Үздік бизнес-идеяларға – қайтарымсыз қаражат

0 55

Нұр-Сұлтан қаласында бизнес-идеяларға арналған гранттарды бөлу конкурсы 3 тамызда басталады. Оған қатысу үшін үміткер uir-astana.kz веб-сайтына құжаттармен қоса өтінімін де беруі қажет.Мемлекет «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша өз ісін ашуға талап еткен жандар үшін гранттар бөлу конкурсын жариялады. Оған кәсібін жаңа бастағандар, жас кәсіпкерлер, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар және 50 жастан асқан адамдар қатыса алады. Сынақтан мүдірмей өткендерге 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз қаражат беріледі. Бағдарлама шарттарына сәйкес, үміткер конкурс­қа тек бір бизнес-жобасы бойынша ғана қатыса алады. Сондай-ақ кәсіпкердің, оның бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүлкінің берілетін мемлекеттік гранттың 10 пайызын қаржыландыруға қабілеттілігі расталуы шарт. Тек мұндай талап халықтың әлеуметтiк осал топтары үшін ғана міндетті емес. Тағы бір шарт – жаңа жұмыс орындарын құру. Кәсіпкердің бизнес-жобасында инфрақұрылымның болуы және/немесе инфрақұрылым құруы ескерілуі тиіс.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын келесідей мақсаттар үшін пайдаланады: тауарларды шығаруға немесе қызметтерді көрсетуге қажетті негізгі құралдарды, шикізатты және материалды сатып алу; материалдық емес активтерді сатып алу; технологияларды сатып алу; кешендi кәсiпкерлiк лицензия (франчайзинг) құқықтарын сатып алу; зерттеу жұмыстарымен және/немесе жаңа технологияларды енгізумен байланысты шығыстар.
Мемлекеттік грантқа жыл­жымайтын мүлікті немесе жер учаскесін сатып алуға, жалдауға, үлестес компания­лардан активтерді, құралдар сатып алуға, бұрын қолданыста болған негізгі жабдықтарды сатып алуға тыйым салынған.
– Кәсіпкердің жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражаты жеке тұлғаның кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелген контрагент шотына қолма-қол жасалмайтын төлем арқылы жүзеге асырылады, – деді Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев.
Бір айта кетерлігі, қайта ұйымдастыру, тарату немесе банкроттық сатысындағы, сондай-ақ қызметі қолданыс­тағы заңнамаға сәйкес тоқтатылған кәсіпкерлерге гранттар берілмейді. Сондай-ақ салықтар мен мемлекеттік бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі барлар, қызметінің негізгі түрі жылжымайтын мүлікті жалға беру болып табылатын тұлғалар және мемлекеттік грант алуға өтініш берген кезде оның 10 пайызы бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүлікпен қаржыландыру қабілеттілігі расталмаған кәсіпкерлер де грант ала алмайды. Өтінімдерді қабылдау басталғаны туралы хабарландыру, сондай-ақ шарттар мен құжаттар тізімі Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің astana.gov.kz ресми сайтында, «Бизнес және кәсіпкерлік» жаңалықтар бөлімінде жарияланады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 5 =