Үздіктерді марапаттады

0 32

Халықаралық театр сыншылары бірлестігі былтыр атқарылған жұмыстың нәтижесін анықтау мақсатында еліміздегі театрлар арасында жүргізілген арнайы сауалнама нәтижесімен бөлісті. Еліміздегі ұлттық, академиялық, мемлекеттік, облыстық, қалалық мәртебесін иеленген 40 өнер ордасы арасындағы сауалнама биыл екінші рет ұйымдастырылды.

Сала мамандары өткен жылы коронавирус пандемиясына қарамастан біраз жұмыс атқарылғанын атап өтті. Жарты жылдан аса жабық тұрған ұжымдардың онлайн жұмысы да, сайт парақшалары да сыншылардың назарында болды. Қырық театр жыл көлемінде 144 жаңа спектакльдің шымылдығын түріп, халықаралық деңгейде 2 онлайн фестиваль өткізген. Қысқасы, театртанушылар «Сыншылар жүлдесімен» бірнеше аталыммен үздіктерді марапаттады.
Соның ішінде «Үздік мерейтойлық қойылым» аталымында Абай атамыздың мерейтойына арналған М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының «Қара» (режиссері Ж.Жұманбай) спектаклі жеңімпаз болды. «Онлайн форматтағы ең белсенді театр» аталымын Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры, Алматы қалалық мемлекеттік қуыршақ театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, республикалық неміс драма театры және Теміртау балалар мен жасөспірімдер театры иеленді. «Үздік сайт» номинация­сында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, «Астана Опера» театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры және Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры қара үзіп шықты. Ал «Үздік режиссер» номинациясын Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Құлагер» қойылымы үшін Фархад Молдағалиев жеңіп алса, «Үздік актер» аталымын Батыс Қазақстан облыстық Х.Бөкеева атындағы драма театрының «Мен» қойылымындағы Мен рөлін сомдаған Ербол Есендосов қанжығасына бөктерді. Сондай-ақ «Жылдың жаңа есімі», «БАҚ пен үздік жұмыс істеген театр», «Үздік сценография», «Үздік актриса», «Үздік балаларға арналған қойылым» аталымдары бойынша да жүлдегерлер анықталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × one =