Вакцина ең бірінші кімдерге салынады?

0 111

Пандемия басталғалы әр ел өз вакцинасын жедел түрде жасауға көшті. Өткен аптада ғалымдар коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина сынақтан сәтті өтуде деп сү­йінші сұрады. Елімізде қауіпті дерттің бетін қайтаратын вакцинаны жасауды қазіргі таңда бірнеше ғылыми орталықтар жүзеге асырып жатыр.

Атап айтқанда, ҚР ДСМ тарапынан М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті аурулар жөніндегі ұлттық ғылыми орталығы мен Қазақ аграрлық университеті бірлесіп, коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина әзірлеуде. Бұл вакцина қазір клиникалық сынақтың бірінші кезеңінен өткізіліп жатыр. Аталған министрліктің Тауарлар және қызмет қауіпсіздігі мен сапасын бақылау комитеті Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы Нұршай Әзімбаеваның айтуынша, вакцинаның қаншалықты тиімді екені сол сынақтар нәтижесінде ғана белгілі болады.
– Аталған орталық пен оқу орны бірлесіп, вакцинология жөніндегі халықаралық орталық құрды. Сол орталықта шетелдік әріптестермен бірлесіп жұмыс­тар жүргізілуде. Атап айтқанда, олар – нано бөлшектерден алынған технологиямен жұмыс жүргізетін АҚШ-тың Огайо штатының университеті және ­австралиялық биотехнология­лық компания. Вакцинамен иммундау жөніндегі жаһандық GAVI деген альянс бар. Соның бағдарламасы дүние жүзіндегі барлық елдерді біріктіріп, тиімді және қауіпсіз вакцинамен қамтамасыз етуге бағытталған. Біздің министрлік тарапынан аталған бағдарламаға қатысуға хат жолданды. Енді министр­лік елімізде егілуге жататын адамдарды вакцинамен қамтамасыз ету жөнінде жұмыс­ты бастап, екпе салуға жататын контингенттерді анықтауда, – дейді бас сарапшы.
Мамандардың айтуынша, вакцина ең бірінші кезекте КВИ ауыр өтетін топтарға салынады. Яғни тыныс алу, жүрек, қан тамырларынан созылмалы аурулары бар, қант диабетіне шалдыққандар КВИ бойынша қатерлі топқа жататындықтан, олар вакцина салынатындардың алдыңғы легінде.
– Республика бойынша бұдан басқа бүкіл медицина қызметкерлері вакцина жасайтын топқа енгізіліп отыр. Осы топтарға жататын адамдардың жалпы саны – 2 млн шамасында. Қазіргі таңда министрлік тарапынан оларды вакцинациялауға қаражат бөлу, сатып алу мәселелері қарастырылуда, – дейді Нұршай Әзімбаева.
Сарапшы атап кеткен жұмыс­тардың бірі бойынша алғашқы тәжірибеге қатысушылардың бірі Қайсар Табынов – Қазақ­станда коронавирусқа қарсы вакцина салдырған ең алғашқы адам. Ол – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымы әрі проректоры, университет жанындағы халықаралық вакцинология орталығының директоры. Оған австралиялық биотехнологиялық компанияның вакцинасы егіліпті.
– COVAX-19 деп аталатын вакцинаны аталған компания өз елінде өз еркімен келген 40 еріктіге де салды. Мен оны салғызбас бұрын денсаулығымды жан-жақты тексертіп, скринингтен өттім. Яғни биохимия, қан гемотологиясы, ПТР-тест, ВИЧ-ке, Б, С гепатитіне тексерілдім. Сонымен қатар IgE жалпы аллергиялық антитәннің бар-жоғын қараттым. Қазір өзімді жақсы сезінемін, ешқандай жайсыздық мазаламайды, – дейді ол.
Қайсар Табыновтың айтуынша, вакцинаны өзі бірнеше се­бептерге байланысты салдыр­ған. Біріншіден, әріптес болып саналатын шетелдік компа­ния­лардың вакцинасын алдағы уақытта елімізде ұсыну үшін қауіп­сіздігі мен иммуногендігі­не көз жеткізу. Екіншіден, атал­ған вакцина құрамына кіретін Advax-CpG біздің елімізде аллер­­гиялық ринит және қолқа демік­­песін емдеудің жаңа тәсілін жасауға қолданылып жатқандықтан, соның әлеуетін байқау. Үшін­шіден, әрине, өзі үшін, вирус жұқ­тыру қаупі басым кезеңде ағзасының оған қарсы күресін күшейту үшін салдырғанын жеткізді.
Вирусқа қарсы вакцина жасау ҚР БҒМ тарапынан да қолға алынған. Министрлікке қарасты Ғылым комитетінің Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты вакцина жасау­ды нау­рыз айында бастапты. Вакцинаны жасау барысында Алматыда емделген алғашқы науқастардан патологиялық материалдар алынған. Қысқа уақыттың ішінде, яғни 9 мамыр­да ғалымдар алғашқы вакцинаны жасап шығарыпты. Оны ДДҰ өз сайтында тіркеп, сол күні вакцина жануарларға салынған. Соның нәтижесінде вакцинаның ДДҰ бекіткен барлық параметрлер бойынша талаптарға сәйкес келетіні расталды.
Мамандар жаппай вакцина салдыру уақыттың еншісіндегі мәселе деп отыр. Ал енді бұған халық не дейді? Әзірге қауіпті вирус вакцинасының сынақтық кезеңіне өз қалауымен ерікті болып қатысқан Қайсар сынды жандардың әрекетін, отандық ғалымдардың әлемдік зерттеулерге араласуын қолдап, алғыс білдірушілер де көп. Жалпы, дертке қарсы екпе ісіне күмәнмен қарайтындар да бар. Бірі: «Жақсы болды ғой. Енді бұл дерттен осы вакцина арқылы толық құтылсақ екен. Болашағымыз үшін алаңдамас едік» десе, екіншілері: «Вакцина салды ма, әлде жай витамин салды ма, оны қайдан білеміз? Қытайға да, ­Австралияға да сенбеймін», «Бұл ауруға қарсы вакцина болмайды. Микробиологиядан хабары бар адам болса, әр ағзада әртүрлі мутацияға ұшырайтын вирусты бұлай өлтіру мүмкін емес екенін жақсы түсінеді» деп пікір білдірген әлеуметтік желілерде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 3 =