Волонтерлік жастарды тәрбиелеудің элементі бола ала ма?

0 17

Волонтерлік жастарды тәрбиелеудің элементі бола алады. Себебі «еріктілер» десек, бірінші кезекте жастар ойға келеді. Еріктілердің басым бөлігі де жастар. Олар қайырымдылық істерімен басқа жастарға үлгі болатыны сөзсіз, дейді Елорда Инфо тілшісі.

Қазіргі пандемия және экономикалық дағдарыс кезінде волонтерліктің маңызы арта түсті. Еріктілер қиын-қыстау кезде медицина, төтенше жағдай, әлеуметтік көмек сияқты аса маңызды салаларда алғы шепте жүр. Мысалы, елорданың бір өзінде мыңдаған ерікті түрлі акция мен шара аясында белсенді жұмыс атқарып жатыр. Бұның бәрін бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп жүрміз. Яғни, осының өзі жастарға ғана емес, барша жұртқа үлгі әрі тәрбие. Індет тарап жатқан кезде медицина қызметкерлеріне көмектесу, атаулы күндер мен мерекелерде әлеуметтік осал топтарға жәрдемдесу, төтенше жағдайлар кезінде аянбай еңбек ету. Бұның бәрін БАҚ-пен қатар ел аузынан естіп жүргеніміз де рас. Сондықтан болар былтырғы 2020 жылдың Волонтер жылы болып жариялануы да бекер емес.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы желтоқсанда Жастар жылының жабылуы және Еріктілік жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде былай деген еді.

«Волонтерлік – бұл батыста пайда болған қозғалыс, әрі оның бізге ешқандай қатысы жоқ деп санайды. Бірақ біз еріктіліктің мәні – жақсы ниетпен бір нәрсе жасап, біздің ұлттық дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызға сәйкес келетінін білеміз. Волонтерлік – бұл жай ғана тегін жұмыс емес, азаматтардың жауапкершілігінің және әлемді жақсы жаққа өзгертуге дайындығының көрсеткіші. БҰҰ деректері бойынша, еріктіліктің әлемдік экономикаға үлесі жыл сайын 400 млрд доллардан асады. Оны тек бір реттік сенбіліктер әрі экологиялық шаралар, челлендждер ретінде қабылдау қате. Олар маңызды және қажет болғандықтан мен оны қолдаймын. Волонтерлік – бұл жүйелі әрі тұрақты қызмет. Тіпті, бұл жанқалауы және өмір салты. Біздің назарымыз бен қамқорлығымызды тек табиғат қана емес, біздің айналамыздағы адамдар да қажет етеді. Еріктілікті ұлттық ауқымда ғана емес, әрбір жеке қалада немесе ауылда да дамыту керек», – деп айтқан еді мемлекет басшысы.

2018 жылы qazvolunteer.kz функционалды онлайн-платформа іске қосылды. Осы платформаға еріктілер ұйымдары да, волонтерлер де тіркеледі. Барлығы 44,3 мың ерікті тіркелді. Олардың жасы – 11-75 жас аралығы, ал орта жасы – 20,4 жас. Студенттері арасында волонтерлер ең көп тіркелген жоғары оқу орны – Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті. Бұған қоса осы саладағы студенттерге әлеуметтік несиелер де берілетін болыпты.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + fourteen =