Вакцина үлкен саясаттың қаруына айналды ма?

0 174

Әбіржіген әлемді індет және екпе салу деген екі нәрсе дүрліктіріп тұр. «Үлкен саясаттың» әткеншегінде күн сайын құны қымбаттаған вакцина үшін жаһандық деңгейде көзге көрінбейтін соғыс жүріп жатыр. Ұлыбритания мен Еуропалық Одақ арасындағы текетірестің ушығуы көптеген елдерді алаңдатуда. Індет бәсеңдегенмен, мүдделер соғысы жалғаса беретіні айдан анық. Індет пен екпе салуға қатыс­ты әлемдегі бүгінгі ахуалға кеңірек тоқталайық.

Індеттен 2,2 млн адам көз жұмды

Әлемде COVID-19 індеті жайлаған бір жылдан астам уақыттан бері 102930055 адам (Д.Хопкинс университетінің 01.02.21-дегі дерегі) осы ауруды жұқтырыпты. Жұқпалы дерттің таралу деңгейі жөнінен АҚШ (26183915 адам жұқтырған) көш бастап тұр. Үндістанда – 10746183, Бразилияда – 9204731, Ұлыбританияда – 3828183, Ресейде 3808348 адам жұқтырған. Алапат аурудан бүгінге дейін 2227004 адам (441303-і – АҚШ, 224504-і – Бразилия, 158074-і – Мексика, 154274-і – Үндістан, 106367-сі – Ұлыбритания, 72029-ы – Ресей тұрғындары) көз жұмды. COVID-19-ды таратқан Қытайда 100041 оқиға тіркеліп, 4817 адам қайтыс болды.
Қазір кейбір елдерде індеттің таралу жылдамдығы адамзатты шошытып отыр. Мысалы, 31 қаңтарда Бразилияда бір сөткеде 58462 адамнан ауру анықталды. 24 сағаттың ішінде елде 1279 адамның өлімі тіркеліп, пандемия басталғаннан бергі құрбандардың саны 223945-ке жетті. Бразилиялық штамм көршілес Колумбиядан да табылды. Бұл елде 1 ақпанға дейінгі есеп бойынша 2094884 адам дертке шалдығып, 53983 адам қайтыс болды. Посткеңестік елдердің ішінен Ресейде 31 қаңтарда індет 18359 адамнан анықталды, соның ішінде 2037-сі – Мәскеу тұрғындары. Айтпақшы, бас қаладағы 300 мыңнан аса тұрғын екпе салдырса, тағы 500 мыңнан астамы өтініш білдірген. Жақында ресейлік ғалымдар Ұлыбритания, АҚШ, Бразилия, БАӘ-де тез тараған «ағылшын штамының» елде тіркелмегенін хабарлады.

Еуропа елдері шекарасын жапты

Індеттің қаупінен қорыққан кейбір елдер шекарасын жабуда. 30 қаңтарда Германия билігі Ұлыбритания, Ирландия, Португалия, БАӘ сияқты мемлекеттердің азаматтарын кіргізбейтін қаулы шығарды. Мұндай тыйым 17 ақпанға дейін созылады. Немістер аталған елдерден оралатын өз азаматтарын қабылдайтынын хабарлады. Сәл бұрынырақ Чехия да осындай қадам жасады. 31 қаңтарда Франция да ЕуроОдаққа кірмейтін елдердің тұрғындарына өз аумағына кіруге тыйым салды. Үкімет басшысы Жан Кастекс шекараның жабылуы елдегі коменданттық сағатқа қосымша шара болып енгізілгенін мәлімдеді.
Айтып келмеген ауруды ал­ға­шында елемеген Ұлыбритания көп зардап шекті. Қаңтардың соңында індеттен көз жұмғандар саны 100 мыңнан асты. Бұған бейқамдық себеп болғаны рас. Дерт дендеген кезеңде Жаңа Зеландия, Тайвань, Австралия сияқты елдер тез арада шекарасын жапты. Бірақ британ билігі өткен жылы мамырда ғана карантин енгізді. Бірінші толқын қарттар үйіндегі қамсыз қарияларды қынадай қырды. Сол кезден бастап қана үкімет тестілеу жүйесі мен вирус жұқтырушыларды қолға алды. Бірақ бәрі кеш еді. Біріккен Корольдік эпидемиологиялық қауіпке қауқарсыздық танытты.
Бұл вирустың Ұлыбританияда кеңінен таралуына себепші болған жайттың бірі – Лондондағы халықтың көп шоғырлануы. Қаланың жаһандық хабқа айналғанының бұл жолы зияны тиді. Тағы бір фактор – халықтың тығыз қоныстануы. Бұл көрсеткіш бойынша Англия халқы 20 млн-нан асатын елдердің ондығына кіреді. Бұған қоса, британ қалалары бір-бірімен жақын орналасқан. Сондай-ақ ағылшын ұлтының тез қартаю процесі, елдегі семіздікке шалдыққан адамдардың көптігі де індетті өршітті. Әрине, алдағы уақытта ахуал қалай болатынын ешкім болжай алмайды.
Мысалы, Австралия, Германия, Польшада бірінші толқын жеңіл түрде өтті. Бірақ соңғы екі мемлекет қазір зор қауіптің төнгенін сезе бастады. АҚШ-тағы ахуал да ушығып тұр. Бұл жерде бір елдің індетпен күресін екінші елмен салыстыруға келмейді. Өйткені әлемді әбігерге салған ауру әр жерде әртүрлі таралуда.

Қандай вакцина тиімді?

Қазір әлемде індетке қарсы екпе салу мәселесі миллиондаған адамдардың күндіз күлкісін, түнде ұйқысын қашыруда. Әсіресе, қандай вакцина тиімді дегенге барлық елдердің үкіметтері басын қатырып отыр. Әзірге 100 пайыз тиімділігін дәлелдеген екпе жоқ. Сұранысқа ие үздіктер үштігінде: AstraZeneka (2,4 млрд доза), Novovax (1,4 млрд доза), Johnson&Johnson (1,3 млрд доза) вакцинасы тұр, ресейлік «Спутник V» (537,4 млн доза) 7-орында. Жуырда Ұлыбританияда жүргізілген сынақтар америкалық Novavax-тің 89,3 пайыз тиімділігін көрсетті. Клиникалық зерттеулерге 18-84 жас аралығындағы 15 мың адам қатысқан. Алайда Novavax-тің Оңтүстік Африкадағы індеттің жаңа түріне әсері 60 пайызды құраған. Ұлыбритания америкалық екпенің 60 млн дозасына тапсырыс берді. Ресми Лондон хабарлағандай, егер препарат британ сынағынан сәтті өтсе, Біріккен Корольдік тұрғындары шілде айынан бастап егіледі. Қазір елде AstraZeneka, Pfizer, Moderna екпелерін пайдалануға рұқсат берілген.
ЕуроОдақ AstraZeneka британ-швед компаниясы шығарған вакцинаны мақұлдады. Жуырда Еурокомиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен AstraZeneka мен ЕуроОдақ арасындағы келісімшартты жариялауды тапсырды. Мұндай шешім кейбір мамандардың індеттің жаңа штамдарына екпенің толық тиімділігі дәлелденбесе де шығарылып отыр. Ғалымдар Оңтүстік Африкада тіркелген аурудың жаңа штамына кейбір вакциналар әсер етпейтінін айтуда. Бұл вакцинаны ЕуроОдаққа мүше 27 мемлекет, еуропалық экономикалық аймаққа кіретін Норвегия, Исландия, Лихтенштейн пайдаланады.
Қазір әлемді қырғи-қабақ соғыс­тың елесі кезіп жүр. Індеттен берекесі кеткен мемлекеттер ортақ жауға қарсы күш біріктіретін кезең. Алайда жер-жаһанды жалпағынан басқан алып державалар басқаларға өркөкіректік пен алауыздық танытуда. Жуырда ЕуроОдақ Ұлыбритания тапсырыс берген Pfizer екпесін экспорттауға тыйым салатынын айтып, «жалын күжірейтті». «Суға кеткен тал қармайдының» кебін киген америкалықтар вакцинаны қай жерден табылса, сол жерден көптеп сатып алуға кірісті. Қытайлар мен орыстар өз екпесін өзгелерге тықпалауға жанталасуда. Ашкөздік пен арсыздықтың соңы не нәрсеге алып баратынын болжау қиын.
Былтыр індет жайлай бастағанда вакцина дайындауға бірнеше жылдар кететіні айтылған. Алайда бір жылға жетпей әлемде бірнеше вакцина дайындалды. Сөйтсек, қуа­нуға әлі ертерек екен. Адамзаттың қауіпсіздігіне алып державалардың солақай саясаты, империалистік қулығы килікті. Мәселен, қазір Израиль билігі өз халқының 45 пайызына екпе салдырды. Біріккен Араб Әмірліктері – 26 пайыз, Ұлыбритания – 10,5 пайыз, АҚШ 6,9 пайыз салдырды. Бұл көрсеткіш Германияда – 2,1 пайызды, Франция­да 1,6 пайызды құрайды. Мұндай өгіз аяңмен шабатын болса, Жер шары халқын алдағы 5-6 жылда ғана егіп болмақ. Жапония мен Австралия әліптің артын бағып, екпе салдыруға асықпай отыр. Ресей билігі вакцинациялауға білегін сыбанып кіріскенін білеміз.

Державалардың мүддесі күресті әлсіретті

Вакцина соғысының қашан және немен бітетінін болжау қиын. ЕуроОдақ пен Ұлыбритания текетіресінің өзі көптеген елдерге кесірін тигізіп, вакцина сатып алуын кешіктіруі мүмкін. Айтпақшы, Біріккен Корольдікте шығарылатын вакцина әуелі ағылшындарға толық егілуі тиіс. Ел үкіметі AstraZeneka-мен осындай шарт жасады. Тіпті жуырда ЕуроОдақ басшылығы Еуропада өндірілген вакцинаны шетелдерге тарататын кезде рұқсат алсын деген шешім шығарды. Яғни алпауыт елдер өздері қырғи-қабақ болғанымен қоймай, ауру асқынған кедей елдердің халқына қиянат жасайды деген сөз.
Ресей мен Қытай да өз екпесін кедей елдерге ұсынып, өзінің мүддесін көздеп отыр. Мәселен, Оксфорд пен Pfizer-дің сынағынан сәтті өткен «Спутник V», «Синофарм» екпелерін алғысы келетіндер көбею­де. Әлбетте, бұл бағытта екі алып державаның көңілінен шығатындай қадамдар жасалады. Азия мен Африкадағы кедей елдердің бәріне осы вакциналар жеткізілуі мүмкін. Вакцина шығарудан жаңалық ашқан Еуропа елдері оны таратудың орнына бір-бірімен алауыздыққа баруы уақытты созады. Осының өзі вакцинаны үлкен саясаттың ойынына айналғанын көрсетеді.
Қазір адамзатты «Вакциналар әлемді індеттен құтқара ала ма?» деген қорқынышты сауал ойландыруда. Кейбір мемлекеттер сол вакцинаның тиімділігіне де күмәнмен қарап отырғаны жасырын емес. Мысалы, Грузия Pfizer-ді де, AstraZeneka-ны да сатып алуға тапсырыс берді. Ал Novavax-ті таңдағандар өте аз. Сондай-ақ бельгиялық Janssen компаниясы бір ғана мәрте егілетін Janssen вакцинасын шығаруды жоспарлап отыр. Ағылшындар бұл препараттың 30 млн дозасына алдын ала тапсырыс берді. Novavax пен AstraZenekа тасымалдауға оңай, өйткені кәдімгі тоңазытқышта сақтау жеткілікті. Moderna және Pfizer компаниялары шығарған вакциналар -70 градуста сақталуы қажет. Әзірше Сингапур билігі ғана екпе салдырғаннан кейін адамның денсаулығына зиян келетін болса, 7,5 мың АҚШ доллары көлемінде өтемақы төленетінін жариялады. Басқа елдер үнсіз отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 5 =