Вирус, вакцина, чип: аңыз және ақиқат

0 170

Вирус, вакцина, чип – осы және келесі ғасырлардың негізгі тақырыптары. Адамзаттың келешегі микробиология мен микросхемаларға тікелей байланысты. Келешекте дамыған елдер ядролық оқтұмсық, ірі бронды техника, танк арқылы шайқасқа шықпайды. Ендігі майдан микробиологиялық және микропроцессор, микросхема арқылы болады. Олай болса, вирусқа болған танымымызды арттырып, вакцинаны ғылыми стандарттарға сай қабылдап, денемізде иммунитет қалыптастырып, келешектегі вирустық-биологиялық қауіп-қатерден қорғанудың жолын іздеуіміз керек.

Вирусты өзіміз шақырдық
Вирус – жасушасыз инфекциялық агент. Ғалымдар жер шарында миллиондаған, тіпті жүз миллиондаған вирустар барын болжауда. Алайда вирустар өздерінің тіршілігін сақтау үшін жаратылыстан берілген қасиеті бойынша автоматты түрде бейімделуге қабілетті. Сондықтан біз миллиондаған вирустардың арасында жүрсек те, олардың кез келгені бізге жұға бермейді. Жұққан күнде де біздің организмдегі вирусқа қарсы иммунитеттік жүйе шабуылға өтіп, бізді қорғайды. Дегенмен қазір біз вирус қаупіне өте жиі ұшырай бастадық. Себебі мыңдаған жылдар бойы өзін-өзі реттеп тұрған тұмса табиғатты адамдар ойрандап, нәзік заңдылықтарын бұзып, бізбен әлі ұшыраспаған, ұшырасуға тиіс емес вирустарды адамдар ортасына алып келді.
Адамзат мыңдаған жылдар вируспен бірге жасады, зерттеді, күресті. Соның нәтижесінде микробиология, вирусология өз алдына үлкен ғылым ретінде қалыптасып, адамзаттың биологиялық қауіпсіздігін қорғау үшін әртүрлі әдістемелер жасалды. Сол әдіс­теменің бірі – вакцина.
Вакцина – микроорганизмдерден (вирус, бактерия) үлгі алып, оны өңдеп, адам мен жануарлардың иммунитетін арттыру үшін егілетін препараттар. Ол жасалу технологиясына, құрамына қарай тірі вакцина, өлтірілген вакцина, химиялық вакцина, ассоциацияланған вакцина деп бөлінеді.
Вакцина жасау – адамзаттың вирусқа қарсы еңбегінің таза жеңісі, жемісі ғана емес, ол фармакология­лық алпауыттардың бизнесі және өндірісі. Соңғы он жылдықта биологиялық қауіп-қатердің ядролық қауіптен әлдеқайда қатерлі екеніне көз жеткізген әлемдік алпауыттар вирусология, микробиология зерттеу саласына миллиардтаған қаржы аудара бастады.
Дамыған елдер  вакцинаны  міндеттейді
Германияда дифтерия, қотыр, көкжөтел (коклюш), полиомиелит, тетанус, херпес зостер, пневмококк – бұлар әр көрсетілген жастар бойынша жасалуға тиіс вакцина. Бірақ міндетті емес. Денсаулығы өте нашар, мүгедектер тобы міндетті түрде жасалатын вакцинасы: ФСМЕ (менингитэнцефалопатиясы), гепатит, херпес зостер, инфлюенца (грипп), менингит, пневмококк, қызамық, иттен жұғатын қояншық ауруы, шешек – осы вакциндер мүгедектерге, рак ауруымен ауырғандарға, жындыханалардағы аурулар үшін міндетті түрде жасалуы керек. Бұл ел 2020 жыл наурыздан бастап барлық шетелдік босқындар мен эмигранттарға қотырдың (масерн) вакцинасын салатын шешім қабылдады. Бұл вакциналарды үкімет өтейді.
Германияда балаларға вакцина жасау үшін өте үлкен пропаганда жасалады. Көп ата-аналар балаларына жасатады. ІfSG – (инфекционшутсгезетс). Бұл – Германияның жұқпалы аурулар заңы. Бұл заң вакцинаны міндеттейді, зорламайды. Ал «Германии: STIKO» – бұл үй дәрігерлері өз науқастарына вакцина жасап жатыр ма, жоқ па соны қадағалап, тексеріп отыратын орталық.
Ал Жапонияда вакцинациялар туралы заң (Yobo Shouhou, 1948 жылғы № 68 заң) денсаулық сақтау министрлігінің жұқпалы аурулардың алдын алу және таралмауына арналған вакцинациялауды реттеуді қарастырады. Ол 1948 жылы 30 маусымда жасалды. 2020 жылдың қаңтарында тек негізгі тармақтарына алты өзгеріс жасалып, 14 жұқпалы ауруды вакцинация жасауға міндеттеді, алайда зорлықпен атқару жоқ. Олар дифтерия – 11 жас және 13 жас, 2 пертуссис, жедел полиомиелит – 3 айдан 90 жас, қызылша – 2-12 жас, жапон энцефалиті – 9-12 жас, тетанус – 3-90 айға дейін және 11-13 жас, туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасы – 1 жасқа дейін, Hib тұмауына қарсы вакцина туғаннан бастап 5 жасқа дейін, пневмококке қарсы вакцина – 5 жасқа дейінгі балалар, папилломавирустық вакцина – 12 жасқа дейін және 16 жасқа толған кезде, шешек, варикелла – 36 айға дейін, тұмау­ға қарсы вакцина – барлық 65 жастан асқан адамдарға міндетті. Алайда зорлық жоқ.
Жапонияда вакцинацияның үш түрі бар: «тұрақты вакцинация», «уақытша вакцинация», «ерікті вакцинация». Олардың алдыңғы екеуі вакцинация туралы заңға сәйкес вакцинацияланады, ал вакцинациялау ұлттық және жергілікті басқару органдарынан толық қаржыландырумен болады. Сонымен қатар, егер заңды иммундау нәтижесінде жанама әсерлер пайда болса, иммундау туралы заңның негізінде мүгедек болған немесе қайтыс болғандардың адамдардың отбасыларына өтемақы төлейді.
Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап Жапония­да жұқпалы аурулардан зардап шеккендер мен өлім-жітімдердің санын вакцинацияны сәтті өткізудің арқасында азайтты, алайда вакцинация­ның кейбір жанама әсерлері де байқалды және елге келтірілген зиян туралы шағымдар болды. Сондай-ақ конституциялық құқықты талап етпейтін сот процестері де болды. Осы әлеуметтік негізді ескере отырып, 1948 жылы алғаш қабылданған вакцинация туралы заң «қылмыс­тық жазалаулармен міндетті вакцинациялау» заңындағы жазалау тармақтарын 1976 жылдары алып тастап, денсау­лыққа зиянды азайту жүйесі құрылды. 1994 жылы жоспарлы иммундау «күш салу міндеті» ретінде өзгертілді. Жапония вакциналау заңында жұқпалы ауруларды таралуын алдын алудан бұрын, адамдардың жеке құқықтарын қорғау сипаты көрнектіленгендіктен, әртүрлі вакцинация көрсеткіші жылдан-жылға төмендеп, жұқпалы аурлар індеті проблемаға айналды. Қазір Жапонияда бұл заңды реттеудің басқа да тетіктерін қарастырып жатыр.

Қазақстанда қалай?
Қазақстанда өкімет тегін ұсынатын вакциналар-туберкулез (BCG), гепатит, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе (DTP), г типті гемофильді инфекция, пневмококк инфекциясына қарсы вакцина, қызылша, паротиттерден (паротит). Бұл вакциналар заңмен міндеттелген. Зорлық жоқ. Заңдық жаза қарастырылмаған. Алайда коллективтік иммунитет қалыптастыруды қамтамасыз ету үшін вакцина жасалмаған балалар балабақшаға баруына болмайды. Өйткені жас балалардағы вакцинацияның нәтижесі – ол коллективтік иммунитет қалыптастыратын пайызға тікелей байланысты. Әр 10 баланың 7-еуі вакцинацияланбаған жағдайда вакцинаның нәтижесіне еш кепілдік жоқ.
Вакцина жайлы заңдардың дамыған елдерде бастапқыда қатаң, заңдық жазалаулар арқылы іске асырылып, адамның құқықтық таңдауларына байланысты жазалау әді тетіктерін кейіндеп алып тастағанын байқаймыз. Жапонияда, Германияда эпидемиолог мамандар заңның жұмсақтығын пайдаланған адамдар міндетті вакциналарға мән бермеу, бас тарту көбейгендіктен, вакцинацияланған адам салыстырмасы сәйкесінше төмендеп, коллективтік иммунитеттің қалыптасуына кері әсер етіп жатқанын айтуда. Вакциналау туралы заңның құқықтық сипатына баса мән берілгенімен, аурудың таралуына, адамдарға жұқпалы аурулардың қатері ескерілмей, эпидемия қаупінің өсуіне әкеліп отыр. Вакцинаны тасымалдау, сақтау, қолдану ережелерінің сақталмауына байланысты вакцинаның адам денсаулығына кері әсер беретін жағдайлары кейде кісі өліміне, мүгедектікке әкелуі мүмкін. Бұл жағдай Қазақстан қоғамында да жиі орын алып, халықтың вакцинациялауға қарсы қорқынышын туғызуда. Тіпті вакцинация жасаудың жанамалай беретін кері әсерінен басқа, «адамдардың ұрпақ қалдыру қабілетінен айыру, чип қо­йып мәңгүрт етіп басқару» деген сияқты мифтік аңызға бергісіз ақпараттар тарап, халықтың вакцина алуына, сол арқылы жұқпалы ауруға қарсы қауіпсіздік шараларын жасауына кедергі келтіруде. Іс жүзінде вакцина жасау технологиясында адамның тұқым жолын ойрандайтын немесе микрочип салу қарастырылмаған. Ал чип-тау тақырыбына келсек, ол – вакцинасыз да адамзаттың өміріне дендеп кіріп келе жатқан осы заманғы технологияның жетістігі.

ЧИП шынымен қатерлі ме?
ЧИП – микросхеманың бір үлгісі. Бір чипқа бүтін бір немесе бірнеше микропроцессорді сыйдыруға болады. Және сол арқылы әртүрлі ақпараттар, программаларды орнатып, белгілі функцияларды атқартуға мүмкіндік бар. Микрочиптің адрестеу, ізге түсу, банктік төлем жүйесі, қауіпсіздік жүйесі, товарларды ұрлаудан сақтау, жан-жануарларды зерттеуге қолдану саласынан басқа медицина саласында микрочип қолданысқа енгеніне ондаған жылдар болды. Эпилепсия, Паркинсона, Альцгеймер сияқты өзін меңгеру, тепе-теңдік жүйе­сін жоғалтқан науқастарға микропроцессорлы чип қою және оны нервтік жүйелерге адаптациялау арқылы адамға жасанды интеллектуал беру арқылы науқастарға көптеген жеңілдіктер ұсынылуда. Бұл технология – алыс шетелде ғана болып жатқан жоқ, астанадағы ұлттық медициналық орталықтарда он жылдан бері жасалып жатқан жұмыстар. Аталған технологияның дамуына байланысты болашақта нерв жүйесі арқылы ақыл-ойға, тепе-теңдікке әсер ететін аурулардың қиындығы белгілі деңгейде шешіліп, мыңдаған мүгедектер қалыпты адамдар қатарына қосылуы мүмкін. Адамдар есте сақтау қабілетін үстемелеу, ақыл-ой еңбегін жоғарылату үшін өз еркімен осы технологияның көмегіне жүгінетін заман да келеді. Көп тіл үйрену, күрделі схемаларды, инструкцияларды есте сақтау және қолдану өнімділіктерін арттыруға деген талпыныс микрочиптің әрі қарай көпфункционалды,

күрделі қызметтер атқаруына жетелей беретіні сөзсіз. Олай болса, алдағы болашақ адам санасына сыймайтын жаңалықтар мен технологияның ғасыры болады. Ол жаңалықтардан үрку, қашу мүмкін емес.

Серік МҰРАТҚАН,
«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ медициналық жабдықтар бөлімінің бас инженері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × two =