«ВАТРА» – ЖYРЕК ЖЫЛУЫ

0 218

Актив УКЦ ВАТРА

1993 жылы құрылған «Ватра» украин орталығы астаналық этномәдени орталықтарының бірегейі болып табылады. Кезінде белгілі ғалым, хирург, қоғам қайраткері Зиновий Грицуляк іргесін қалаған орталық бұл күнде елордалық этномәдени бірлестіктердің көшбасшысына айналып, ән-жырымен достық думанын тасытып келеді. «Ватра» қазақ тілінде ошақты, онда маздап жанған отты білдіреді. Отты жағалай отырған жүзі жарқын достардың шоқ қызуына жылынып, әңгіме-дүкен құрған сәттері де осы «ватра» мағынасын толықтыра түседі.

– «Ватра», шын мәнінде,  астаналық украиндардың мәдени ошағына айналды деп айтуға болады,-дейді орталық жетекшісі Тарас Чернега. Біздің қызметіміздің басты бағыты – білім беру, мәдени-ағарту, халықтың мәдени мұрасын насихаттау. Осы мақсатта жексенбілік мектеп ашып, «Червона Калина» вокалды ансамблі мен «Ватряночка» би ұжымын құрып, «Кудесница» кестешілер клубына қолөнер шеберлерін жинадық. Өзім 2000 жылдан бері шығып келе жатқан «Украинские новины» республикалық газетінің бас редакторы қызметін де  қатар атқарамын.

Жексенбілік мектеп – біздің мақтанышымыз. Онда Л.Пневская, Ю.Мартыненко, С.Чернега, Ю.Амирова секілді білікті  ұстаздар украин тілі мен әдебиетінен, тарихы мен өнерінен дәріс береді. Алғашқы  ашылған күнінен бастап талай елордалық балалар біздің мектептен түлеп шықты. Осында өз ұлтының мәдени қайнарларынан сусындап, жеке шығармашылығын  дамытуға барлық жағдай жасалған.

Расында да, қалалық білім басқармасы қаржыландырып отырған  жексенбілік мектептердің өскелең ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор. Елорданың білім ордаларында оқып жатқан барлық украин баласы өздерінің ата-бабалары туралы, олардың салт-дәстүрлері туралы мағлұматты осы жерде алады. Қандай ұлт болса да, этникалық шыққан тегін білген адам өз мәдениетіне кең бойлаған сайын өзге мәдениетті де түсіне алатын биік деңгейге көтеріледі. Бұл, әсіресе, көп этнос өкілдері жасап жатқан еліміздің жағдайында аса қажет. Ұлттар арасындағы татулық пен достықтың негізі осы мектептерде бастау алады. Этностар арасындағы ағарту жұмыстарының негізі – ұлттық лингвистикалық мектептердің жұмысы бүгінде өз нәтижесін бергенінің куәсі болып отырмыз.

Сондай-ақ, оқушылардың ата-аналарымен де тығыз жұмыс істейміз. Олар сәбилерінің мектепке барғалы ашылып, бірінің – қолөнеріне, бірінің – сурет салуға, кесте тоқуға бейімі ашылып, қызығушылығының арта бастағанын айтып жатады. Орталық өткізген қандай да бір мереке оқушылардың  қатысуынсыз өтпейді. Олар ән салып, тақпақ жаттап, би билейді. Ойын баласының жауапкершілігі артып, өзіне берілген тапсырмаға аса  мұқият қаруының өзі мектептің ерекше дәрежесін түсінуінен дер едім.  Жексенбілік мектеп – баланың тұлға болып қалыптасуына әсер ететін өмір мектебі. Мұнда ешкім нашар баға алдым деп қиналмайды. Мұнда тек достық пен түсіністік, жаңа ілімге ұмтылыс пен үлкен қызығушылық қана рухани мұраның төріне бас­тайды.

Жексенбілік мектептердің этномәдени орталықтарындағы  тұрақты жұмысы оның  кең қолдау табуы менің осы сөздерімді дәлелдей түседі, – дейді елордалық украиндардың  белді өкілі Тарас Чернега.

 Украинская воскресная школа

Ұлттық киім шерткен сыр

 Кез келген халықтың мәдени  мұрасы сол халықтың киім киісінде,  салт-дәстүрінде, музыкасы мен ән-биінде көрініс табады. Сол белгісі арқылы өзге этностан айырмашылығы мен ерекшелігін біліп жатамыз.

«Ватра» украин мәдени орталығына келген адам осы бір мәдениеттің  материалды байлығымен жақын танысуына болады. Мұнда музыкалық аспаптар, тұрмыста қолданылатын бұйымдар, қолөнер шеберлерінің  туындылары жинақталған.

Әрине, ұлттық киімдер де көп нәрседен сыр шертеді. Қызылды-жасылды гүлден өрілген гүлдесте, желке тұсына түрлі-түсті лента тағылған ерекше бас киімді тек осы ұлттың  бойжеткендері киеді.  Украин бойжеткендері  гүлдестеден басқа басына жәй лента байлап жүреді екен. Қымбат пәршадан немесе кеселенген матадан қиықша етіп, маңдайын бастыра тартып алу да осы қыздардың дәстүрінде бар. Қыздардың бұрымдары екі өрім болып келеді.  Жалпы, ағайынды апалы-сіңілідей ұқсас келетін орыс қыздарынан айырмашылығы қолаң шашын екі айырып қос бұрым етіп өреді және бұл тек  украиндарға тән. Орыстардың ежелгі салтында қыздары шаштарын бір бұрым етіп өреді екен.

Ұлттық киім мыңдаған жылдар бойына сол ұлттың ардақ тұтқан құндылықтарына, дүние танымына, тұрмыс салтына қарай  қалыптасады. Украин қыздарының қынама бел қызыл күрең күртесі, белдемшесін жапқан торлы алжапқышы, кес­темен көмкерілген жейдесі мен қызыл етігі осы халықтың тағы бір  еркшелігінен хабардар етіп тұрғандай. Яғни, халықтың табиғи жаратылысы, таланты мен ерекше көркем талғамы осы жерде де көрініс береді. Қандай киім үлгісіне қарасақ та, табиғатынан әдемі жаратылған украин қыздарының бар сипатын,  сымбатын ашуға арналғандай. Олардың шетінен әнші-биші болып келетіні де сондықтан. Өнерпаз халықтың өнері туралы  «Ватряночка» би ансамблінің  жетекшісі, республиканың еңбек қайраткері Юлия Амирова әңгімелеп берді:

 – Біздің би ансамбліміз – елорда сахнасында өнер көрсетумен бірге түрлі республикалық, халықаралық жарыстарға да қатысып жүрген ұжым. Украина ұлттық  би өнерінің үздік насихаттаушысы десек те болады. Жалпы, ұлттың   ең кең тараған халық биі «гопак» деп аталады. Оның әртүрлі варианттары болса да, элементері, қимыл-қозғалысы бір болып келеді.  Биді жігіттердің орындауы шарт. Өйткені, «гопак» күрделі акробатика, түрлі соғыс қимылдарын көрсететін  күрделі философияның жымдасқан түрі. Ал, оның лирикалық түрі  «казачок» деген атпен көпке танымал. Бұл – жұпқа арналған би. Аса ширақ, шалт қимылды, қыз бен жігіттің ара қатынасының сүйкімді қылығы мен езу тартар да көріністерді беретін би. Ұлттық би өнері жоғары  дайындықты талап етеді. Соған қарамастан, бұл билердің  көптеген элементтерін қарапайым халық еркін орындайды. Олардың егде-жасына қарамай халық мерекелерді ұлттық билерімен қыздыра түсетіні де сондықтан болса керек…

Репертуарында 100-ден астам украин, орыс, қазақ әндері бар «Червона Калина» вокалды ансамблі елордалықтарға жақсы таныс. Түрлі қалалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы. Ұзақ жылдар бойына жетекшілік еткен Т.Бирюкова концертмейстер В.Прус екеуі әуесқой әншілердің талантын шыңдап, ансамбльді көпке танымал еті.

Әншілер Л.Макущенко, Е.Чеховская, А.Бородина, Р.Никанорова, Л.Антонюк, А.Игнатенко, И.Волошин, В.Юрас, Н.Нестерук, Ю.Мартыненкомен бірге А.Купряшина, З.Кузнецова, Н.Сапункова триосы украин әндерінің барлық қырын ашып, табиғи өрнегін бұзбай тыңдаушысына жеткізе біледі.

Астаналық украин этномәдени ошағының жағылғанына жиырма жыл толғанын былтыр атап өткен болатын. Орыс, беларусь, корей, татар, түрік және басқа да елордалық этномәдени бірлестік ұжымдары елордалық  украиндардың мерекесімен құттықтады. Әріптестер алдағы атқарар істерімен таныстырып, тәжірибе бөлісті. Әдемі кештің жалғасы халықтың ән-биіне ұласты. Жиналған қауым бір оттың басында жиналғандай сезіне алды. Себебі,  жүректерді жылытар бұл жылулық орталықтың  «ватра» атынан да білініп тұр…

 Айгүл УАЙСОВА

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − thirteen =