«Вайнах» шешен-ингуш бірлестігі

0 147

Осыдан 69 жыл бұрын шешендер мен ингуштарды өз отандарынан күштеп жер аудару, заңсыз сүргінге салу саясаты орын алды. Осыған орай өткен аптада «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі Астанада сталиндік қатал саясаттың құрбандарын еске алуға арналған жиын ұйымдастырды. 

Кеңес өкіметі таулықтар неміс-фашист басқын­шыларына қолдау көрсетті деген жалған желеуді алға тартып, 1944 жылы оларды жаппай жер аудара бастады.

«Ел азаматтары сол кездері майданда болатын. Тылдағы әйелдер, қарттар және балалар пойыз вагондарына тиелді. Оларға жиналуға тек 20-30 минут қана уақыт берілді. Үйлері, бау-бақшалары, мал-жаны сол арада қала берді. 180-ге тарта эшелон адам, Кавказ таулары арқылы, Ресейдің жазығымен Солтүстік Қазақстан өңірлеріне жол тартты. 1 айдан астам уақыт азапты жол жүріп келген халықтың жартысы аштан, шөлден және аурудан қырылды», – дейді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Салман Героев. Қуғын-сүргін жылдарында 478 479 шешен мен ингуш жер аударылған. Оның 280 770-ы аштан, аурудан көз жұмған. Еске алу күнінде жиналғандарға ас беріліп, 150 отбасыға садақа таратылды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 1 =