ҮЗДІКТЕР ҮКІЛЕНДІ

0 112

Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасында көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті.

КӨРКЕМ СӨЗ ШЕБЕРІ, ФОТА

Игі шараның мақсаты – ұлттың асыл қайнары саналған ана тіліміздің мерейін көтеріп, әдебиетімізді дәріптеп, халық арасында танылмай жүрген талантты жастарды насихаттауды көздеген. Байқауға 30-дан астам мемлекеттік қызметшілер ұсыныс білдіргенмен олардың арасынан жеті үміткер суырылып шығып, қалалық сайысқа жолдама алды. Қатысушылар екі жанр бойынша, дәлірек айтқанда проза мен поэзиялық шығармадан үзінділер оқып, бақ сынасты.
Сайыскерлердің өнерін белгілі қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, ҚР халық әртісі Тілектес Мейрамов, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұл секілді белгілі тұлғалар бағалады.
Әрине, сайыс болғаннан кейін оның шарты бар. Мәселен, үміткерлердің өнерін бағалаған қазылар алқасы олардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнері мен тіл тазалығына, көркем дүниені таңдау және сахнада өзін-өзі ұстауына ерекше мән берді.
Қазақ әдебиетінің ғажайып қазыналарын әсерлі күйде көрерменге жеткізіп, тылсым ойларға батырып, тамаша сезімге бөлеген қатысушылардың өнері ешкімді де бейжай қалдырмады. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Денсаулық сақтау басқармасына қарасты № 1 қалалық балалар ауруханасынан келген Жадыра Назарова жеңіп алды. Екінші орынды № 4 қалалық емхананың маманы Айдос Шәріпжанов, үшінші орынды Мәдениет басқармасының қаржы-экономика бөлімінің маманы Нұрлыбек Сейітжапаров иеленді. Барлығы да бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бас жүлде алған үздік көркем сөз оқу шебері республикалық байқауға жолдама алды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + eighteen =