WorldSkills: жұмысшы мамандықтарға жаңа көзқарас

0 132

Біздің мекеме 2017 жылдан бастап біз білім берудің жаңартылған мазмұнына қойылатын жаңа талаптарды үйлестіретін, жұмыс орындарын құратын және жұмысшы кәсіптерінің мәртебесін арттыратын WorldSkills жобасына қатысып келеді. Осы кезеңде колледж студенттері «Сән технологиясы» бағыты бойынша республикалық деңгейдегі «WorldSkills-Қазақстан» чемпионатына қатысты. Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының қолдауымен өткізілетін «WorldSkills-Нұр-Сұлтан» чемпионатына 2017-2018 жылдары колледж студенттері 6 бағыт бойынша, ал 2019-2020 жылдары «Веб-дизайн және әзірлеу», «Сән технологиясы», «Графикалық дизайн», «Қонақ үйді басқару», «Электрмонтаждау жұмыстары», «Желілік және жүйелік басқару», «Шаштараз ісі», «Флористика», «Интернет-дизайн» және «Ақпараттық кабель жүйесі» мамандықтары бойынша қатысып, білімі мен біліктілігін сарапқа салды. Техникалық мамандықтардың беделін және кәсіби дайындық стандарттарын арттыруға бағытталған WorldSkills International халықаралық чемпионатына қатысу біздің колледждің заманауи материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді, нәтижесінде WorldSkills стандарттарына сәйкес шеберханалары бар 6 кабинет жабдықталған. Конкурске қатысу барысында қол жеткізген жыл сайынғы табыстар алдағы уақытта білім беру саласын жетілдіріп, заманауи бәсекелес­тік талаптарына төтеп беруге, сонымен қатар жаңа белестерді бағындыруға батыл қадам болады деп есептейміз.
Аталған жарысқа жас білікті жұмысшылар, университеттер мен колледждердің 22 жасқа дейінгі студенттері, сондай-ақ үміткерлердің шеберлігі мен біліктілігіне баға беретін сарапшылар мен белгілі кәсіпқойлар, мамандар, өндірістік оқыту шеберлері қатысады.
Биылғы «WorldSkills-Нұр-Сұлтан» чемпионатында «Шаштараз ісі» мамандығы бойынша біздің колледжіміздің студенті Давлеталы Сандуғаш 1-орынға ие болып, байқауға қатысу халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті маманның қалыптасуына қалай әсер ететінін колледжі студенттеріне дәлелдеп берді. «Сәнқұмар» ЖШС директоры Абыкенова Сәуле Әділбекқызы бастаған қазылар алқасы тәлімгерлердің үлесін жоғары бағалап, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі колледж оқытушыларының шеберлігін атап өтті.
Арнайы пәндердің тәжірибелі оқытушылары және жас мамандар – Бейсенбаев Н.К., Рахимова А.К., Калимбетова Л.К., Абилкасова Н.А., Шарипова Ж. И., Кубентаева У. Ж., Капшакпаева З.С., Ташимбетова А.Т. біздің колледж студенттерінің халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысуына жағдай жасап, бейіндік бағыттар мен бағалы нұсқаулықтар беріп отырады.
Нұр-Сұлтан қаласының «Басқару колледжі» ЖШС 20 жылдық тарихы бар оқу орны, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау бойынша өз міндеттерін лайықты орындап келеді және еліміздің болашағы үшін, тұрғындардың лайықты білім алып, біліктілігін шыңдау жолындағы игілікті істерін жалғастыруда.

Ғ.Кабар,
«Басқару колледжі» ЖШС
директордың оқу-тәжірибелік
жұмысы жөніндегі орынбасары

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 1 =