Үздік үлгі, өрелі өнеге

0 36

Былтыр жыл соңында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші, өнер зерттеуші Серік Оспановтың «Сәкен Сейфуллин – ұлт руханиятының көшбасшысы» атты кітабы жарық көрді. Еңбек тұғырлы тұлғаның 125 жылдық мерейтойына арналды. Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені қолдауымен өнер зерттеушімен онлайн кездесуде осы еңбек таныстырылды.Елбасының Сәкен Сейфуллин туралы мынандай сөздері бар: «Сәкен – өлеңнен өрнек өрген ақын, қара сөздің сиқырын игерген прозашы. Сәкен – тыңдаған жанның жүрегін тербемей қоймайтын сырлы да сазды әндер шығарған талантты композитор. Сәкен – біздің ұлттық мақтанышымыз, ел үшін еңіреген ер, қайтпас күрес­кер. Рас, Сәкен өз заманының саясатына қызмет етті. Ол сол кездегі жаңа құрылған қоғамның болашағына сенім артты. Бірақ ол ұлтына деген сенім болатын. Егер ол тірі болса, бүгін сөз жоқ өзіне тән өткірлік пен от пен судан қорықпайтын батырлықпен тек қана халық мүддесі жағында тұрар еді. Егемен ел атанып, тәуелсіздік туын тіккен Қазақ еліне Сәкеннің үздік үлгісі, өрелі өнегесі өте керек». Кездесуді осы сөздерді жаңғыртудан бастаған Серік Оспанов кешегі Ақмолада, бүгінгі елордада 1988 жылы Сәкен Сейфуллин мұража­йын ұйымдастырудан бастап сәкентану бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Бұдан бұрын өнер зерт­теу­шінің «Сәкен Сейфулиннің музыкалық мұрасы» атты кітабы шыққан. Бұл еңбектің жазылуына көрнекті ғалым, жазушы, этнограф Ақселеу Сейдімбек түрткі болды. Ал «Сәкен Сейфуллин – ұлт руханиятының көшбасшысы» кітабы – алдындағы еңбектің толықтырылған нұсқасы.
– Қазіргі зерттеушілер көбінесе біржақты кетіп жатады. Мәселен, Алашты зерттегендер әсіре алаш­шыл, совет жазушыларын зерттейтіндер советшіл болып кетті. Сөйтіп, бір жағымыз – «қызыл», екінші жағымыз алашшыл болып жүрміз. Сол себептен сын-пікір көп айтылса да, оның дұрыс-бұрысы белгісіз. Сәкенді зерттеу үшін Омбы архивіне барып, біраз деректі ақтардық. Тарихшылар мен әдебиетшілердің көбісінің бұл архивке аяғы баспаған. Кезінде тарихшы, архивтанушы Марат Әбсеметовтің орыс тілінде жарық көрген «Сакен Сейфуллин – председатель Совнаркома» кітабында сол архив деректері молынан қамтылған. Сол кездегі Қазақстанның алғашқы бес жылдығы «Орынбор кезеңі» деп аталады. Алғашқы астанамыз Орынборда 1920-1925 жылдар арасында үлкен істер жасалды. Біз сол кітап пен Омбыдағы архив деректерін пайдаланып, Құдай қосқан қосағым, әдебиеттанушы ғалым Назгүл Ібікенқызымен бірге еңбегімізді жазып шықтық, – дейді С.Оспанов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =