«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Велошабандоздың жаңа рекорды

0 10

Бас қалада Рамазан айының соңғы күні Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының қолдауымен Ислам – бірлік пен ынтымақ жылы аясында «Оразадағы 99 шақырым» велошеруі өтті. Қазақстан халқының Бірлігі күні әуесқой велошабандоз, ағылшын тілінің оқытушы-аудармашысы, «Хабар 24» арнасының шолушысы, «Толық адам және 4 даму» жобасының авторы Ернат Мелсұлы соло тәсілінде, яғни жалғыз адам болып ас-су ішпестен 99 шақырымды бағындырды. Жаңа рекорд «КИНЭС» Қазақстан рекордтар кітабына енді.    

photo5438428770521430746

«Әзірет Сұлтан» мешітінің алдынан басталған велошеру Нұр-Сұлтан қаласының айналма тас жолын толық жүріп өту арқылы орындалды.

Р.Қошқарбаев, Абылай хан  даңғылдары, «Нұр-Сұлтан-Қарағанды» тас жолымен жүріп, қаланың әуежайы жағындағы айналма тас жолға түсті. Сол бағытпен кері айналып, велошеруді бастаған «Әзірет Сұлтан» мешітінің алдынан түйіндеді. Жол жүргенде Алланың 99 есімін ұлықтады. Велошеруге барлығы 7 сағат 10 минут кетті. Ернат Мелсұлы жолға сағат 12.00 болып қалғанда шығып, велошеруді сағат 19.00-де аяқтады. «КИНЭС» Қазақстан рекордтар кітабының Нұр-Сұлтан қаласындағы ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов рекордты тіркеп, тиісті куәлікті тапсырды.

Ернат Мелсұлы осыған дейін «Астана – Ақтоғай», «Қарағанды – Жаңаарқа», «Нұр-Сұлтан – Жидебай», «Нұр-Сұлтан – Қостанай» велошерулеріне бастамашы болды. Былтыр «100 жылдыққа 100 шақырым» велошеруі Қазақ радиосының 100 жылдығына арналды. Ал биылғы қыста елордада өткен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «150 жылдыққа 150 шақырым» велошеруі тұңғыш қысқы веломарафон ретінде Қазақстан рекордтар кітабына енді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды