Ядролық қарусыз әлем көшбасшысы

0 216

Нұрсұлтан Назарбаев – тарих тұрғысынан алғанда барлық өлшемдер бойынша теңдессіз саясаткер. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті өз қолымен құрған жас мемлекет тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап дүниежүзілік ядролық қауіпсіздік ісінің көшбасшысы атануына қажетті барлық жағдайды жасады.

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев рес­ми түрде Қазақстан Республикасының Президенті атанысымен шын мәнінде президенттік шешімдер шығара бастады. Тіпті, Кеңес Одағы әлі ыдырамай тұрған шақта, әрбір әмірі құдіретті мұнаралы Мәскеуден қаймықпай, 40 жыл бойы халқына қасірет шектіріп келген жер бетіндегі ең алып сынақ алаңдарының бірі – Семей полигонының көмейіне құм құйды.

Араны ажал шашқан Семей сынақ алаңының бар зардабын бастан кешкен қазақ халқы болатын. Қасиетті қазақ жерін 40 жыл бойы тажал қаруды сынайтын тамұққа айналдырған сынақ кезінде 450-ден астам ядролық жарылыс жасалды. Оның 120-дан астамы ашық аспан астында жарылды. Жарылыстардың жиынтық қуаты кезінде Хиросимаға тасталған бомбадан 2.5 мың есеге асып түсті. Қазақ даласының 300 мың шаршы шақырымы радиацияға уланып, одан 1.5 миллионнан астам адам зардап шекті.

Семей сынақ алаңын жабу – ядролық қарусыз әлем құру жолындағы қазақ халқының ұлы қадамдарының бастауы болды. Осы тарихи шешімнен кейін Не­вада, Лобнор, Жаңа жер секілді ірі полигондардың үндері өшті. Қазақстан Семей сынақ алаңы жабылған сәттен бастап адам­зат тарихындағы ең зұлмат сойыл – ядролық қарумен күрестің көшбасшысы атанды. Семей сынақ алаңы жабылған 29 тамыз бұрнағы жыл БҰҰ-ның қарарымен «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» ретінде жарияланды.

Аузынан от шашқан Кеңес за­манында қазіргі қазақ мемлекетінің аумағында орасан зор ядролық қару-жарақтар қоры орналастырылған еді. Егемендігін жариялаған уақытта Қазақстан құрлықаралық баллистикалық зымырандарға орнатылған 1040 ядролық оқтұмсық пен әуеден тастауға болатын 370 ядролық бомбаның иесі атанып шыға келді. Жас мемлекет ядролық құдіреті бойынша әлемде бірден төртінші орынды иеленді. Кеңес Одағы ыдыраған, кімнің қайда қалғаны белгісіз алмағайып күндерде осыншама орасан қаруға мұралық ет­кен Қазақстан өзін ядролық держава деп жариялау мүмкіндігіне толық ие болды.

Жаппай қарулану бәсекесінің қарқыны әлі де қайта қоймаған ол күндерде «ядролық держава» атануға қызығушылық та зор бола­тын. Елдің ішіндегі саясаткерлердің арасында тағдырдың өзі сыйлай салған «ядролық әлеуеттен» бас тартпай, иелік етіп қалуды ұсынғандар көп болды. Ол әлемдік алпауыттарды халықаралық қауымдастыққа енді ғана мүше атанған жас мемлекетпен дереу санасуға мәжбүрлейтін кере­мет құрал десті мұндай идея иелері.

Бірақ, жас мемлекеттің сонау бір қиын сәттердегі ғана емес, ғасырлық, бәлкім, мыңжылдық болашағын айқындау жауапкершілігі Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жүктелген еді. Түпкілікті шешімді Елбасы қабылдады.

Осынау аса жауапкершілікті сәтте Елбасы айрықша көрегенділік таныта білгенін бүгінгі таңда біз мақтанышпен айта аламыз. Ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту жөніндегі саяси шешім Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік және стратегиялық көрегендігінің, сондай-ақ саяси ерік-жігерінің айқын дәлелі бола алады.

Шынтуайтқа келгенде, сол кез­де сырмақ шетінде жүргендердің көпшілігі президенттің бұл ұстанымымен мүлдем келіспегенін біз жоғарыда айтып өттік. Олардың дені Қазақстанның ядролық мәртебесін жалпақ әлемге паш етуді көздеді. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың мұндай тарихи шешімді қабылдауының өзі оңайға соқпағаны анық.

Арада небәрі 20 жыл ғана өтсе де, әлдеқашан тарихқа айналған сол күндерге көз жүгірте оты­рып, Қазақстан аумағындағы ядролық қару-жарақтарды Ресей Федерациясының стратегиялық ядролық күштерімен бірлесе басқару мәселесі де қарастырылғанын енді ашық айтуға болады. Алайда, істің бұлай аяқ алысы ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімді бұзу болып саналар еді. Сондықтан, Қазақстан президентінің көрегендігі мен табандылығы болмағанда, бүгінгі таңда қандай мемлекетте өмір сүріп жатарымызды елестетудің өзі қиын. Бір анығы – аузынан ажал сепкен тажал қарулар ешкімге абырой, бедел әкелмек емес.

Бұл ретте Қазақстан халқы ғана емес, барша адамзат баласы Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қарыздар. Жер бетінде бірінші рет ядролық қарудан біржола, өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде қазақ елі күллі дүниежүзіне үлгі болды. Яғни, Нұрсұлтан Назар­баев ядролық қарусыз әлем құру ісінің қайнар көзіне, бастауына айналды.

1991 жылдың желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуына ғана емес, бұрынғы Кеңестік кеңістіктегі ядролық қару-жарақтарға ортақ бақылау жасау тетіктерінің пайда болуына мұрындық болған Алма­ты декларациясына қол қойылды. Осы декларациямен бірге ядролық қарусыз ел атануға ұмтылған тәуелсіз мемлекеттерге құрметпен қарау жөнінде мәлімдеме жасалды.

Біздің еліміздің ядролық қарусыз мемлекет атануына екі ел арасындағы тиісті келісімшарттың негізінде Қазақстанмен қол қоса қимылдаған Ресей Федерациясы ғана емес, алыстағы Америка Құрама Штатта­ры да өзіндік үлес қосқанын жоққа шығаруға болмайды. Ең қиын за­мандарда ядролық оқтұмсықтардың бөтен ойлы бәзбіреулердің қолдарына түсіп кетпей, толыққанды залалсыздандырылып, жойылуы­на қыруар қаржы қажет болғаны анық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ басшылығымен өткізген келіссөздерінің нәтижесінде Құрама Штаттар Қазақстанға осы тұрғыдан үлкен көмек көрсетті. Бұл тоқсаныншы жылдардың басындағы экономикалық аса ауыр кезеңді бастан кешірген Қазақстан үшін айрықша маңызды факторлардың бірі болғаны анық. Ядролық қарусыз мем­лекет құру жөніндегі тарихи шешімін қабылдай отырып, Қазақстан басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаев, біріншіден, өз елі үшін ядролық державалар­дан қауіпсіздік кепілдігін ала алды, екіншіден, оқтұмсықтардың түгелімен жойылуына кепілдік ретінде сол ядролық мемлекеттердің бірқатарын тарта отырып, өзінің бейбіт ниетін күллі әлемге дәлелдей алды.

Қазақстанның ядролық қарусыз мемлекет атануына жол салған тағы бір маңызды қадам президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елі Ядролық қаруды таратпау тура­лы келісімшартқа қосылуға дайын екендігін мәлімдеуі болды. Ол осынау тарихи мәлімдемесін 1992 жылғы 18-23 мамырда Вашингтонға жасаған алғашқы ресми сапары барысын­да жасады. Осы мәлімдеменің ая­сында Қазақстанның аумағындағы барлық ядролық оқтұмсықтарды залалсыздандырудың нақты тетіктері жасалды.

Көп ұзамай Қазақстан Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа қосылды. Кейін тек өз аумағында ғана емес, жалпы Орталық Азия аумағында ядролық қарусыз кеңістік құру бастамасын көтеріп, оны табысты жүзеге асырды. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл қадамын күллі әлем елдерінің көшбасшылары айрықша жоғары бағалады. Осылай тәуелсіз қазақ елі өзінің әрбір әрекетімен, әрбір қадамымен кең-байтақ қазақ елінің бейбіт мақсаттарын дүниежүзіне паш ете отырып, барлық көршілерімен және алыстағы стратегиялық әріптестерімен тату қарым-қатынас құра білді. Бұл әлемнің әр қиырында соғыс ошақтары бықсып, мыңдаған жазықсыз адамның бейкүнә қаны төгіліп жатқан қазіргі таңда аса маңызды шаруа екені айдан анық.

Осылай тәуелсіздігін алғаннан бергі 20 жылдан астам уақытта Қазақстан Республикасы мен оның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назар­баев ядролық қарусыз әлем құру жо­лында тұрақты және сатылы түрде бір ғана саясатты ұстанып келе жатыр.

Қазақстан басшысының бүкіл әлем елдері Ядролық сынақтарға тыйым салудың жалпыға ортақ келісімін қабылдауы үшін жасап жатқан қажырлы еңбегі де айрықша маңызды. Бұл үшін бірқатар мем­лекеттер ол келісімді ратифика­циялауы, келесі біреулері оған қол қоюлары қажет. Сонда ғана жойқын жарылыс қуаты бар материалдарды әскери мақсаттарға пайдалануға тыйым салатын келісімшарт пайда болмақ. Өкініштісі, әзірге мұндай келісімшарт әлі жоқ. Егер Нұрсұлтан Назарбаевтың көздегені орындалып, сондай келісімшарт жасала қалған жағдайда, бұл ядролық қарусыз әлем құру мәселесіндегі зор секіріс бо­лар еді. Қазақстан басшысының ядролық қауіпсіздік ісіндегі сөзсіз мойындалған зор беделі мен осы бағыттағы қажырлы еңбектерін ескерсек, Жер-ананы жойқын қарумен тұншықтырудың көзсіз есерлігін әлем елдері мойындайтын, соның нәтижесінде осынау келісімге қол қоятын сәт ерте ме, кеш пе бола­рына сенгің келеді.

Әрине, қазіргі таңда ядролық қарусыз әлем осы жылы, осы күні орнайды деп кесіп-пішіп айту мүмкін емес. Бірақ, алға белгілі бір меже қойып, осындай мерзімге дейін осын­дай қадамдар жасалуы қажет деп, соған ұмтылу керек. Елбасының басты ұстанымы – ядролық қарусыз әлем құру жолында барлық мемлекеттердің ортақ қадамдарын айқындайтын жалпыға ортақ декла­рацияны қабылдау жайын осы бастан қолға алу – ең маңыздысы. Қандай да бір іс табысты аяқталуы үшін ол алдымен басталуы керек. Сол үшін әлем елдерін Қазақстанның кемеңгер басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың күллі адамзат баласының ортақ игілігі жолындағы ізгі бастамасын қолдауға үндейік!

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 5 =