның үні. Өйткені домбырада ойнайтын балалар рухани түрде берік қалыптасады. Мектепте әр наурыз айында «Домбыра party» өткізіп жүрміз. Жалпы домбыра сабағын Қазақстанның барлық мектептеріне енгізу керек.
Ал бала тәрбиелеуде баланы қалай бар солай қабылдауға мән берген дұрыс. Үлкендердің бала тәрбиесінде ең жиі жіберетін қателігі – өздеріне ыңғайлы бала жасауға тырысуы. Мұғалім қандай оқушы көргісі келсе, алдындағы оқушыны сондай етіп өзгертуге ұмтылады. Ал оқушы үшін ол өзгеріс құнды ма? Біз оған мән бермейміз. Партада жатып оқығысы келген баланы міндетті түрде отырғызып оқытқымыз келеді. Ата-анаға да балаларынан бір типтес адам жасау ыңғайлы. Әр бала өз алдына жеке тұлға екенін ескермейді. Күндіз 3-те сабақ қарайсың, кешкі сағат 10-да ұйықтайсың дейді. Ал бала басқа уақытта сабақ оқығысы, кеш жатқысы келетін шығар. Жоқ, ата-ананың ол уақытта өз жұмыстары бар. Осылай баланы өзімізге қарсы қойып аламыз. Бала ұстазын, ата-­анасын ренжітіп алмау үшін ғана айтқанын орындауы мүмкін, бірақ немқұрайлылықпен істеген істің соңы білімге әкелмейді. Қазір үлкендер дастарқан басында баласымен сөйлеспейді. Әрқайсысы қолдарындағы телефонның ішіне кіріп кеткен. Кітапты ересек оқымаса, бала өлсе де оқымайды. Ата-ана кешке жұмыстан келгеннен кейін баласымен 1 сағат әңгімелессе ғой. Балаға виртуалды емес, шынайы қарым-қатынас керек. Виртуалды әлем жалпы елді сауатсыздыққа әкеле жатыр. Ал балалардың арасындағы сауатсыздық мәселесіне тікелей ұстаздар кінәлі. Кезінде ең әдемі жазу мұғалімдердікі еді. Кейінгі келген жас мамандардың ішінен бір әдемі каллиграфия көрген жоқпын. Оқушы сауатын ашу – тек тілдік пәндердің ғана емес, барлық мұғалімнің жауапкершілігіндегі мәселе.

ЗИЯЛЫЛАР ЕСІМІ БЕРІЛСЕ…

Біз ұлтымыздың бір­туар тұлғаларын жеткілікті деңгейде насихаттай алмай жүрміз. Ұлт зиялылары ұрпақ жадында мәңгілік сақталсын десек, еліміздегі әр мектепке қазаққа ерен еңбек сіңірген азаматтарымыздың есімін беруіміз қажет. Айталық, біздің оқу ордамыз 2014 жылы ашылғаннан кейін оқушыларымыз мектепке Әлихан Бөкейханов есімін алуды ұсынды. Ал биыл Үкіметтің қаулысымен мектепке Алаш арысының есімі ресми түрде берілді. Бұл атауға лайық болу – біз үшін мақтаныш қана емес, үлкен жауапкершілік. Мектеп жанынан ашылған оқушылар театры республика бойынша алғаш рет Әлихан Бөкейханов қойылымын қойды. Кейін Әлихан мұражайын ашып, жыл сайын ұлы тұлғаға арналған конференция өткізуді әдетке айналдырдық. Республикада Әлихан Бөкейханов атында 9 мектеп бар екен. Алдағы уақытта солармен байланыс жасап, бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ биыл «Дара сынып» деген жоба бастадық. Мектептегі 104 сыныпқа еліміздегі зиялы тұлғалардың атын бердік. Бұл балалардың тұлғатануына көп әсер етеді. Нәтижесінде мектеп бітіргенде әр бала кем дегенде 10 тұлғаның өмірбаянымен толық танысып шығады. Тағы бір үлкен жобамыз – «Ұлылар мекеніне саяхат» экспедициясы. Қазір карантин болғандықтан тоқтап тұр. Бірақ бұл жоба жалғаса береді. Жобаға мектептен ешқандай қаражат бөлген емеспіз. Барлығы тек ата-­ананың есебінен. Оқушыларымыз Әлихан Бөкейхановтың туған жерінде, Түркістанда, Оралда, Семейде болып келді. Өкінішке қарай, республика ішінде оқушыларға арналған туристік фирмалар өте аз. Сондықтан біз баратын өңіріміздің мұражайларымен бірлесіп алдын ала бағдарлама дайындаймыз. Бір барғанда 2-3 күнге 15-ке жуық бала барып жүр. Экспедицияға бір ата-ана мен бір мұғалімді қосамыз. Мұндай экскурсиялар шағын көлемде мектептердің ұйымдастырумен ғана жүріп жатыр. Меніңше, «Ұлылар мекеніне саяхат» жобасын республикалық деңгейде қолға алуымыз керек.

Сафура ТӨЛЕКОВА,
Нұр-Сұлтан қаласы Ә.Бөкейханов атындағы
№76 мектеп-лицейінің директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + 7 =