ҮЗДІК ТАУАР АНЫҚТАЛДЫ

0 85

Елорда нарығының үздігі атағынан үміткер астаналық кәсіпорындар кеше төл тауарларын таныстырылымға шығарды.Конгресс-холл сарайында өткен «Астананың үздік тауары – 2012» көрме-байқауын алдымен қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов аралап көрді.

Дәстүрлі шараның мақсаты – отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Көрмеге ұзын-саны елуге жуық өнеркәсіптік тауарлары қойылды. Арасында құрылыс жабдықтары, жеңіл өнеркәсіп бұйымдары, азық-түлік өнімдері, тұрмыстық дүниелер бар.

Байқауға қатысудың өзіндік қағидасы бар. Алдымен, тауардың түрін, түсін, экологиялық жағынан таза екенін дәлелдейтін сертификаты болуы міндетті. Халықтың сұранысына ие өнім болса, тіпті жақсы. Бағасының көңілге қонымды болғаны да маңызды.

Тауардың осы талаптарға қаншалықты сай келетінін анықтайтын комиссияның құрамы да осал емес. Мемлекеттік орган қызметкерлері, стандарттау және сертификаттау саласы өкілдері, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мекемесінің мамандары және сауда палатасының мүшелері бар.

Байқау соңында комиссия үш аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша құрылыс саласына тас төсеме түрлерін шығарумен айналысатын «Тас кілем» ЖШС жүзден жүйрік шықты. «Үздік азық-түлік тауарлары» атауын ет, шұжық өнімдерін шығаратын «Апрель» ЖШС жең іп алды. Ал, «Халықтұтынатын үздік тауар» деп қазақы нақыштағы үй жабдықтарын тігетін «Алтын орда» ЖШС танылды.

Сонымен қатар, төрт ұжымға, нақтырақ айтсақ, «Амитех» ЖШС, «Стальцинк» ЖШС, «Экотон+» АҚ және «Kazakhstan Rubber Recycling» ЖШС-на «Жылдың ең үздік өндіріс орындары» деген марапат бұйырды.

Байқаудың үздік тауарлары енді республикалық «Алтын сапа» байқауына қатыстырылатын болады.

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − five =