Үздіктер озған үш күн

0 112

Өткен аптаның жұмасында Астана қаласындағы «Сарыарқа» вело­трегінде ерлер мен әйел­дер арасындағы ауыр атлетикадан Азия чемпионатының ашылу салтанаты болып өткендігі өздеріңізге белгілі.

Байрақты бәсекенің шымылдығын түрген шараның әуелей салған әндер мен шаттыққа толы билер шы­райын ашып, шетелдік қонақ­тар ұлттық ән-күйімізге құлақ құры­шын қандырған болатын. Ең бас­тысы, Мемлекеттік әнұранымыз шырқалып, қонақтар тікесінен-тік тұрып, құрмет көрсеткен. Сәлден соң жиылған жұрт елімізде ауыр атлетиканың дамуы 1930 жылдардан бастау алатыны туралы, Қазақстан Кеңес одағының құрамында болған кездегі әйгілі спортшылар және тәуелсіз мемлекеттің туын көкке көтерген толағайларымыз жайлы бейнекөрсетілімді тамашалады.

Жиналғандар алдында сөз сөй­леген ҚР Спорт және дене шы­нық­тыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов: «Әлемде ауыр атлетиканың қарқынды дамып келе жатқаны баршаңызға мәлім. Біздің елімізде де спорттың осы түрі жақсы даму үстінде деп мақтанышпен айта аламыз. Оған Лондонда өткен Олимпиададағы қыздарымыз бен Илья Ильиннің жетістіктері дәлел. Болашақта да жетістіктеріміз жо­ғары болады деп үміттенеміз және сенеміз!» деді.
Одан әрі сөзін жалғаған агенттік төрағасы: «Бұл чемпионат біздің еліміздің және өзге мемлекеттердің өкілдері арасынан көптеген жаңа жұлдыздарды шығаратыны дау­сыз.

Мен осы чемпионатты өткі­зуге қолдау жасағаны үшін Азия ауыр атлетика федерациясына айрықша ризашылығымды біл­діре­мін. Бұл додаға қатысуға келген спорт­шы­ларға да алғыс айтамын» деді.

Азия біріншілігіндегі алғашқы сын

Құрлықтық бәсекенің алғашқы жеңімпаздары 48 келіге дейінгі әйелдер арасында анықталды.

Ең жеңіл салмақта еліміздің аты­нан Галина Мамотова шықты. Ал­ғашқы жаттығуда спортшы 77 келілік зілтемірді көтерді, ал жұлқа көтеруде 90 келіні бағындыра алды. Жалпы қорытындыда оның бағындырған салмағы – 167 келі. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш оны жүлделі орыннан көрсете алмады.
Бұл сында Солтүстік Кореяның өкілі Рян Чунь Хва алтыннан алқа тағынса, индонезиялық Сирл Шагуани екінші орынды иеленді. Қола жүлде вьетнамдық Хуан До Хуайға бұйырды.

Жан жұбатар жалғыз күміс

21 елден 150 ауыр атлетші бақ сынап жатқан Азия чемпионатының алғашқы күні өнер көрсеткен қазақ ауыр атлетшілерінің нәтижелері көңіл көншітпеді. 62 келіде сынға түскен Фархат Харки күміске қол жеткізбегенде, алғашқы күн қорытындысы бойынша қан­жыға­мыз бос қалғандай екен. Абы­рой болғанда Фархад жұлқа көтеруде 138 келіні еңсеріп, серпе көтеруде 165 келіні бағындырды. Бұл сал­мақта бірінші орын қытайлық спортшы Ким Уу Гукке бұйырды.
Алтын алмаса да жүлдеге ілінеді деген Арли Чонтей үмітті ақтамады. Ол серпе көтеруде 115 келіні ал­ғанымен, жұлқа көтеруде 135 келіні бағындыра алмады.
Қыздар арасында бақ сынаған тағы бір спортшымыз Маргарита Елисеева 53 келі салмақта төртінші орын алды. Ол жалпы есепте 183 келілік зілтемірді көтерді.

Екінші күні жүлде бұйырмады

Азия чемпионатының екінші күні Павлов та, Балхаев та жүлдеге ілінбеді. Әйелдер арасында сынға түскен Карина Горичева да жақсы нәтижеге қол жеткізбеді.
Азия чемпионатында 77 келі сал­мақта сынға түскен Кирилл Пав­­лов төртінші орын алды. Қос сайыстың қорытындысы бойынша ол 346 келіні көтерді. Бұл салмақта алтынды ирандық ауыр атлетші Расул Такхия­ни алса (366 кг), күмісті қытайлық спортшы Жанг Гоушин (356кг) еншіледі. Қола жүлдені Солтүстік Корея елінің азаматы Еим Кванг Сонг иеленді.

63 келіге дейінгі әйелдер арасын­дағы бәсекеде Карина Горичева Азия чемпионатында соңғы орынға орнықты. Бірінші орынды Лин Зу Чи, екінші орынды солтүстік кореялық Чо Пок Хуанг алса, үздік үштікті қытайлық спортшы Ву Лиянг түйіндеді.

Ал, ерлер арасындағы 63 келі салмақта Әлібек Балхаев жетінші орыннан көрінді. Бұл салмақта он бір ауыр атлетші сынға түсіп, ирандық ауыр атлетші Жабер Берузи алтын алқалады. Ал күмісті индонезиялық Ариан Кетуту қанжығалап, қоланы Панк Чиер Хунгу иеленді.

Қолаға қол жеткізді

Доданың үшінші күні әйелдер арасындағы 69 келі салмақта Қа­зақстан намысын Гүлнәз Науры­зова қорғады. Қазақстанның чемпионы жалпы есепте 218 келілік зілтемірді көтеріп, бесінші орынға орнықты. Бірінші және екінші орынды солтүстік кореялықтар Рио Ун Ху мен Рим Ен Сим алды. Үшінші дәрежеден қытайлық Ю Юн көрінді.

Ерлер арасында 85 келі салмақта сынға түскен Евгений Евстафьев пен Ербол Мейірмановтарға да ел үміт артқан болатын. Евгений жалпы есепте 341 келілік зілтемірді ба­ғындырып, Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленді. Ал Ербол, өкінішке қарай, биіктен көріне алмады. Бұл салмақта бірінші орынды Иран ауыр атлетшісі Сураб Моради алса (358 кг), екінші орыннан ирак спортшысы Әл-Джумаили Сафа (351 кг) көрінді.

Азия біріншілігі бүгін аяқталады.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × four =