Ұжымдық иммунитетті 80 пайызға жеткізу керек

0 31

Вирустың «аспаннан жаумайтынына» сенбей жүргенде, елден оның мутацияланған түрлері де шықты. Қазақстанда ковидтің жаңа штамдарына ұқсас 12 жағдай анықталды. Бұлардың қаупі – бұрынғыдан әлдеқайда жылдам таралуында. Осындай қиын шақта дерттің барына күмәнмен қарайтындардың астыртын той, жиын өткізіп, көптің басын қосуы жағдайды одан сайын ушықтырып тұр.

Қазақстанда «Британдық», «Оңтүстікафрикалық», «Бразилиялық» штамға тән ықтимал мутация анықталды. Бұл туралы кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп COVID-19 штамдарын анықтайтын экспресс ПТР-скринингтің жаңа әдісі енгізілген еді. Сол арқылы аталған орталық филиалының референс-зертханасы КВИ анықталған нау­қастардан алынған зертханалық үлгілерді зерделеген. Соның қорытындысы бойынша ШҚО, СҚО, Қостанай, Павлодар облысынан басқа өңірлерде вирустың жоғарыда аталған үш штамына тән ықтимал мутация анықталған. Коронавирустың жаңа штамдары мен алғашқы штамның белгілері бірдей – адамның дене қызуы көтеріледі, жөтеледі және дәм мен иіс сезбей қалады.
Коронавирус инфекциясы бүгінде 221 елде 128 млн адамға жұқты. Қазақстанда 30 наурыздағы жағдай бойынша 243318 науқастан анықталды. Соңғы 2 аптада жалпы КВИ жұқтырғандар 1,5 есе өсіп, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Алматы облыстарында науқас саны артты. Қазақстанда бес өңір – «қызыл», үш өңір – «сары», қалғандары – «жасыл аймақта». Эпидемиологиялық жағдай әлемде де, елімізде де нашарлап кетті. Сондықтан «сары» және «қызыл аймаққа» ауысқан өңірлерде қосымша шектеу шаралары енгізілді. КВИ жұқтырып ауруханаға түсіп жатқандар төсек орындардың 33 пайызын толтырып отырса, жан сақтау бөліміндегі орынның 20 па­йызы толық.
Елімізде пайда болған тағы бір қауіп – дерттің балалар арасында асқына бастауы. 1 қаңтардан бастап 18 жасқа дейінгі 12862 бала ауырған. Оқушылар арасында ауруды жұқтыруды көбею себебі – 1 наурыздан тек 1-5, 9-11-сынып балаларынан бөлек, басқа да сыныптарға оқуға рұқсат берілгендігі. Мамандар мұны сонымен қатар мектептерде балалардың әлеуметтік байланыстарының арту себебімен түсіндіреді. «Тағы бір зерттеу мәліметіне тоқталғым келеді, «британдық» штамм жастарға қатты әсер етеді. Яғни жастар бастапқы коронавирусқа қарағанда аталған штаммен жиі ауырады» дейді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова.
Профилактикалық медицина академиясының сарапшысы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, коронавирус инфекциясының жаңа штамдарының таралуын тоқтату үшін ұжымдық иммунитет 80 пайызға жету керек. Ол үшін Қазақстан кем дегенде 11 млн азаматты вакцинациялау қажет. Бүгінде вакцинаның 1 компонентін қабылдағандардың жалпы саны 134841 адам болса, 2 компонентін қабылдағандардың жалпы саны 38588 адамға жетті. Әлемде екі жүзден астам вакцина клиникаға дейінгі немесе клиникалық зерттеулерден өтуде. Вакцинаның енгізілген дозаларының жалпы саны бойынша алғашқы бестікке: АҚШ (124,48 млн доза), Қытай (74,96 млн), Ұлыбритания (29,86 млн), Үндістан (45,07 млн) және Бразилия (13,56 млн) кіреді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × one =