«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ынтымақтастық нығая түседі

0 5

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Минді қабылдады. Кездесуде аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ­сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту сияқты басым бағыттар бойынша Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымымен арадағы ықпалдастығына қатысты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ қазіргі геосаяси жағдайдағы ұйым қызметінің негізгі аспекті­лері қарастырылды.

1-dsc-0848-2

Қасым-Жомарт Тоқаев Чжан Минге ілтипат білдіре отырып, оның ШЫҰ-ның Бас хатшысы қызметіне геосаяси ахуалдың күрделі жағдайында, яғни ұйым­ның ерекше рөл атқаратын кезінде кіріскенін атап өтті.

«Қазақстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымының белсенді мүшесі. ШЫҰ-ның Бішкекте өткен саммитінде сөйлеген сөзімде оның халықаралық аренадағы ұйымдардың ішіндегі ең табыстысы екенін атап өттім» деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның кең ауқымды проблемаларды қамтитын күн тәртібінің бірегейлігіне баса мән берді.

«ШЫҰ, шын мәнінде, қайшылық туғызатын ұйым емес. Оның қызметі конструктивтілікке, мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Сонымен қатар бұл ұйым халық­аралық жағдайды жақсартуға зор үлес қосуды көздейді. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның жұмысына белсенді қатыса береді және оның әлеуетін нығайтуға өзінің елеулі үлесін қосады» деді Қазақстан көшбасшысы.

Мемлекет басшысы еліміздегі алдағы жалпыұлттық референдумға байқаушылар миссиясын ұйымдастырғаны үшін ШЫҰ-ның Бас хатшысына ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Чжан Мин ШЫҰ-ға мүше басқа да мемлекеттердің көшбасшыларымен бірге өзін ұйымның Бас хатшысы лауазымына тағайындау туралы шешім қабылдау кезінде сенім білдіріп, қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол Президентке ұйымның әлеуетін және мүше мемлекеттермен арадағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін бар күшін салатынын жеткізді.

Дипломат Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы жетістігін, Президенттің басшылығымен іске асырылып жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады. Чжан Мин ұйымның әлеуетін арттыруға еліміздің қосқан елеулі үлесін және оны дамытуға белсенді атсалысатынын айтты. Әңгімелесу барысында ұйымның Бас хатшысы Президентке қыркүйек айында Самарқандта өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысына дайындық барысы туралы мәлімет берді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чжан Мин халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды