«ЫНТЫМАҚ, БІРЛІК, КЕЛІСІМ – ЕҢ АСЫЛ БАҚЫТ ЕЛ ҮШІН»

0 168

Семинар8

Астана қалалық әкімдігі Дін істері басқармасы, Дін проблемаларын зерттеу орталығы және «Нұр Астана» орталық мешітінің бірлесуімен бастау алған «Қазіргі қоғам өміріндегі рухани құндылықтар» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Айта кету керек, екі күнге жалғасқан семинарда есімі елге белгілі исламтанушы, теологтар Ерсін Әміре мен Арман Қуанышбаев ақида және фиқх, мазхаб мәселелері жайында дәріс жүргізді.

Дін істері басқармасы басшысы Жорабек Дәуренов семинардың ашылу барысында мәлімдегеніндей, бүгінде дін мәселесі ел бірлігі мен ұлттар  татулығы  тақырыбымен байланысты болып отыр.

Ел іргесі бекіп, тәуелсіздік туы көтерілген уақытта дін атын жамылған жат ағымдар өз пиғылдарын іске асыруға тырысып бақты. Дүдәмәл топтардың құрығына ілігіп, жаңсақ басқан жастарымыз да болғаны жасырын емес.

Әлбетте, зайырлы қоғамда әркімнің  сенім бостандығы сақталатыны рас. Алайда, батыр ата Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, «Тәр­тіпке бағынған құл болмайды». Бұл орайда Елбасымыз Нұрсұлтан
Назарбаев өз сөзінде «Біздің Конс­титуция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз ер­кіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс» деп, бостандықтың бағасы мен ел болудың негізгі факторын атап айтты. Яғни, мемлекет бекіткен заң аясында дәстүрлі дініңді ұстанып, көсегесін көгертуіңе ешбір тосқауыл жоқ. Ал, сенімге селкеу түсіріп, күмәнді ойларға жетелейтін, бірлікке сызат түсіріп, қоғамға бүлік салатын жат ағыммен күрес жүргізу – не мемлекеттің, не дін қызметкерінің жеке шаруасы емес. Мемлекет дегеніміз – сіз бен біз. Яғни, баршамыздың бірігіп, жұмыла атқаратын шаруамыз. Қала әкімдігінің қолдауымен өтіп отырған бұл семинар-тренингтің діттеген мақсаты да осы.

Семинардың алғашқы дәрісін исламтанушы, теолог Ерсін Әміре «Матуруди ақидасының діни мәтіндік негіздері және қайшы көзқарастар» тақырыбында жүргізді. Сан ғасырлар қалыптасып, тарих сүрлеуінде өзінің сара жолын қалдырған Матуруди ақидасы жайында жалған сөз айтып, сырт елдің шейхтарына сенім артып, атажұртының ғалымдарына күмәнмен қарайтын ағым өкілдерінің пәтуасыз пікірлері мен дәлел-дәйектерін жіпке тізгендей тізбектеп берген Ерсін қари олардың көксегені бірлік емес, тартысты қалаған бос тірлік деді. «Өкінішке қарай, өзі өсіп-өнген атамекенін қорғаған кешегі батыр бабасы ұстанған сенімге сенімсіздік танытып, ақиданы алыстан із­деген жастарға жаным ашиды. Өздері не айтып отырғанын өз сана-түйсіктеріне салып түсінсе, бұлай етпес еді. Ислам діні – анық және онда ешбір күмән жоқ. Ал, дінімізде ақида – ең маңызды мәселенің бірі. Онсыз сен күнсіз жарық іздегенмен тең боласың» деп, ақида төңірегіндегі ілгері-кейінгі өткен ғалым, ғұламалардың пайым-тұжырымдарына кеңінен тоқталып өтті. Теолог талқылаған ақида тақы­рыбында елорда имамдары да өз ой­ларын ортаға салып, пікір алмасты.

Семинардың екінші бөлігі исламтанушы Арман Қуанышбаевтың «Мазхабтар арасындағы діни көзқарастық айырмашылықтар және олардың пәтуалық негіздері» дәрісіне арналып, мазхаб мәселесі жөнінде әңгіме өрбіді. Сөзінің бісмілләсін білімнен бастаған Арман Қуанышбаев имамдарға күрес тек қана біліммен, өзіңді, өз жолыңды, мазхабыңды танумен ғана жемісті болатынын жеткізді.

Мазхабтар тарихы, ондағы тарау, ұғым-түсініктер, фиқх мәселелерін қамтыған дінтанушы дәрісінен соң, сұрақ-жауапқа уақыт берілді. Онда мазхаб мәселесімен бірге, фиқхтағы таласты тақырыптар, отбасы, неке, сауда жасау, т.б. турасында көптеген шариғи сұрақтар қозғалды.

Жайық НАҒЫМАШ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 4 =