Виртуалды кітап сыйлады

0 219

Қалалық әкімдікте «Астана – болашақ  қаласы» атты виртуалды кітаптың тұсауы кесілді.

 

Елбасының «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» мақаласына орай тұтас ел аумағында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, елордада «Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру», «Туған жер», «Қазақстанның киелі картасы», «Қазақстандағы жүз жаңа есім», «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобалары қарқынды жүзеге асырылуда.
Виртуалды кітап ар­қылы оқырман еліміздің елордасында қолданылатын және болашақта қолданысқа енетін барлық жаңа жобалармен және технологиялармен таныса алады. Кітапты қолдану үшін алдымен смартфоныңызға Smart Astana VR book мобильді қосымшасын тегін жүктеп алуыңыз керек.
Жоба жетекшісі, «Big Dream» компаниясының өкілі Әйгерім Мұқашеваның айтуынша, кітап­қа енген жобалар Smart Astana бағдарламасынан алынған екен. «Мәселен, оқырман Астана маңында Орталық Азиядағы ең үлкен күн стансасы қалай салынып жатқанын оқи алады. Сондай-ақ, виртуалды кітап Болотов жел турбинасы, «ақылды» үй, жылы аялдамалар және өзге де ноу-хау жаңалықтарынан хабардар етеді» дейді ол.
Кітаптың тұсаукесеріне қаламыздың ең үздік оқушылары, халықара­лық, республикалық олим­пиада жеңімпаздары шақырылды. Жиын барысында әр оқушыға қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Қаналимов кітапты сыйға берді. «Астана – болашақ қаласы» виртуалды кітабы 3800-ден астам астаналық дарынды жастың қолына тиеді. Жалпы, кітаптың таралымы – бес мың дана.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 − three =