ҰЛЫЛАР МЕКЕНІНДЕГІ ҰМЫТЫЛМАС КYНДЕР

0 285

Осыдан үш жыл бұрын, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың ғасырлық мерейтойы тұсында табиғаты әсем Қарқаралы өлкесіне жолымыз түсті. Сол кезде 1851 жылы Құнанбай қажы салдырған мешітті, Абай әкесімен бірге түскен татар саудагерінің үйін көзіміз көрді. Биыл жаз ортасында ойламаған жерден Абайдың кіндік қаны тамып, дамыл тапқан өңірге сапарладық. Ондай мүмкіндікті ұлы данышпанның өмірі мен шығармашылығын қазаққа жеткізе түсуді мақсұт тұтқан Астана қаласындағы жалғыз «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы, «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қоры және бізді осы сапарға аттандырған өзіміздің газет редакциясы тудырды.

МЕККЕГЕ БАРҒАНДАЙ БОЛДЫҚ

«Меккеге жол шеккен мұсылманда Қағбаға тауап етуден басқа қандай мұрат бар – Абайды қадір тұтқан қазақта Жидебай топырағын басудан бөтен қандай тілек болуы мүмкін?!» Белгілі журналист-жазушы Жанат Елшібектің «Уақыт-сынап» кітабында Мұхтар Мағауин айтты деген осындай жолдар кездеседі. Бірнеше жылдардан бері жалғасып келе жатқан «Ұлылар мекеніне саяхат» бағдарламасымен жолға шыққан отыз шақты адамда қанша арман-тілек болса, соның үлкені осы сапар барысында орындалды.

Астанадан шығып, Семейді бетке алған ақындардың, ұстаздардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, «Абай оқулары» байқауы жүлдегерлерінің және Абайды қастер тұтар жұрттың аузында – Абай. Жолбасшы – «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры Алмахан Мұхаметқалиқызы шыққан көлігіміздің шопырларына Абайдың өлеңдері мен әндерін қойдырып, данамыздың жүрегіне бойлауымызға одан сайын еңбектене түсуде. Өзі де жол бойы білген, көңіліне түйген мәліметтермен бөлісуде. Жанымыздағы Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйінде бірталай жыл қызмет атқарған Қайыржан Күзембаев та Абайға қатысты әңгімені айтып келеді. Одан сәл алысырақ отырған біз бір сөзін естіп, бір сөзін естімей келеміз. Қайыржан ағамыздың дәл қасына отырып, бүкіл әңгімесін ап-анық естіп келе жатқан жас қаламгер Алмаз Мырзахметке қызыға қараймыз…

ЕРЕЙМЕНТАУ БАСЫНДАҒЫ ХХІ ҒАСЫР ҮНІ

Міне, қазақ ән өнерінің ерекше құбылысы Иманжүсіп Құтпанұлы басына бүркіт ұстап шығып жүрген, тағдырының қиын жылдары «Көзіме бір көрінші, Ерейментау» деп армандаған жерге де келдік. Алмахан апай осы өлке атауының шығу тарихына қатысты аңызды тірілтіп, «ат ерімен қашқан жер» дегенді ұқтырды. Осы өңір жайлы: «…Ұлылығы – Данте жазған дастандай. Жылылығы – кәрі ананы аяудай, Сұлулығы – Репин жаққан бояудай. Аспан биік – Әсет айтқан ән сынды…» деген қазақ өлеңінің жарық жұлдызы Жұмекен Нәжімеденовтің жыр жолдары да көкірегімізде жаңғырады. Осындай жерге келгенде ХХІ ғасыр үнін неге естіртпеске?! Сапарға бірге шыққан ақындар Асылзат Арыстанбек пен Олжас Сәндібекке өлең оқыттық.

ҚҰЛАҚҚАҒЫС

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы 23 тамыз күні сағат 11.00-де Абай ескерткішінің алдында ұлы ақынның туған күніне арналған «Абайдың ән әлемі» атты мерекелік шара өткізеді. Оның басты мақсаты – Абайдың сан қилы мұрасын насихаттау, алуан тақырыптағы әндері арқылы суреткердің эстетикалық әлемін таныту. Шарада танымал әншілер Кенжеғали Мыржықбай, Жанат Шыбықбай, Гүлзира Бөкейхан, Ерлан Рысқали Абай әндерін шырқайды. Сонымен қатар, Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері Абайдың өмірінен дайындалған қойылым көрсетеді.

КЕРЕКУ ӨҢІРІНДЕГІ КЕЗДЕСУ

Семейге жеткенімізше ұзақтау аялдаған жеріміз – Павлодар қаласы болды. Атауы «Мен – қазақпын» дейтін адамның шамына тиетін осы шаһарда аяқ суытып, түскі асымызды ішкеннен кейін Г. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайына бас сұқтық. Бұл 1899 жылы салынған ғимарат бастапқыда көпес А. Деровтың сауда үйі болып, кейіннен осы қаладағы пошта-телеграф кеңсесіне айналған. Осындағы жәдігерлерден ІХ-ХІ ғасырлардағы қимақ жауынгері мен Майра Уәлиқызының мүсіндері, «Шәкен Аймановтың сахналық киімі» деген анықтамасы бар шапан мен бөрік (қазақ киносының саңлағы осы киімді «Алдар көсе» фильмінде қолданған шығар деп топшыладық), «Абылай ханның ордасы» инсталяциясы бізді ерекше қызықтырды.

Тағы бір көңіл қойғанымыз – таққа жайғасқан ханның алдында қолына домбыра қондырылған мүсін. Бізді мұражаймен таныстырып жүрген гидтің айтуынша, бұл – Бұқар жыраудың бейнесі ретінде ойластырылған.

КӨҢІЛІМІЗ НЕГЕ ҚҰЛАЗЫДЫ?

Павлодардан шығып, Шығыс Қазақстан облысының шекарасына іліккеннен кейін бір көрініс шалқып келе жатқан көңілімізді құлазытып жіберді. Қазаққа Абай секілді ұлыларды берген өлке қарағайлы қалың орманымен де әйгілі. Басқа жеріне қайдам, Павлодар мен Семей арасындағы орманға өрттен мол зардап келіпті. Табиғат апаты ма, әлде әдейі өртелген бе, біліп болмайсың, әйтеуір жол бойындағы бірталай шақырым жерді ағаштың тұқылдары алып жатса, кейбір жер мүлде тақырға айналыпты. Осы аралықтағы күре жол да жолаушының көңілін толтырмайды. Ол жайлы тағы бір сапарласымыз – атына заты сай, қазақ әдебиеті дегенде ішкен асын жерге қоятын Азамат Шоқшин қайтар жолда: «Жолдың жақсарғанынан Семейден алыстағаныңды білесің» деп тамаша айтты.

Семей мен Жидебайдың арасындағы жол да жолаушыны біраз әбігерге салады. Екінші күні Семейден Абайдың мәңгілік мекеніне айналған жеріне шыққанымызда оған көз жеткіздік. «Абай жолы» роман-эпопеясы есіңізде болар – 13 жасар Абай Семейдегі оқуынан ауылына қайтып келеді… Тура сол жолмен жүріп келеміз. Айырмашылығы – астымызда қазіргі заман көлігі. Алмахан Мұхаметқалиқызы да «Абайдың соқтықпалы, соқпақсыз жолымен келе жатырмыз» деп оны есімізге салып қойып, жер аттарымен таныстырып келеді. Оның сөзін Семейде жанымызға қосылған абайтанушы Асан Омаров пен Қайыржан Күзембаев толықтыруда. Мұхтар Әуезовтің шығармасын оқығандар жер атауларын еске түсіруде.

ҚОРҒАНСЫЗ ҚАЛҒАН ҒАЗИЗА ҚАЙДА ЖЕРЛЕНГЕН?

Міне, бала Абайды ертіп келе жатқан адамдар тоқтайтын Шағыл… Алыстан «Қорғансыздың күні» шығармасында айтылатын, Сарыарқаның соңғы жотасы саналатын, ұзындығы 12 шақырым Арқалық тауының сұлбасы көрінеді. Абайдың ғашығы Салтанаттың ауы­лы – Балтатарақтың тұсынан өттік. Әрі қарай Күшікбай кезеңі. Жолбасшыларымыздың айтуынша, бұл жерде Абайдың ақын шәкірттерінің бірі Көкбай Жанатайұлы 1925 жылы дүниеден өткен. Күшікбайдың өзіне келсек, ол ХVІІІ ғасырдың соңында өмір сүрген. Батырлығымен аты шығып, 21 жасында шешектен қайтыс болған. Кесенесі де сол маңда. Таяу жерде суы шипалы, батырдың атымен аталатын бұлақ та бар екен. Оның суын ішіп, шөлімізді бастық.

Ақан болыстың қорлығына шыдамай, әкесінің бейітіне жүгіріп, үсіп өлген Ғазизаның жатқан орнын да көріп, тебірендік. Бұл жерге ескерткіш орнатылып, оған: «Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» хикаятының бас кейіпкері Ғазиза. 2013 жыл. Сәуірдің 13 жұлдызы» деген сөздер жазылыпты. Зиратпен ауыл орнының арасы 500 метр­дей. Ауыл екенін білдіретін күлтөкпе бар.

Ақанға лағынет айтқызар осы оқиға 1914 жылдың қысында орын алыпты. Ізі суымай жатып жас Мұхтардың құлағына жетеді. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін жазушы оны «Қызыл Қазақстан» журналының 1921 жылғы №3-4 сандарына «Арғын» деген бүркеншек атпен бастырады және 1922 жылы Орынбордан кітап етіп шығарады.

КИЕЛІ ЖЕРЛЕРМЕН ЖҮРГЕНДЕ

Ералы жазығының тұсынан да өттік. Жидебайдан шамамен 75-80 шақырым жерде орналасқан бұл жер Кеңгірбай бидің ұлының атымен аталады. Ералының моласы да сол тұста. Асан Омаровтың айтуынша, бұл жанынан бет сипамай өтпеуге болмайтын киелі жер. Мұсылманшылық рәсімді жасамай өткен талай көлік иелері осы тұсқа келгенде опық жеген көрінеді.

Еңлік – Кебек… Осы оқиғаға Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» дастаны мен Мұхтар Әуезовтің пьесасы арқылы қанықпыз. Руаралық тартыстың кесірінен қос ғашық жазаға тартылып, ат құйрығына байланып, сүйретіледі. Олардың шашылып кетіп, табылған сүйектерін жанашыр ел жинап алып, бір зиратқа жерлейді. Зират орнындағы ескерткішке: «Көп жасамай, көк орған Жарасы үлкен жас өлім» деген Абайдың Ділдәдан туған ұлы Әкімбай қайтыс болғанда жазған өлең жолдары қашалған.

АҚШОҚЫДАҒЫ ҚОРЫМ

Құнанбай жатқан Ақшоқыға да жетіп, дұға бағыштадық. Бұл жерде Абайдың әкесімен қатар ағасы Тәкежан, інісі Ысқақ, балалары Әбіш пен Мағауия, немерелері Жағыпар, Кәмила, биыл дүниеден өткен Ишағы Жағыпарқызы, жалпы алғанда Құнанбай әулетінен 17 адам дамыл тапқан. Абай осында 15 жасында келіп, 30 жылдай өмір сүріп, көптеген шығармаларын тудырған. Асан Омаровтың пайымдауынша, Құнанбай 1885 жылы дүниеден өтсе, сол жылдан әкесінің рухы Абайға қонып, шығармашылық қуаты арта түседі. Иә, Абай өлеңді қырық жастан кейін жаза бастаған деген сөз де бар жұртымызда. Одан хабар беретін Абайдың өзінің «Сорлы Көкбай жылайды, Жылайды да жырлайды» деген жолдары да есімізде.

Осынау тарихи да, қастерлі орынға апаратын жолдың жайын да қаузай кетсек. Жол деп айтуға келмейді – грейдер. Тас төселетін күні келер ме екен оған?.. Осындай оймен Абай мен Әйгерімді таныстырған, Жидебайдан 35 шақырымдық қашықтықта жатқан Шілікті кезеңінен де өттік.

ЖЕР КІНДІГІ – ЖИДЕБАЙДА

Діттеген орынымыз – Жидебайға келгенімізде алдымыздан республикалық «Абай» қорының директоры Балтабек Ерсәлімұлы шықты. Бейнесі Абайға келетін ол кісі данышпанымызға жиен екен. Сол жерге Қарауыл селосының әкімі Құсыман Берлешев те жетті. Ол да Абайға жат емес болып шықты – Тәкежанның ұрпағы. Қарауылдың маңайында Құнанбай туралы көркем фильм түсіруге дайындық жүріп жатқанын соның аузынан естідік. Осыған қуандық. Расымен, Мұхтар Әуезов жазғандай емес, басқа, нағыз Құнанбайды тану керек жұрт. Әйтпесе, Абайдың әкесі жайлы халықтан оң пікір есту қазір де қиын. «Абай жолын» жазған жазушы да идеологияның кесірінен жаңсақтыққа барғанын білді. Оның Құнанбай бейітіне барып: «Қажы аға, кешірім ет, Абай үшін сізді құрбандыққа шалдым» деп арылғанын да естігеніміз бар. Ендеше, Құнанбайды жақсы, дұрыс жағынан көрсететін осы фильм болуы керек. Асан Омаров та Қарауыл әкіміне жақында шыққан «Абай: ашылмай келген қырлары» кітабын тапсырып жатып, соны меңзеді. «Осы кітапты кино авторларына апарып бер» деді ол.

Жолбасшыларымыз ел адамдарына базыналарын да жеткізді. Әсіресе, Алмахан апайдың сөзі сүйектен өтердей болды. Шынымен, «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы болмаса, осы сапар барысында, алдындағы сапарлар кезінде де талай адамның ұлы мекенге жолы түсуі неғайбыл еді. Ол кісі осыны ұйымдастырамын деп біраз мекемелердің табалдырығын тоздырды, хат та жазды. Алайда, «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжановтан басқа селт еткен жан болған жоқ. Ол қомақты қаржы бөліп, осы сапарға мүмкіндік тудырды. Сапардың дұрыс өтуі үшін жанымызға қор қызметкері, ақын-аудармашы Дәурен Берікқажыұлын да қосып жіберді. Алдын ала айтайық, саяхатымыз сәтті өтті. Осыған Дәуреннің де аз үлес қоспағанын айтуға тиістіміз. «Ел ішінен Исламбектейін азаматтар неге шықпайды?» деп ашынды сапарды ұйымдастырушы. Алмахан апай тағы да Жұмекенмен үндескендей: «Заманға қарап, Абайды аяймын. Абайға қарап, өзімді аяймын»…

Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйін босағадан бізге таныстыра бастаған Гүлсара Құсайынова өз ісінің нағыз маманы екенін көрсетті. Алдымен Абайдың бесінші атасы Олжайдан басталатын шежірені таратып берді. Мұражайдағы әр зат жайлы қолымен қойғандай айтып берді. Ділдәнің тұс кестесі төркінінен келгенін, әсем әшекейленген ертоқым Абайдың Әйгерімге тартқан сыйлығы екенін білдік. Ілініп тұрған үш ауызды мылтық Абайға 1890 жылы генерал-губернатор Барон Таубенің тартуы болып шықты. Данышпанымыздың дойбы мен тоғызқұмалағын да көрдік. Одан бөлек, ағаш есепшотын, сейфін (өзі секретер деп атаған), мүйіз шақшасын, ірі адам болғанын айғақтайтын қайыс белдігін, протез тісін де қызыға тамашаладық. Протез тісі әмеңгерлікпен алған Еркежанда, одан кейін келіні Кәмәлияның қолында болып, кейінгісі оны 1941 жылы мұражайға тапсырған.

Мұражайдан шығып, Абай жатқан кесенеге бет алдық. Одан сәл беріректе Құнанбай ауылының балаларын оқытқан Ғабитхан молданың, Оспан үйінің жалшысы Шәукембайдың зираттарына кез болдық. Абайдың өзіне де дәріс берген ұлты татар молда оның алғырлығын сол кезде байқайды. Содан соң Құнанбайға: «Мырза, мына Абай – дана жігіт. Шаһарға оқуға жіберсеңіз не йәтәді. Хұдандауи, хакім-хазіреттер алдын көрсе – бек дұрыс» дейді. Осындай мәліметке Асан Омаровтың алдында айтылған кітабында жолықтық. Осыдан кейін Құнанбай Абайды Семейдегі Ахмет Риза медресесіне берген сияқты. Абай дүниеден өткенде жаназасын шығарған да осы Ғабитхан көрінеді.

Шәукембайға келсек, Қайыржан Күзембаевтың айтуынша, Абайға шаруашылықты жүргізуге осы кісі үйретіпті. Керек кезде қатты сөз айтқаннан да тайынбаған. Бұл Құнанбай әулетіне осы екі адам сыйлы болғанын айғақтайды.

Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжанның, ағасы – Шәкәрімнің әкесі Құдайбердінің молалары да осы Жидебайда екен. Абайдың тәрбиесіне үлес қосқан жандар біраз жасаған екен. Құлпытастағы жазуларға сенсек, Зере – 88 жасында, Ұлжан – 77-ге келіп о дүниелік болыпты. Осыған керісінше Құдайбердінің пешенесіне 37-ақ жас жазылыпты.

Ұшы сүйір ақшаңқан екі кесененің бірінде інісі Оспанды бауырына алып Абай, екіншісінде Шәкәрім мен оның ұлы Ахат жатыр.Осыларға апарар жолдың ортасында Амфитеатр орналасқан. Бұл орында жыл сайын жер жерден жиналған «Абай оқуларының» жеңімпаздары өлең оқиды екен. Біздер сонда аялдап, алған әсерлерімен бөлістік. Балтабек Ерсәлімұлы бастаған ел адамдары қазақы салтпен жолбастаушыларға шапан кигізді.

МҰХТАРДЫҢ ҒАШЫҚТЫҚ ХАТТАРЫ ҚАЙДА?

Жидебайдан қайтар жолда Мұхтар Әуезовтің кірін жуып, кіндік кескен жері – жазушының мұражайы орналасқан Бөріліге соқтық. Мұражай 1982 жылы ашылыпты. Онда бала Мұхтарға хат танытқан атасы Әуездің бөлмесіне бас сұғып, бірқатар құжаттарды көрдік. Басқа да құжат іздеп едік, бірақ ол көзімізге шалынбады. 1997 жылы жазушының ғасырлық мерейтойына орай түсірілген деректі фильмді көрген едік. Сонда Мұхтар ғашық болған Ғайни атты келіншекке жазған хаттары жайлы айтылады. Ол хаттар Ташкент қаласында бір үйде сақтаулы екен. Хаттарды ұстап отырған адам мен «Қазақфильм» АҚ-ның сол кездегі басшысы Сергей Әзімовтің арасында әңгіме өрбиді. Киностудия жетекшісі хаттарды Қазақстанға қайтаруын сұрайды. Алайда, одан түк өндіре алмайды. Сұхбаттасы: «Тірі кезінде ұлы тұлғаларыңды елемейсіңдер, өлгеннен кейін барып аһ ұрасыңдар. Хаттарды бермеймін» деп анық айтады. Қарап отырсақ, сол әңгімеден 17 жыл уақыт өткен екен. Бірақ, хаттар елімізге әлі әкелінбепті. Мұражайдың аға ғылыми қызметкері Гүлзат Сәлемқызынан осыны сұрағанымызда соны білдік.

«АЛАШТЫҢ» ҚАЛАСЫНДА

Көңілге кірбің ұялататын тағы бір жайт жайлы айта кетсек. Семей – «Алаш» партиясы құрылған қала. Партия көсемі Әлихан Бөкейханов та Абайды жалпақ жұртқа танытуда бір адамдай еңбектенді. Ең алдымен Абайдың алғашқы жинағын шығаруға атсалысты. 1905 жылы данышпанымыздың өмірбаянын орыс тілінде жазып, «Семипалатинский листок» газетіне жариялады. Ахмет Байтұрсынов жазған «Қазақтың бас ақыны» мақаласы да есіңізде болар. Ал, қазірде «Алаштың» штабы болған ғимарат шіркеуге айналған. Есі бар басшы мұндай келеңсіздікке жол беруші ме еді?..

Рас, сол қалада 1997 жылы ашылған «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайы бар. Көне ғимаратты 1893 жылы Абай білімге құштар жетім азамат Әнияр Молдабаевқа сатып әперген. Кейіннен мұнда Ахмет Байтұрсынов әйелі Бәдрисафамен, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов тұрған. Бірақ, алдында айтылған «Алаш» штабын шіркеуге айналдыру ненің сорақылығы…

«ҚАРАУЫЛ ҚАЙҒЫСЫ» ОҚЫЛҒАНДА

«Полковничий» – қазіргі аты «Түйемойнақ» аралына да барып, атомдық жарылыс құрбандарына арналған ескерткішті де көрдік. Қонақүйге қайтып келген соң Дәурен Берікқажыұлы бір бөлмеге жайғасқан төрт жігітке Есенқұл Жақыпбектің «Қарауыл қайғысы» поэмасын ерінбей оқып берді. Есенқұлға қайран қалдық. 1989 жылы жазылған бұл шығармада атомның бар қасіретін жайып салған ақын. Ортамызда Азамат Шоқшин отырған еді. Ол қатты әсерленіп: «Есенқұлға осыдан кейін Семейден көше беру керек» деді. Орынды ұсыныс. Тек оған уақыт керек сияқты. Есенқұл Жақыпбековтің дүниеден өткеніне бір жылға ғана жуықтады. Ал, «Ономастика туралы» еліміздің заңында белгілі бір тұлға қайтыс болғаннан кейін оның атына көше немесе өзге нысан кемінде 5 жылдан соң беріледі деп анық жазылған. Алла қаласа оның да уақыты келер. Тек сапар барысында өзгелер айтқан дұрыс сөздер, біз байқаған жайттар тиісті жерлерге жетсе болғаны.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ,
Астана – Павлодар – Семей – Жидебай – Астана

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − six =