Ван Гог туындыларының көрмесі

0 164

Назарбаев Орталығы мен Нидерландия елшілігі астаналықтарға  әлемге әйгілі голланд кескіндемешісі  Винсент Ван Гог салған суреттердің көшірмесін көрсетті.

Голландияның Астанадағы күндері аясында ұйымдастырылған көрмеге Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Пейтер ван Леувен қатысты. Ол жиналған жұртпен бірге қылқалам иесінің пейзаждары мен автопортреттерінен құралған 44 туындыны тамашалады. «Винсент Ван Гог – аты аңызға айналған адам. Оның шығармашылығы өзінен кейінгі буынға қатты әсер етті. Ол шын мәнісінде ұлы суретші болды. Махаббат пен қайғыға толы туындылары қайталанбайтындығымен ерекшеленді. Винсент Ван Гогтың кәсіби шеберлігі Пабло Пикассомен бірдей. Бүгінгі күнге суретшінің 1700 жұмысы жетті. Бүгін Астананың өнерсүйер қауымына керемет мүмкіндік ұсынылды деп ойлаймын. Себебі, сіздер өзгелер іздеп жүріп сүйсінетін суреттерді алысқа бармай-ақ, шығындалмай-ақ, өз елдеріңізде көріп отырсыздар. Сіздер мен біздерге осындай жағдай жасаған Қазақстанның билік басындағы тұлғаларына және Назарбаев Орталығына алғыс айтамын», деді елші көрмеде сөйлеген сөзінде.

«Нұрсұлтан Назарбаев басқарып отырған ел Орталық Азия аймағының тұрақтылығына ұйытқы болып отыр. Ал, Астана саяси, мәдени және діни бағытта халықаралық жиын өткізетін және содан қорытынды шығаратын дана қала ретінде танылуда. Бұл қала қолға алған барлық ісін абыроймен атқарады. Сіздер өте әдемі қалада тұрасыздар, сіздер бақыттысыздар», деді ол.

Осыдан соң елші Нидерланды мен Қазақстан барлық бағытта қойын-қолтық араласатынын айтып, ынтымақтастықтың тамыры тереңдей беретінін баяндады. «Мен бұған кәміл сенемін және достығымыз бен әріптестігімізді жалғастыру жолында аянбай еңбек етемін», деді Пейтер ван Леувен.

Жадыңызда жүрсін, Винсент Ван Гог сурет салуды 30 жасында бастаған.

Негізінен қарапайым жандардың өмірін бейнелеген. Оның «Шаруа қыз», «Картоппен жүрек жалғаушылар», «Сена үстіндегі көпір», «Танга әкей портреті» атты картиналары тұңғыш туындылары ретінде тарихта қалған.

Ғұмырының соңғы екі айында Винсент Ван Гог жан аямай еңбек етіп, дүниеге 80 картина әкелген. Дәл осы уақытта оның өнерін бағалаушылардың қатары көбейіп, суретшінің атақ-даңқы артқан. Алайда, қылқалам иесінің денсаулығы сыр беріп, ол жүйке ауруына шалдыққан. Ең өкініштісі Винсент Ван Гог өзіне өзі қол жұмсап, тапаншамен атылып өлген.

Қанат МАХАМБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × five =