YНЕМНIН ЖОЛЫ – ДИОДТЫ ШАМ

0 190

IMG_4016

Елімізде тұңғыш жарықдиодты (светодиодные) шамдар жасаумен айналысатын «LED SOLUTION» компаниясы электр қуатын үнемдеуге зор үлес қосуда. Қазақстандық өнімді шығара бастағанына екі жыл болған бұл кәсіпорын бастапқыда диодтарды қолмен құрастырған. Қазір «Astana Innovations» АҚ және «Даму» қорынан қолдау тауып, шағын цехта кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл кәсіптің де түйінді мәселесі аз емес. Шетелдік өнімдермен бәсекеге түсу, халықты отандық өнімді пайдалануға үйрету сынды кедергілер компанияның толық жұмыс істеп кетуіне қолбайлау болып отыр. Біз бүгін осы айтылған мәселелер төңірегінде «LED SOLUTION» компаниясының бас директоры Қаныбек Айтақовты әңгімеге тартқан едік.

Қаныбек Болатұлы, қазір электр қуатын үнемдейтін шамдардың түр­лері көп. Сіздердің өнімдеріңіздің басқалардан артықшылығы неде?

– Қолданыстағы электр қуатын үнем­дейтін шамдардың бәрінің ішінде сынап бар. Бұл зиянды қалдықты далаға тастауға болмайтынын халықтың санасына жеткізе алмай жатқанымыз белгілі. Халық оны пайдаланып, кез келген жер­­ге тастап жатыр. Оны арнайы жерге ба­рып өткізуге, арнаулы контейнерге салуға дағдыланбаған. Бір жағынан, оны еш­кім қадағалап та жатқан жоқ.

Сынап өте майда ұнтақ күйінде. Ол істен шыққанда жарылып, көзге көрінбей, ауаға тарап кетеді. Сөйтіп, адамды ақырындап улай береді. Сонымен қатар, ондай шамдар көзге өте зиян. Монитор, теледидар экраны сияқты жыпылықтап тұрады. Ол көзіңізге қатты байқалмаса да, миыңызды қатты шаршатады.

Ал біз шамды жасағанда ұсақ диодтарды пайдаланамыз. Біздің шығарып отырған шамдарымыз токты 3 есе кем жейді, себебі,12 вольтпен жұмыс жасайды. Екіншіден, ішінде сынабы жоқ, яғни, табиғи зиян емес. Үшіншіден, қызмет көрсету мерзімі ұзақ – он жылға жетеді.

– Мұндай шамдарды әлемде пай­даланудың тәжірибесі әріден басталатын шығар?

– Дамыған елдер мұндай шамдарды қолдануға баяғыда көшіп кеткен. Жапонияда 95 пайызы осындай шамдарды пайдаланады. Біздің елде жарықдиодты шамдар бұрыннан бар. Бірақ жаппай қолданылмайды. Себебі, бізде электр қуатын үнемдеу мәдениеті әлі қалып­таспаған. Ал, өнімге келетін болсақ, отандық үлгісін тұңғыш рет біз шығарып отырмыз. Қазір «ЭКСПО-2017» көр­­месі қарсаңында электр қуатын үнем­дейтін құрылғылар шыға­ратын ком­­паниялар құрылып жатыр. Бұл бізді қуантады. Бәсекелестік артып, отандық өнім­деріміз көбейсе, еліміздің экономикасына өз үлесімізді қосқан болар едік.

Өзге елдер 10 жыл бұрын осындай жарықдиодты шамдарға ауысқан. Бұрынғы шамдар 100-150 Вт болса, электр қуатын үнемдейтін шамдар – 23 Вт. Ал біздің шамдар 10 Вт болады. Бірақ, басқа елден келіп жатқан барлық шамдардың ішінде сынап бар екенін біле бермейміз. Бүкіл қала осындай шамға ауысса, денсаулығымызға үлкен зиян келері анық. Сондықтан қазір Ресей электр қуатын үнемдейтін сынапты шамдарды қолдануға тыйым салып, бұрынғы бұрандалы, вольфрам сымды шамды пайдалана беруді немесе жарықдиодты шамдарға ауысуды көздеп отыр.

– Компанияның құрылғанына неше жыл болды? Өнімдеріңіздің сатылу жағы қалай, тапсырыс беру­шілер көп пе?

– Шағын цех ретінде 2010 жылы ашылып, 2012 жылы алғашқы өнімдерімізді шығара бастадық. Бастапқыда 2-3 адам диодтарды қолмен құрастырып, бірді-екілі шамдарымызды ұсынып жүрдік. Содан «Astana Innovations» компания­сына жобамызды ұсынып, грантына ие болдық. Жаңа технологиялар мен жаңа жобаларды қолдап, бастапқы қаржыландыруды іске асырып келе жатқан бұл компанияға алғысымыз шексіз. Компания жоба­мыздың әрі қарай жүзеге асуына то­лықтай қолдау көрсетіп, өнімімізді патенттеуге көмектесті. Компания 9 млн теңге көлемінде қаржы бөліп, соның арқасында бастапқыда ең қажетті деген құрал-жабдықтарымызды алдық. «Даму» қорынан 45 млн теңге несие алдық. Айына 1 жарым млн теңге төлейтін несиенің жартысын осы қор өтеп отыр. «Даму» қорының мұндай жеңілдігіне ие болмасам, мұндай цех аша аламас едім.

Біздің үйге қоятын шамдарымыздың бағасы 2000 теңге, ал мекемелерге қоя­тындар – 18 000 теңге. Әрине, са­лыс­тырмалы түрде қымбат. Бірақ токты үш есе үнемдейді, жарықты үш есе артық береді. Тағы бір ерекшелігі өртке қауіпсіз. Бұрынғылар 220 вольтпен жұмыс істесе, жарықдиодты шамдар 12 вольтпен жұмыс жасайды.

Құрал-жабдықтарды, қажетті материалдарды қай елден әкелесіздер?

– Қазір бізде қажетті деген шағын құрылғымыз бар. Олар Жапония мен Тайваннан әкелінді. Кореяның «Samsung»  компаниясынан диодтарды алдырамыз. Қалған қажетті металдар: темір, аллюминий, т.б. өзіміздің зауыттардан жеткізіледі.

Цехымызда 18 адам жұмыс істейді. Бәрі – қазақтың балалары. Құрыл­ғы­лармен жұмыс істеуді үйрену үшін бас инженеріміз арнайы Тайваннан 3-4 ай оқып, тәжірибе жинақтап келді.

– Жергілікті билік тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

– Қалалық әкімдіктің «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына ендік. Сол бағдарлама бойынша қандай да бір қолдауға ие болуға үміттіміз. Өнім­дерімізді сатуға үкімет септігін тигізсе, біздің жұмыс әлдеқайда жанданып, мыңдаған жұмыс орнын ашар ма едік.

Жан-жаққа байланысқа шығып, құ­­­­зыр­лы мекемелерге хат жазып-ақ жа­тыр­­­мыз. Бірақ, нақты қолдау көр­сетіп, біздің шамдарды алуға келісім беріп жат­­қандары сирек.

Мысалы, министрліктер үйінде 40 мың шам бар екен. Үкімет бір ғана осы ғимаратты біздің шамдармен қайта жабдықтауға көмектессе, бізге одан өткен қолдау болмас еді. Ештеңеге алаңдамай бір жыл бойы сол мекемеге электр қуатын үнемдейтін шамдарды орналастырумен айналысар едік.

Керісінше, жекелеген кәсіпкерлер біздің ұсынып отырған өніміміздің тиімділігін байқап, қолдау көрсетуде. Қазіргі біздің тұтынушыларымыздың басым көпшілігі – жеке кәсіпкерлер.

– Бізде «жарықты көп берсе, көп жейді» деген түсінік қалыптасып қалған. Осы орайда шамдарыңыздың ерекшелігін түсіндіре кетсеңіз.

– Жоқ. Мысалы, сіздің үйіңізде бес шам бар. Электр қуатына айына 2000 теңге төлейсіз, бірақ, сіз үнемдегіңіз келеді. Ол үшін шамдардың екі-үшеуін алып салуыңыз да мүмкін. Бір бөлмеде жарық болса, екінші жерде жарықсыз тағы да отыра алмайсыз ғой. Ал мына жарықдиодты шамдармен сол бесеуін де ауыстыра аласыз және электр қуатын анағұрлым үнемдейсіз. Бұрынғы шамдар 100-150 Вт, біздің шамдар 10 Вт. Осыдан-ақ есептей беріңіз. Сол жарық қалады, бірақ, үш есе кем жағасыз. Десек те, қазір мұны тұрғындарға түсіндіру қиын болып отыр. Ал, арзан шамның электр қуатына көп төлейтіндігін халық жете түсінбей отыр. Бәлкім, электр қуатын шетелдегі сияқты қымбаттатса, сонда ғана санасар.

– Бізде ондай экологиялық мәде­ниет қалыптаспаған дейсіз ғой.

– Әрине, бізде сол жағы кемшін. Ондай мәдениет болу үшін бағаны көтеру керек. Біз үшін бәрі тегін, бәрі өлшеусіз. Табиғи байлыққа тарифтің төмендігі ысырапшылдыққа әкеліп отыр.

Кейбір елдерде суық су мен ыстық судың құбыры екі бөлек тұратынын білесіздер. Яғни, раковинаны өзіңіз пайдаланытындай суға толтырасыз да  сол сумен жуынасыз. Ал біз ыстық, суық суды бірдей сарқыратып ағызып қойып жуынуға үйреніп қалғанбыз. Сондай-ақ, біз ноутбукты күні бойы қосып қойып жүре береміз. Ал Ауғанстанда сол кішкентай ғана компьютерді 1 сағат істету үшін велосипед сияқты құрылғыны 4 сағат бойы аяқпен айналдыруларына тура келеді. Бұған қа­рағанда біздің жанымыз зәредей болса да қиналмайды. Қазір бізде қаншама ЖЭС, ГРЭС-тер салынып, электр қуаты жетпегендіктен, артық көмір жағып жатыр. Егер қала тұрғындары электр қуатын үнемдеуді үйренсе, елімізге осыншама шығын келмес еді.

Өнімдеріңіздің бағасын өзге елден келетін осы тектес шам нарқымен теңестіруге болмай ма? Бағасын қан­дай есеппен шығарып отырсыздар?  

– Әрине, біз арзанға сатқымыз келеді. Өйткені, өнім шығарғаннан кейін сату керек қой. Өкінішке қарай, қосалқы бөлшектерді шетелден алдырып отырғаннан кейін, өнім өз-өзін ақтамайды. Шамның негізгі құрамы – диодты Кореядан алдырып отырмыз. Қытайдан арзан диодтар алуға да болатын еді. Бірақ ол көпке жетпейтіні белгілі. Сондықтан Кореяның «Samsung»  компаниясына диодтарға тап­сы­рыс береміз. Барлық шығындарды есептей келе, біз үстіне 15 пайыз ғана қосып отырмыз. Себебі, қызметкерлерге жалақы беру, кеңсенің жалға алу ақысын төлеу сияқты шығындарымыз бар. Егер мен қытайдың диодын қойсам, 9 мың теңгеге сатар едім. Әрине, халық 18 мың теңгеден гөрі қытайдың 9 мың теңгелік шамын алуды жөн көреді ғой.

Қазір 70 теңгенің шамын алып жүрген адамдарға 2000 теңгенің шамын алу материалдық, психологиялық тұрғыдан да қиын. 400 теңгенің электр қуатын үнемдейтін шамдарын алудың өзіне әупірімдеп үйреніп келеді. Бұл шамдар Қытай, Түркия, Ресейден келіп жатыр. Бірақ оның ішінде жоғарыда айтып кеткендей сынап бар. Мұны халық біле бермейді. Әрине, Ресей, Қытай, Түркияның өнімдерінің ішінде сапалысы бар. Бірақ, оның бәрі қандай диод пайдаланғанына байланысты. Егер сапалы диод пайдаланса, олардың бағасы біздікінен де қымбат болар еді. Бізде «ресейлік өнімдер сапалы» деген түсінік қалыптасып қалған, ал ол қытайдың диодтарынан жасалған болуы да мүмкін. Соған қарамастан біздікілер ресейлік өнімге үйір. Ал отандық өнімнің сапасы жақсы болса да қымбатсынады.  Ресейдің жарықдиодты шамдары 12 мың теңге тұрады. Біз де диодтарды Қытайдан алдыратын болсақ, шамды 9 мың теңгеден сатып, шетелдік өнімді нарықтан ығыстырар ма едік. Бірақ, біз тек қана сапалы қазақстандық шамдар жасауды мақсат етіп отырмыз.

Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен: Шынар ШӘКЕН

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + 4 =