Ыбырайдың інілері қайда жүр?

0 153

Ұстаздық ұлтым деген – ұлдың ісі. Ал бүгін халқы үшін аянбай қызмет етіп, сөзімен емес, ісімен еліне жанашыр болған ерлердің жолын қуар жігіттер аз. Қазақ баласының көкірегіне білім сәулесін ұялатқан кешегі Ыбырай мен Ахметтің ізін басар інілері қайда жүр? Әлде педагогика әйелдерге ғана тиесілі деген заң шығып па еді?..

Өткенде Facebook желісінде ақын Құл-Керім Елемес: «Бізден батыр шықпайды. Себебі ғасыр бойы ұрпақты әйел ұстаздар тәрбие­леді» деп жазды. Бұл сөздің жаны бар. Қазақстанда орта білім беретін мектептерде 340 мыңнан астам педагог жұмыс істесе, соның 81 пайызы – әйелдер. Ал 60 мыңдай ер мұғалімдерді, негізінен, директорлар мен дене шынықтыру пәні мұғалімдері құрайды екен. Гендерлік саясат тұрғысынан әйел­дер қауымының бәсі жоғары тұрғаны дұрыс та шығар. Алайда мамандар мектепке ер мұғалімдер ауадай қажет деп дабыл қағуда.

Ер мұғалімдер азайып бара жатыр

Ұстаздық жолды жүрек қалауы­мен таңдап келген сол аздың бірі Айбек Қуандық болатын. 13 жыл ұстаздық еткен педагог соңғы екі жыл мектепке ат ізін салмаған. Ер мұғалімдердің азайып кетуінің бірнеше себебін де атап өтті: «Біріншіден, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырау кезеңінде мектептерде айлап айлық бермегенде отбасын асырау үшін жұмысын тас­тап, нәпақасын басқа кәсіп түрінен тапқан ер мұғалімдер көбейді. Екіншіден, кейінгі уақытта білім саласы қызметкерлеріне деген көзқарас айтарлықтай өзгеріп, қоғам алдындағы беделі түсті. Сондықтан бұл салаға әсіресе жоғары оқу орындарын бітірген ер балалар келмеді. Білім саласы беделінің түсуіне мұғалімдердің алатын мардымсыз жалақысы да себеп. Үшіншіден, мектептер жергілікті әкімшілікке бағынғандықтан, әкімдік білім саласы қызметкерлерін қолбала секілді санап, өздерінің кей қызметтеріне тегін пайдаланады. Төртіншіден, қағазбастылық. Мектепте берген сабағыңа қарағанда жазатын қағазың көп. Керек болса да, болмаса да қалың папка жинау керексің. Мәселен, таңертең мектепке кіріп келе жатқан кезде, аяқастынан оқу ісінің меңгерушісі тез арада сағат 11:30-да осындай есеп тапсыруым керек дейді. Сізде түске дейін сабақ. Сіз сабақ беріп отырмайсыз, ана құжатты толтырып, тапсыруды қарастырасыз. Сабақ далада қалады, сіз папкамен отырасыз. Ер мұғалімдер мықты маман болса да, мұндай қағаз жинауға икемі жоқ. Қағаздан шаршап, ақыры кетіп тынады». Иә, Айбек Қуандық өз басынан өткеріп, куә болған соң мән-жайды бес саусағындай біледі. Ол қаншама жыл жүйені өзгертуге тырысса да, баяғы жартас сол күйінде қалған. Ауылдағы көп педагогтың қызметі – тоқсан сайын үй аралап тізім жинау, бітпейтін жиналыс­тар мен конференцияларда зал толтыру, мағынасыз концерттерге мәжбүрлі түрде билет сату деп кете беретін қыруар шаруа. Шаш етектен шырмалған жұмыста жүріп өзін де, арманын да жоғалтқан педагог қаншама. Осыдан барып маман тапшылығы пайда болды. «Сапалы кадрлар кетті. Орнын басқа техникалық мамандықты бітіргендер (мысалы: тракторист, сауыншы) басты. Педагогиканы сырттай оқып алып, мектеп қабырғаларында сабақ беріп жүр. Олардың алды тіпті зейнетке шығып та үлгерген. Кейін де ҰБТ-дан төмен балл жинаған оқушының бәрі мұғалімдікке түсіп, ілініп-салынып дипломын алып ұстаздық етуде. Соңғы уақытта министрлік тарапынан жақсы істер жасалып жатыр. Кейбір педагогикалық мамандықтар дайындауға әлеуеті жетпейтін жоғары оқу орындарының лицензиясын қайтарды. Біліктілік көтерудің талаптарын күшейтті» деді Айбек Қуандық.

Ағайына қарап ұл өсер

«Болашақты» жаңа ғана бітіріп, мектепте физика пәнінен сабақ беріп жүрген танысым бар еді. Кванттық теориядан бастап, дін мен адамның жаратылысына дейінгі әңгімесін ұйып тыңдаған оқушылары одан: «Ағай, сіз өте ақылдысыз. Бәрін білесіз. Неге апайлардың жұмысын істеп жүрсіз?» деп сұрапты. Не күлерін, не жыларын білмеген жас мұғалім сөз таба алмай қалса керек. Бұл оқиғаны естігеннен кейін «Мектеп ақылды адамдардың, ер-­азаматтардың орны емес» деген стереотиптің жасөспірімдер арасында да қалыптасқанын түсіндім. Түзде де, үйде де әйел тәрбиесін көрген ұлдар темірдей тәртіп пен жігіттік болмыстан алыстап өссе, қыздар жағы ер адамның қадір-қасиетін бағаламай бой жетеді. «Біздің оқушы кезімізде ер мұғалімдер көп болатын. Әрқайсысының өз пәні бойынша сабақ беру мәнері де ерекше еді. Сыныпқа кіргеннен мысы басып, бірден балаларды баурап алатын. Сондықтан қыз балалар жағы етек-жеңімізді жинап ұстайтынбыз. Ер адамды қалай сыйлау, алдын қия өтпеу, дарақылана күлмеу, дауыс көтеріп сөйлемеу дегенді ерте бастан сіңіріп өстік» деді елорда тұрғыны Айжан Бақбердіқызы.
Қазақта «балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле. Өйткені бала – ата-­ананың айнасы» деген нақыл сөз бар. Мектеп баланың екінші үйі емес пе? Ендеше оқушының мектептегі айнасы – мұғалімі. Бұл азшылықтың тағы бір кері әсері соңғы кезде мектептерде балалар арасындағы әлімжеттік көбейіп кетті. Ата-аналардың қайбірінің артық уақыты бар дейсіз. Таңнан кешке дейін қу тірліктің қамымен жүріп, баласына да жөнді тәрбие бере алмай мектептегі мұғаліміне ысырады. Ал мектептегі апайлары ұлдардың ісіне араласса да, сөзі бата бермейді. Қас-қабағымен оқушыға жөн сілтер ағайларымыз осындайда қажет. «Сіңлімді мектепте сынып жетекшісі басынан шұқып, ал ұл балаларды басынан періп жібереді екен. Апайынан барып сұрасам, сыныптағы 40 баланы тыныштандыра алмағанда күш қолдануға мәжбүрмін деп жауап берді» деп жазды Рабиға Әбдікерімова атты желі қолданушысы.
Әйелдер эмоцияның адамы болғандықтан, тұрақсыз эмоция балаларға да беріледі. «Қазіргі ұлдардың жасық болуы, рухының төмендеп кетуі, батыл қадамдар жасаудан қорқуы әйел тәрбиесінің шектен тыс көп берілуінде. Себебі әйелдер көбіне қорқытып тәрбиелейді. «Ата-анама айтып қоймаса екен, жазаламаса екен» деп бала күннен-күнге тұйықталып өседі. Мектептегі ұстаз тәрбиесі екіжақты болуы керек. Ұлдардың артық қылығын ағайы шектеп отырса, қыздар апайларымен сырласқаны абзал. Ал логикасы, ойлау жүйесі жағынан алып қарасақ та, ер-азаматтардан жақсы мұғалім шығады» деді отбасылық психолог Жанна Түймебаева.

Мұғалімдік те  ерлердің ісі

Англия мен Швецарияда ер мұғалім – 42 пайыз, Жапонияда – 80 пайыз. Ал Қазақстанда 20 па­йызға жетер-жетпес. Бұл мәселемен алпысыншы жылдары Түркия бетпе-бет келсе, қазір Тәжікстан күресіп жатыр. Тәжікстанда ұстаздарға тегін емделу, тегін жер телімі, қаржылай сыйлықтарды жиі беру жағы қарас­тырылған. Бізде бұрын жергілікті әкімдіктерден грант бөлініп жүрді. Ал қазір елімізде педагогикалық мамандыққа түсу екі есе қиындаған. Әрине, сапалы мұғалімдер қажет шығар. Алайда атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген еді. Сондықтан біздің елде де ер балаларды педагогикаға тарту жағын қолға алуымыз керек. Отбасын асырауға жетерлік еңбекақы төлеп, қағазбастылық пен әкімшілік қызметтерді азайтсақ, ер-азаматтар мектепке қайта оралар ма еді… «Ер мұғалімдердің санын көбейту үшін кезінде құлдырап кеткен мұғалімнің беделін нығайтпақ керек. «Мен мұғалім боламын» деген ниеті бар ер балаларды байқаусыз аттестаттағы бағасымен оқуға қабылдаған дұрыс. Өйткені ер мұғалімдер аз болса, ұлдардың қарап өсетін адамы қалмай қалады. Бұрын мектептерде жүздің ішінде бір ер педагог жүрсе, қазір мен барған мектептердің 20 пайызы – ер-азаматтар. Қазір ақырындап айлықтары көбейіп, мұғалім беделі деген заң қабылданып жатыр. Енді осыдан бастап жөнделсе де, жаман болмайды. Жас мұғалімдерді, мектеп басшыларын БАҚ арқылы көп насихаттау керек. Жоғары сыныптарға кәсіптік бағыт-бағдар беріп, ұлдарды мұғалімдікке шақыратын үлкен бір бағдарлама қабылдауымыз қажет. Ұл балалардың сабақ оқымай, сабақ оқитын балаларды «сендер қызсыңдар» деп мазақтайтыны белгілі ғой. Бұл мәселе жайлы бұрын да депутаттық сауал жолдағанмын» деді қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы.
«Менің атым Қожаны» сіз де көрген шығарсыз. Сол тентек Қожа ешкімнен именбегенде Оспан аға­йынан қалай жасқанатын еді?! Апайын қырық өтірігімен алдаса да, ағайына келгенде өзін жігіттерше ұстайтын. Сол Қожаларға тәрбие беретін Оспан ағайлар ұстаздық етуден жалықты ма?

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − ten =