ҮЗДІК ТАУАРЛАР ТАҢДАЛАДЫ

0 155

74e2cc2ca4432a8a8921842622d

2-3 шілде күндері Конгресс-холда «Астананың үздік тауары – 2014» байқау-көрмесі өткізіледі. Осы жөнінде Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Вера Григорьевамен тілдескен едік.

– Вера Владимировна, жыл сайын өткізілетін «Астананың үздік тауары – 2014» аймақтық байқау-көрмесінің мақсат-міндеті қандай?

– Бұл байқау-көрменің мақсаты – отандық өнімнің сапасы мен кә­сіпкерлердің белсенділігін арттырып, қазақстандық нарықты жоғары сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім­мен қамтамасыз ету. Үздіктерді анықтайтын конкурс кәсіпорындар арасында сапа менеджментін дамытуға да ықпал етеді. Бүгінде Астана экономикасының 60 пайызын орта және шағын кәсіпкерлік құрап отыр. Сондықтан олардың ішінде қызметін белсенді жүргізіп, жұртшылықтың көңілінен шығып отырғандары баршылық. Байқауда сол үздіктер үзеңгі қағыстырып, ең жақсы өнімін ұсынатын болады.

– Сонда байқау-конкурс қан­дай аталымдар бойынша өтеді?

– Елорданың кәсіпкер-өндірушілер «Үздік өндірістік тауар», «Тұрғындарға арналған үздік тауар», «Үздік азық-түліктік
тауар» аталымдары бойынша сайысқа түседі. Бір ескерерлігі, байқауға ұсынылған тауарлар сапасына, сертификатталу өлшемдеріне және ең бастысы тұтынушылардың пікіріне қарай бағаланатын болады.

– Байқау-конкурста жеңімпаз болғандарға кәсібін дамытуға қандай да бір басымдықтар беріле ме?

– Әрине. Үздіктер бағалы сыйлықтармен марапатталумен қатар республикалық деңгейде өтетін үздік тауарлар конкурсына қатысуға жолдама алады. Әрі кәсібін дамытуға гранттар алу сынды мемлекеттік қолдауларға ие болды.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − five =