Волонтерлік қозғалыс

Азаматтық қоғам мен қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізі

0 66

Астана «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін жоғарғы деңгейде өткізуді қамтамасыз ету үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2016 жылдың аяғында «Волонтерлік қызмет туралы» арнайы заңға қол қойды. Ол, Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж.Тоқаев атап көрсеткендей, еріктілердің мәртебесін, құқығы мен міндеттерін және мемлекеттік қолдау шараларын бекіткен маңызды әрі дер кезінде шыққан құжат болды. Мемлекет басшысы жастарды жаппай волонтерлік қозғалысқа тарту ісі өз бастауын осы кезеңнен алатынын биыл Қостанайда өткен «Волонтерлік – жастардың әлеуметтік лифті» атты форумға жиналғандардың естеріне салды. Олай болса, Президент Қ-Ж.Тоқаевтың 2019 жылғы 26 тамыздағы Жарлығымен 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялауын Қазақстанда еріктілікті дамытудың жаңа кезеңі деуге болады.Негізінен, егер мәселені рет-ретімен қарас­тырар болсақ, Қазақстандағы волонтерлік қызмет туралы нақты әңгімелер Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2005 жылғы 4 тамыздағы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетіне барған кезінде (сәйкестікке көңіл аударыңыз – тағы да сол Қостанайда) II Азаматтық форумында үкіметтік емес ұйымдардың даму перспективалары жөнінде байыпты мәслихат өтетіндігі туралы айтқан сөзінен басталды деу­ге болады. Сол кездесуде ол жұмыстың басты бағыттары волонтерлер желісін кеңейту арқылы жүргізілетіндігі айқындалды.
1991-2015 жылдар арасында Қазақстанда «волонтер» түсінігі қолданылған 132 нормативтік-құқықтық актілер қабылданыпты, оның жүзі әлі қолданыста. Бұл құжаттар 2010 жылғы Астанадағы ЕҚКҰ саммитін, 2011 жылғы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуге арналған іс-шараларын өткізуге волонтерлерді тартуға мүмкіндік берді. Ал 2015 жылғы 13 шілдедегі «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық барысын талқылаған кеңес­те волонтерлерді Астанада ғана емес, облыстардан да іріктеп алу мәселесіне көңіл аударылды.
«ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық барысында осынау ірі халықаралық іс-шараға еріктілерді тартуда жастарды әлеуметтік маңызы бар істерге араластыруды әлеу­меттік жобаларды жүзеге асыру негізінде жүргізу қажеттілігіне үлкен мән берілді. Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне волонтерлерді тартудың Жол картасын жасау және «Астана «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-пен бірлесіп көрме аймағында Ұлттық волонтерлік орталықты орналастыру үшін орын бөлуді пысықтау жүктелді.
Олар ары қарай иннновациялық әлеуметтік жастар жобаларын дайындауға, республика деңгейіндегі жүйелі мәселелерді шешуге, жастар саясатына жауапты жетекші институттарына ұсыныстар әзірлеуге белсенді араласа бастайды. Осы жағдай жастар арасында волонтерлік қозғалыстың кеңінен тарап, оның ары қарай дамуына өз ықпалын тигізеді. Еріктілер Қазақстанның ұлттық идеясы мен құндылықтары төңірегінде бірігу негізінде патриотизм мектебін қалыптастырып, оны өз қолдарымен дамытатын болады. Бұл мәселенің актуалділігі әсіресе қазір, қоғамда өзгеріс­тер мен өзгертулерге деген сұраныс өсіп отырған кезде, жақсы сезілуде. Халық күтіп отырған өзгерістер ең алдымен жастарға керек, олар «әлеуметтік лифтінің» бар екендігін нақты сезінулері тиіс, олай болса ол Қазақстан мемлекеттілігінің нығаюына, қоғамның есейіп, әлеуметтік әділдіктің үстемдік етуіне, ел болашағының айқын және ашық болуына қажет. Екінші жағынан, бұл билікке сын – бәске оның халық алдындағы беделі тігіліп отыр.
Мақалада Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмеге дайындық пен оны өткізу кезінде волонтерлерді дайындау үдерісі және олармен жұмыс істеу тәжірибесі зерделенген. Өйткені Елбасы кітапханасында директордың орынбасары қызметін атқарған кезімде бұл іс-шараға тікелей қатысым болғаны бар. Ол жұмыс екі бағытта өрбіді десе де болады. Біріншісі, Кітапхана алаңшасында Парламент депутаттары мен белгілі қоғам қайраткерлерінің қатысуымен бейресми білім беру мен тәрбие мәселелерін жан-жақты талқылап, пікір алмасу болды. Бұл жастар арасындағы үдерістер мен басты үрдіс­терді, олармен жұмыс істеуде еріктілік қағидаттарын да ескеру қажеттілігін түсінуге біршама мүмкіндіктер берді. Екіншіден, ол кез 2016 жылдың көктемінде басталған Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі волонтерлік қызметті дайындау және үйлестіру» жобасын іске асыру белсенді түрде қолға алынған уақытпен тұспа-тұс келген еді.
Шын мәнінде еріктілікке қатысты нақты әңгімелер бұдан бұрынырақта басталған болатын. 2015 жылдың 19 қарашасында Елбасы кітап­ханасында өткізілген «Қазақстанда азаматтық қатысу тетігі ретінде волонтерлік институтын дамыту» атты дөңгелек үстел осындай басқосулардың бірі ғана болатын. Бұл іс-шараны Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Г.М.Ықсанова ашып, оның жұмысына осы комитеттің мүшесі, депутат М.М.Бегентаев модератор болды. Отырысқа Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және кейбір аймақтардан келген сарапшылар қатысты. Дөңгелек үстел барысында Қазақстандағы волонтерлік қозғалыстың дамуының өзекті мәселелері, оны ынталандырудың қазақстандық тәжірибесі мен заңнамалық тұрғыдан қолдау қажеттілігі, «ЭКСПО-2017» көрмесіне волонтерлерді дайындау жұмысы сияқты тақырыптар талқыланды.
Қазақстандық жастардың әлеуметтенуі, олардың азаматтық белсенділігі мен жауапкершілігін арттыру, жастармен жұмыстың тиімді әдіс-тәсілдерін ендіру өте өзекті мәселе болды. Бұл туралы 2016 жылдың 3 қазанында өткен халықаралық «Жастар саясатын қалыптастырудың және жүзеге асырудың ерекшеліктері» ғылыми-тәжірибелік конференциясында кеңінен сөз болды. Бұл екі күндік басқосу Қазақстан мен Ресейдің ХІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында ұйымдастырылды. Онда еліміздің және көрші мемлекеттің жастар саясатын жүзеге асыратын ведомстволарының, ғылыми-зерттеу институттарының, жастар ұйымдарының 150-ден астам өкілдері қатыс­ты. Жиынды ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, ­Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университет, Елбасы кітапханасы бірлесе ұйым­дастырды.
Форумда 2013 жылы қабылданған Жастар саясатын дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылып, 2015 жылы елімізде мемлекеттік жастар саясаты туралы жаңа заң қабылданғандығы сөз болды. Сол құжатқа сәйкес еліміздің түкпір-түкпірінде Жастар ресурстық орталықтары ашылды. Олардың саны 200-ге жетті. Аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі ресурстық орталықтар кейінгі толқын жастардың қажеттілігі мен мұқтаждығын назарға алды. Олар девиантты, жұмыссыз және NEET жастармен жұмысты белсендіре бастады. Жастармен жұмыс жобалық бағытта жүргізілетіндігі және Дүние­жүзілік банкпен бірлескен жобалар қолға алынғандығы туралы айтылды. Сонымен қатар еріктілік туралы заң жобасының пысықталып жатқандығына форумға қатысушылар қызығушылық танытты.
Әлеуметтік маңызды дағдылар еріктіліктің арқасында бойға сіңеді. Мұқтаж жандарға өтеусіз қолғабыс етуге ниет білдірген белсенділер елімізде де табылады. Бірі мүмкіндігі шектеулі адамдарға, қарияларға қол ұшын созса, бірі заңгерлік кеңесін ұсынады. Еріктілердің қоғамдық пайдалы қызметі жоғары бағаланады. 15 жылдан бері еріктілердің басы-қасында жүрген Вера Кимнің пікірі бойынша «Тек оның дамуына кедергі кілтипан бар. Қазақстанда еріктілердің бірыңғай тізілімі атымен жоқ, олар үшін әлеуметтік лифтілер қарастырылмаған. Еріктілер және көмек көрсетілетін азаматтар арасындағы өзара іс-әрекетті нақты реттейтін заңнамалық базадан әзірге кендеміз. Оның бір парасын «Еріктілік туралы» жаңа заңның қабылдануы тарқататынына үміт бар».
«Ұлттық еріктілер желі­сінің» жетекшісі Вера Ким еріктілер – «әмбебап сарбаздар», сондықтан олардың қыз­мет аясы кең деп санайды. Волонтерлер қоғамдық маңыз­ды шараларға тартылады. Күтімді қажет ететін жандарға да көмектесетін белсенділердің еңбегі қоғамға аса қажет. Бірақ ұйымдар көбіне еріктілердің көмегіне жүгіне алмайды. Бар гәп мұндай ықпалдастық үшін құқықтық негіздің жоқтығына тіреледі. Оларға шарттар қажет. Бұл бағытта қол қусырып отыр­ған ешкім жоқ. Бүгінде еріктілікпен айналысуға мүмкіндік ұсынатын құжаттардың қалыпты үлгілері әзірленуде. Ал әзірге көмекті қабылдайтын ұйымдардан гөрі жәрдемдесуге ниет білдіргендердің саны әлдеқайда көп деген көзқарасын Қазақстанның еріктілер желісінің жетекшісі жасырмай ортаға салды.
Форумда көтерілген тағы бір өзекті мәселелердің бірі жастарды әлеуметтік маңыз­ды және креативті идеялардың бастамашысына айналдыру болды. Оған тікелей атсалысып жүргендердің бірі – «Зерайна» қорының жетекшісі Людмила Бурлаченко. Ол Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне еріктілерді даярлауға кіріскендерін, белсенділермен 15 жобаны жүзеге асыру арқылы әлеуметтік инновациялар мен жобалардың инкубаторына айналатын сұхбат алаңын құруды жоспарлап отырғандары туралы баяндады.
2016 жылы Елбасы кітапханасы жастарды тоғыстыратын бірегей сұхбат алаңына айналды. Жас буын өкілдері түйткілді мәселелерді талқылады, өзара пікір алмасты. Белсенділер әлеуметтік маңызды жобалар мен жаңашыл идеяларға бастамашылдық таныта бастады.
Елбасы кітапханасы серіктестерімен қол қойысқан меморандумдарға сәйкес «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі волонтерлік қозғалысты дамытуға қолдау көрсетіліп отырды. Үйлестіру кеңесінің мүшелері, «ҚазҒылым» ғылыми орталығы, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, Қазақстан жастарының конгресі, Қазақстанның ұлттық волонтерлер желісі және «Зерайна» қоғамдық қорының өкілдері сарапшы және тренерлер ретінде көрмеде жұмыс істейтін еріктілер мен супервайзерлерді дайындау мен оқытуға белсене қатыс­ты. Үйлестіру кеңесі жүйелі жұмыс істеп, жастар бастамаларын қолдау алаңын дамытатын волонтерлік қозғалысты көрмеден кейін де сақтап, оның жұмысын ілгерілетуді мақсат тұтты. Ол үшін «Кемел ел» сарапшылық кеңесі құрылып, көрменің тақырыптарымен тығыз байланысты 15 жобаны да­йындап, іске қосу барысында волонтерлер белсенділік көрсетіп, клубтық жұмыстың форматтары дамытылды. Бұл жобалар клубтың жұмысын сапалық жағынан толықтырды. Оның жанынан ашылған «Көшбасшы» патриоттық және «Кемеңгер» инновациялық клубтары волонтерлердің жобалық қызметінің тәжірибесін қорытып, оны жастардың ресурстық орталықтары мен республикалық жастар ұйымдары арқылы аймақтарға таратуға жағдай туғызды.
«ЭКСПО-2017» волонтерлерінің қатысуымен өз жұмысын бастаған диалогтық алаңның тағы бір үлгісіне Елбасы қорының тікелей қолдауымен құрылған студенттердің «Біріккен Ұлттар Ұйымының моделі» рөлдік конференциясын жатқызуға болады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының моделі жобасының 2017 жылдың 13 наурызындағы өткізілген отырысы жаһандық деңгейде көкейтесті «Гендерлік теңдік» тақырыбына арналды. 18 мемлекеттің өкілдері өздерінің дәйекті деректері мен байыпты байламдарын ортаға салды. Әрқайсысы өз елдерінің ресми көзқарасын қорғап, оның маңыздылығын дәлелдеуге тырысып бақты. Студенттер кілең мықты сая­саткерлердің кейіпіне енді. Олар БҰҰ органдарының жұмыс үлгісін паш етті. Дипломатиялық келіссөздерді жүргізудің ерекшеліктерін «ЭКСПО-2017» еріктілері меңгерді.
2017 жылғы 22 сәуір күні Елбасы кітапханасында «БҰҰ үлгісінде» конференциясы өтті. Оған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің еріктілері және басқа жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Конференция қатысушылары бұл жолы Кашмир мәселесінің шешімін табуға тырысты. Жастар Адам құқықтары жөніндегі комитеттің мүшесі саналатын елдердің бірінен келген делегаттардың рөліне еніп, олардың атынан сөйледі. Конференцияның басты мақсаты еріктілердің дипломатиялық дағдысын жетілдіру және олардың кикілжіңдерді шешу туралы білімдерін дамыту болды. Конференция қызу пікірталас алаңына айналды. Оның нәтижесі бойынша резолюция қабылданып, құжат бірауыздан мақұлданды.
2019 жылғы Қостанай қаласында өткен Қазақстан мен Ресей волонтерлерінің форумында Назарбаев орталығы жанындағы «Орталық Азиядағы БҰҰ-ның моделі» жетекшісі У.Бахретдинов волонтерлердің халықаралық кодексін жасауды ұсынды. Бастаманың қажеттілігі еріктілер қозғалысының жұмысында жаңа бағыттарды дамытуға пәрмен беру мүмкіндігімен негізделді.
Сарапшылық клуб шеңберінде жастар әзірлеген 15 жоба өмірге жолдама алды. Жастардың өзін-өзі дамытуына және ұйымдастыруына қолғабыс ету – жобаның мә­йегі. Олар өздерін мазалаған сауалдарды түрлі салаларда жетістікке жеткен жастарға жолдап отырды. Осылайша бірі болашағын айқындаса, екіншісі жетістікке жетудің сырымен танысты, үшіншісі нақты мақсатты белгіледі.
«Кемел ел» сарапшылық клубының креативті идеялар алаңы 2 бағытты қамтыды: инновациялық «Кемеңгер» және отансүйгіштік «Көшбасшы» клубтары. Олардың жұмысы арқылы әлеуметтік маңызды бастамалар өмірге жолдама алып, азаматтық белсенділігі жоғары жастардың қатары артты.
Елімізде еріктілікпен айналысуға ниет білдіргендердің қатары көбейді. Оның қоғам үшін маңыздылығы сезіле бастады. Себебі еріктілік – өмір сабағы, кәсіби дайындық, патриоттық тәрбие және халықтың бірлігін нығайтудың жолы. Осының бір дәлелі ретінде «Үздік ерікті-2016» байқауына Қазақстанның барлық өңірлерінен 150-ден астам өтінім түскендігін мысал ретінде келтіре кеткен жөн.
2017 жылдың 25 ақпанында «ЭКСПО-2017» ерік­тілер қозғалысының көшбасшылары «Кемел ел» сарапшылық клубы аясында Елбасы кітапханасында бас қосты. Олар «Еріктілер мектебі» жобалық тобы құрған «ЭКСПО-2017» еріктісінің кодексін, құқықтары мен міндеттерін талқылады. Сөйтіп, 2016 жылы басталған еріктілер қозғалысы жаңа деңгейге бет алды. Оның аясында көшбасшылық және жаттықтырушылық дағдыларды дамытуға, жобалық ойлау қабілетіне басымдық берілді.
Халықаралық көрмеге еріктілерді даярлаудың соңғы кезеңі басталып, Астанада қосымша еріктілер резервін құру қолға алынды және қала, мәдени орталықтар мен музей кешендері үшін еріктілерді дайындау жұмыстары қолға алынды.
«Кемел ел» сарапшылық клубы аясында жастарға патриоттық тәрбие беру жұмыстары да өз жалғасын тапты. Еріктілер қозғалысы көшбасшыларының кеңесі құрылып, еріктілік жұмыс­тарын үйлестіру және еріктілердің әлеуметтік жобаларын іске асыру кезінде алқалы шешім шығарудың форматтары қарастырылды. Сондай-ақ, еріктілер қозғалысы белсенділерінің коучинг қасиеттерін дамытуға үлкен көңіл бөлінді. Кітапхана көшбасшылық және жаттықтырушы қа­сиеттерді ілгерілету, жобалық ойлау мен функционалды сауаттылықты дамыту мақсатында семинарлар мен вебинарларды әзірледі. Еріктілік мәселелеріне қатысты келіссөздер жүргізуге, жиын өткізуге Елбасы кітапханасы кездесу алаңын ұсынды.
Еріктілер қозғалысына қан жүгіртіп, оны үйлестіру үшін ортақ дерекқордың, мобильді қосымшаның қажеттігі алға тартылды. «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Азамат Божақов бағдарлама бо­йынша шетелде білім алған түлектердің әлеуетін кәдеге жарату арқылы еріктілерге сарапшылық және танымдық қолдау көрсету туралы ұсыныс жасады. Жиын барысында жастар ұйымдарының өкілдері бірыңғай әдістемелік материалдарды бірлесе түзуге кірісуге уағдаласты.
2017 жылдың 4 мамырындағы «ЭКСПО-2017» еріктілерінің көшбасшылары кеңесінде Қазақстандағы еріктілер қозғалысына жаңа серпін беру, «ЭКСПО-2017» әлеуетін кеңінен пайдалану, тұрақты еріктілер қозғалысын қалыптастыру жолдары қарастырылды.
Айта кету керек, Қазақстандағы 2017 жылғы Халық­аралық мамандандырылған көрмені ұйымдастырушылардың астаналық еріктілерге көбірек көңіл бөлгеніне қарамастан, аймақтардың жастары да көрмеге дайындық үдерісінен тыс қалмады. Оларды дайындау жұмысын жергілікті атқару органдарына қарайтын жастардың ресурстық орталықтары жүргізді.
Осыншама күш-жігер жұмсаудың сыры 2017 жылғы ЭКСПО-ны өткізу Қазақстан үшін 6-7 сағаттан ақысыз жұмыс істейтін, үлкен көлемде волонтерлер дайындауды қажет ететін алғашқы оқиға болды. Бұл міндетті Қысқы Универсиаданы дайындаумен салыстыруға келмейді. Өйткені ол олимпиада бір жеті ғана болса, Көрме үш айға созылды. ЭКСПО көрмесінің аумағы 25 гектарға жетті. Көрмеге 115 елдің 22 халық­аралық ұйымы қатысты.
Волонтерлерді қызықтыру мақсатында кешенді марапаттау жүйесі бекітілді, оның ішінде гранттар да бар. Мысалы, астаналық үздік волонтер-студенттерге бір жылға 20 оқу гранты бөлінді, қала әкімінің алғыс хаты, сыйлықтар, естелік кәдесый, электронды кітаптар, концертке тегін билеттер, тиісті киім-кешектер (поло футболка, бейсболка, ветровка, рюкзак, термос), қалалық қоғамдық көлікке жол жүру билеті, 3-4-курс студенттеріне бір жылдық мерзімге жатақханадан орын.
ЭКСПО жоғарғы деңгейде өтті, жастар ауқымды халық­аралық жобаларды іске асырудың жауапкершілігін өзіне ала алатындығын көрсетті. 15-70 жас аралығындағы волонтерлер өз еліне қызмет етудің тәжірибесін игерді, команда құру, азаматтық қатысудың мектебінен өтті. Волонтерлік қызметті ақпараттық ілгерілету тұрғысында белсенді жұмыстар жүргізілді. «ЭКСПО-2017» Қазақстанда жастар белсенділігінің артуына және еріктілер қозғалысының күрт өсуіне септігін тигізді.
Қазақстанда волонтерлік азаматтық қатысу ретінде жастардың өзін-өзі іске асыруына, оларда өмірлік маңыздылығы бар дағдыларды дамытудың құралына айналып келеді. Тиісті заң да қабылданды. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі де өткізіліп, оған 5000-ға жуық волонтерлер қатысты, азды-көпті тәжірибе жинақталды. ­ЭКСПО-ны өткізу Қазақстан жастарының волонтерлік еңбекпен айналысуға дайын екендігін көрсетіп берді. Еріктілер қозғалысы бірте-бірте даму үстінде. Қоғамда адамдар да ол туралы біршама хабардар болып қалды.

 Волонтерлікпен белсенді түрде айналысатын студенттерге стипендияны 30 пайызға көтеру туралы 2019 жылдың 26 наурызында Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев мәлімдеді. Сол сияқты елдің ЖОО мен колледждерімен бірлесіп «Студенттік бастама» атты жалпыреспубликалық волонтерлік қозғалыс құру жоспарланып отыр. Жас волонтерлер шет елдердің тәжірибесі бойынша мүгедектерге, егде адамдарға, жалғыз бастылар мен үйсіз тұрғындарға көмектесетін болатыны айтылды. АҚШ, Германия, Англия және Ресейде барлық тұрғындардың ширегіне жуығы волонтерлік қызметтің бір түрімен айналысады деген мәлімет келтіріледі.
Шет елдердегі жастар саясаты барлық жас азаматтар үшін білім алу мен еңбек нарығында тең мүмкіндіктер жасау, сол сияқты белсенді азаматтық пен әлеуметтік бірігуді ынталандыруға бағытталған.
56 ұйымдардан тұратын мүшелері бар «Ұлттық волонтерліқ желі» заңды тұлға ұйымының атқарушы директоры Татьяна Миронюктің айтуынша қазақстандықтардың 43,5 пайызы еріктіліктің бір жылдан кем емес тәжірибесі бар. Ол осы саладағы негізгі осал тұстарын да атап көрсетті – ақпараттылық пен ынталандырудың төмендігі. Оның үстіне Қазақстандағы волонтерлік ұйымдар көп жағдайда стихиялы түрде дамып, қызмет істеуде. Бұған қоғамдағы кәдуілгі санада еріктілік туралы түсініктің енді ғана қалыптасып келе жатқандығының да әсері болуы мүмкін. Сонымен қатар оған қоғамда волонтерлердің мәртебесінің айқындалмағандығын, қозғалыстың тұрақсыздығын қосуға да болады.
Осы күнге дейін волонтерлердің қызметін еңбек өтіліне енгізу, ЖОО қабылдағанда волонтерлердің сіңірген еңбегін ескеру мәселесінің нақты шешімі табылмай отыр. Мысал ретінде алысқа бармай-ақ іргелес көршіміз Ресейді алайықшы. Оларда бас-аяғы бір жарым жылдың ішінде волонтерлік қызметке қолбайлау болады деген кедергілер жойылыпты. Жастар ісі жөніндегі Федералды агенттік басшысының орынбасары А.Платовтың сөзінше қазіргі Волонтерлер орталықтарының ассоциациясы Сочиде өткен олимпиаданың мұрагері ретінде барлық ірі еріктілер қауымдастықтарының басын қосқан желілік ұйымға айналған көрінеді. Оның төңірегіне өмірді жақсартуға ұмтылған жасампаз жастар шоғырланған.
Ал қазір Қазақстанда 222 волонтерлық ұйым қызмет етеді, олардың қатарында 50 мың адамнан тұратын мүшелері бар. Оның көпшілігін жастар құрайды. 2018 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде волонтерлердің әлеуетін көтеру және оларды оқуға, еріктілер мен волонтерлік ұйымдарды әлеуметтік жоба мен іс-шараларға тарту мақсатында 25 жоба жүзеге асырылды.
Жастар саясатын жүзеге асырудың түпкі мақсаты қазақстандық бірегейлікті қалыптастырған болашағы ортақ ұлттың өкілдерін тәрбиелеуге бағытталуы керек. Патриоттық тәрбиенің негізі осындай болған жағдайда ғана этносаралық және дінаралық үнқатысу моделіне негізделген мәдени толеранттылық тәрбиеленеді, жемқорлыққа деген төзбеушілік көрсету, көшбасшылық қасиеттер мен еңбекқорлық дамытылады. Сонда ғана жастар өздерінің тікелей араласумен атқарылған жобалық қызмет арқылы елінің, аймағының, қаласының, ауданы мен ауылының дамуына үлес қосуға үйреніп, белсенді азаматтық позицияны ұстанатын болады. Нәтижесінде олар бүгін қазақстандық жастар алдында тұрған өзекті мәселелерді шешу үшін өз күштерін жұмылдырып, жастардың қазақстандық қоғамның өміріне азаматтық қатысуының деңгейін көтеріп, ұрпақтар сабақтастығы өзінің тарихи миссиясын атқарған болар еді.
Орталық Азия БҰҰ I Халықаралық моделі Қазақстанның, сондай-ақ алыс және жақын шет елдердің белсенді жастарын әлемдік қоғамдастықтың жаһандық проблемаларын шешуге жұмылдыру мақсатында өткізілді. Орталық Азия БҰҰ моделі – БҰҰ шеңберінде жаһандық идеяларды талқылау режимінде өткізілетін халықаралық диалог алаңы, онда жоғары оқу орын студенттері мен мектеп оқушылары БҰҰ органдарының жұмысын жаңғыртты. Әрбір отырыстың мақсаты – белгіленген мәселелерді талқылау, сондай-ақ әрбір комитеттің құзыретіне сәйкес қарар дайындау және қабылдау. Әрбір комитет отырыстарынан кейін қабылданған қарар БҰҰ-ның мамандандырылған агенттігіне қарау үшін жіберіледі. Осылайша, әр делегаттың қатысуы әлемдік қоғамдастықтың жаһандық мәселелерін шешуіне баға жетпес үлес қосады.
2019 жылғы Қостанай қаласында өткен Қазақстан мен Ресей волонтерлерінің форумында Назарбаев орталығы жанындағы «Орталық Азиядағы БҰҰ-ның Моделі» жетекшісі У.Бахретдинов волонтерлердің халықаралық кодексін жасауды ұсынды. Бастаманың қажеттілігі еріктілер қозғалысының жұмысында жаңа бағыттарды дамытуға пәрмен беру мүмкіндігімен негізделді.
Сарапшылық клуб шеңберінде жастардың әзірлеген 15 жобасы өмірге жолдама алды. Жастардың өзін-өзі дамытуына және ұйымдастыруына қолғабыс ету – жобаның мәйегі. Олар өздерін мазалаған сауалдарды түрлі салаларда жетістікке жеткен жастарға жолдап отырды. Осылайша бірі болашағын айқындаса, екіншісі жетістікке жетудің сырымен танысты, үшіншісі нақты мақсатты белгіледі. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық жұмыстары мықтап қолға алынып, оған еріктілерді тарту жұмысытары белсенді жүргізілді. Әуелі ниет білдірген жастар талап үдесінен шығуы тиіс болды. Ал іріктеуден өткендер 1 айға созылатын даярлық курстарын тыңдады. Олар еріктілік қызметтің негіздерін және тосын жайттарды жедел шешудің амалдарын меңгерді. Бойға дарыған дағдыларды жобалық әдіс-тәсілдер арқылы дамыту көзделді. Жастардың еріктілер және клуб қозғалысына жаппай атсалысуын қамтамасыз ету қажет болды. Сарапшылық клубтың жемісті жұмысы арқасында Елбасы кітапханасында қажетті әлеуметтік жобалар өмірге жол тартты. Оған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің еріктілері де белсенді түрде тартылды. Сөйтіп, «Кемел ел» сарапшылық клубының алғашқы отырысы нақты іске көшудің алғашқы қадамы болды десек артық айтпаған болармыз.
«Кемел ел» сарапшылық клубының креативті идеялар алаңы 2 бағытты қамтыды: инновациялық «Кемеңгер» және отансүйгіштік «Көшбасшы» клубтары. Олардың жұмысы арқылы әлеуметтік маңызды бастамалар өмірге жолдама алып, азаматтық белсенділігі жоғары жастардың қатары артты. Мәселен, инновациялық «Кемеңгер» клубы арқылы 7 жоба бекітілді. Межеленген әрбір жобаның бастамашыларының 1 айға арналған жұмыс жоспары түзілді. Әр клубтың мүшелері айына бір мәрте жүздесіп, әрбір топ жоба бойынша тындырылған жұмыстарына есеп берді. Жетістіктер мен олқы тұстар анықталады. Бірінің білмегенін екіншісі толықтырды. Клуб инновациялық бастамалардың өзегіне айналды. Жастарға білікті сарапшылардың кеңесі немесе ақпараттық сүйемелдеу қажет болғанда, олар тиісті көмек алып отырды.
Елімізде еріктілікпен айналысуға ниет білдіргендердің қатары артты. Оның қоғам үшін маңыздылығы сезіле бастады. Себебі еріктілік – өмір сабағы, кәсіби дайындық, патриоттық тәрбие және халықтың бірлігін нығайтудың жолы. Осының бір дәлелі ретінде «Үздік ерікті-2016» байқауына Қазақстанның барлық өңірлерінен 150-ден астам өтінім түскендігін мысал ретінде келтіре кеткен жөн. Оларды іріктеу нәтижесінде «Үздік ерікті» аталымы бойынша екінші орынды Валерия Джембетова иеленсе, үштікті қарағандылық Андрей Савчук түйіндеді. Павлодар облысындағы «Болашақ» КММ еріктілер орталығына «Үздік еріктілік ұйым» аталымының алтын жүлдесі табысталды. Екінші орынға Қызылорда қаласындағы «Ұлаған ұландары» бірлестігі лайықталса, қола медаль «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС Жастар кеңесіне бұйырды. VI қысқы Универсиадаға әзірлік жұмыстарына қатысқан «Еріктілер және еріктілер ұйымы арасындағы үздік ерікті» аталымы бойынша Аружан Құрымбаева бірінші дәрежелі сыйлықпен марапатталды. «Қазақ халқы жақынға қолдаумен және бауырмалдығымен таныла білген. Бұл ретте халқымыздың асар дәстүрін атап өтуге болады. Сондықтан еріктілік біздің салтымызда деп нақты айтуға болады. Ерікті – кез келген жас үшін өзінің ойларын жүзеге асыру мүмкіндігі. Еріктілер – еңбекқор, ақысыз негізде халықтың игілігі үшін тер төгетін азаматтар», – деп атап өтті үздік еріктілерді марапаттау барысында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев.

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
Мемлекет тарихы
институтының
бас ғылыми қызметкері,
саяси ғылымдар докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды