Үздік бапкер қалай таңдалады?

0 121

Жақында Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің бастамасымен «Алтын самғау-2019» ұлттық спорт сыйлығының иегерлері аталды. Жыл бойы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, жоғары жетістікке жеткен спортшылар мен бапкерлерге құрмет көрсетілді.Үздіктер 10 номинация бойынша іріктеліп, лауреаттар awards.olimpic.kz сайтында дауыс беру арқылы таңдалған. Демек, дауыс беруге баршаға бірдей мүмкіндік берілген. Жалпы айтқанда, үздіктер түгелдей дұрыс таңдалды деуге негіз бар.
Дегенмен бір номинацияда екіұдай пікір туындағанын айтқымыз келеді. Мәселен, «Жазғы спорт түрлері бойынша үздік бапкер» сыйлығына еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев ла­йықты деп табылыпты. Біле білсек, биылғы өткен олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионаттарына (2019 жылы 38 әлем чемпионаты өтті) қатысқан спортшыларымыздың арасынан бір-ақ спортшымыз әлем чемпионы атағын жеңіп алыпты. Ол – боксшы Бекзат Нұрдәулетов! Сондай-ақ бокстан ұлттық құрама жақсы нәтиже көрсеткені (1 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль) белгілі. Міне, осы тұста әлем чемпионын дайындаған спортшының бапкері неге үздік болмады деген ой туындаған еді.
Ал енді күреске келетін болсақ, елордамыз­да өткен әлем чемпионатында күрес түрлері бойынша 30 салмақта әлем чемпионы атақтары сарапқа салынды. Жақсы, жүлде алдық, лицензия алдық. Шынымызды айтсақ, қуанғанымызбен, ішімізде бір өкініштің қалғанын несіне жасырайық? Сөздің тоқетері – алтын болмады, әлем чемпионы шықпады. Сол баяғы Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Бақтияр Байсейітовтің алтындарын еске алудан аса алмадық. Шыны керек, күрес түрлерінен әлем чемпионы атағын соңғы рет осыдан 26 жыл бұрын Мхитар ­Манукян жеңіп алған екен.
Ойды ой қозғайды. Үздік спортшы мен үздік бапкер қалай таңдалады? Негізі, бұл шешімді ұлттық спорт федерацияларының басшылары, ұлттық құрамалардың бас бапкерлері, спорттық командалардың капитандары, сонымен қатар спорт журналистері жасаған жөн болар еді деп ойлаймыз. Ал бір сайт арқылы үздікті таңдау дұрыс емес секілді. Өйткені сайттың мәліметін түзететін, көбейтетін, азайтатын, яғни «құлағын бұрайтын» мүмкіндігі болады. Осы жерде күдік те, күмән де болуын ескерген жөн сияқты.
«Үздік спортшы» немесе «Үздік бапкер» сыйлықтары әлем чемпионы болған спортшыға немесе әлем чемпионын дайындаған бапкерге берілмесе, онда мұндай сыйлықтарды белгілі бір сайттың үздігі деп атағанымыз дұрыс болатын шығар. Келешекте осындай жағдайлар ескерілсе екен дейміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + sixteen =