ЫНТЫМАҚ АРТСА, ЫРЫС ТАСИДЫ

0 150

Поздравление с Днем единства, 4 01.05

Біз – біртұтас Қазақстан халқының түрі бөлек, тілегі бір, елім деп соққан жүрегі бір, арман-болашағы ортақ, мүддесі айқын бір баласымыз.

Тағаттылық, өзгеге құрмет – бала күннен санамызға сіңген қасиет. Еліміз егемендікке ие болып, тәуелсіздігін алған кезде жаңа мемлекеттің толыққанды бір мүшесіне айналуымызға осы қасиет себеп болды. Ешқашан өзімізді бөтен сезінген емеспіз. Қазақ бауырларымыздың адамсүйгіш қасиетінің арқасында үйлесімділік өркен жайды дер едім.
Ол кезде бүгінгі Астананың жаңа бөлігі қоныс тепкен Есілдің сол жағалауындағы саяжайда демалыс күндерін өткізетін едік. Орыс, ингуш, беларусь, украин, неміс балалары отбасымен осында жиналатын. Біздің маңымызда Серік ағаның да саяжайы жақын орналасқан еді. Бірақ, ағамыз саяжайға көкөніс өсіріп, жеміс жинауға келмейтін. Апта аралатып бір қозыны мәшинесімен алып келіп, тәп-тәтті қуырдақ пісіретін. Оны қызықтап, үйірсектеп жүретін біздерді мәшинесімен қыдыртушы еді.
Әрине, одан кейін біздерде жан қалмайтын. Серік ағай қайда жұмсаса, бар бала таласа-тармаса жүгіруші едік. Күн ұзақ үй көрмеген біздерді ата-аналарымыз кешкісін іздеп келеді. Олардың Серік ағаймен таныстығы осылайша басталды. Көп ұзамай Серік ағайдың саяжайы достардың сағына кездесетін пікірталас алаңына айналып кетті. Одан қалды біздер өлең айтып, би билеп, демалыстың сәнін кіргіземіз.
Осылайша жаз өтіп, күз келгенде диханның бау-бақшасы піседі. Туысына айналып кеткен көршілерінің бірі – картобын, бірі – қызылшасын, бірі – пиязын, әйтеуір, жерден өнген өнімінің бір бөлігін Серік ағайға жеткізіп береді.
Тосын сыйға таң қалған Серік ағамыз: «Мұның бәрін не істеймін? Бұзылып кетеді ғой» деп қабылдамады. Сонда көрші-көлемі оның жалғызбасты екенін ескеріп, азықты сақтаудың амалын тапты: келесі жазда Серік ағамызға жеміс-жидектерді ыдысқа салып, тұздалған қияр, қайнатылған жеміс тосабы және тағы басқа қалбырлаған күйінде апарып береді. Көршілерінің ықыласына риза болған Серік ағаның мұны алмасқа амалы қалмайды. Міне, бала күнімнен із қалдырған шынайы сыйластықтың бір көрінісі осы.
Береке-бірлігіне сызат түсірмей, үлкен-кішінің, әрбір этнос мүшелерінің тілін тауып, ортақ іске жұмылдыра білген мемлекет құрушы қазақ халқының, оның ғасырлар бойы қалыптасқан өркениеті мен биік рухының, кішіпейілдігі мен дархандығының алдында әрдайым бас иеміз. Осындай кемел елдің адал перзенті ретінде ынтымағын арттырып, ырысын тасыту – біздің міндетіміз болса керек.

Александр КИМ,
Астана қаласы корейлері этномәдени
бірлестігінің төрағасы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =